Accessibility links

Сирия мен Иракта 250 тәжік баласы жүр


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Сирия мен Ирактағы шайқас болып жатқан аймақтарда 250-ден аса тәжік баласы жүр. Билік оларды әке-шешесімен бірге елге қайтаруға күш салып жатыр.

Азаттықтың Тәжік қызметіне (Озоди) мәлім болған Тәжікстанның БҰҰ-на жолдаған есебінде, қазіргі кезде Сирия мен Иракта және өзге жанжал аймақтарында тәжікстандық 234 отбасы немесе 840 адам жүр деп көрсетілген. Олардың 309-ы ер адам, 279-ы - әйел, ересектермен бірге 110 қыз және 142 ұл балалар бар.

Бұған қоса, әлгі есепте кейінгі екі жыл ішінде, яғни 2015-2017 жылдары Тәжікстан билігіне соғыс болып жатқан аймақтардан 19 отбасын немесе 61 адамды алып шығудың сәті түскені айтылған. Олардың ішінде 21 қыз бала, 20 ұл бала бар деп көрсетілген. Душанбе Сирия мен Иракта жүрген отандастарын елге қайтаруға күш салып жатыр.

Биылғы жылдың басында Тәжікстанның балалар омбудсмені Раджабмо Бадриддинова Таяу Шығысқа ондаған тәжік отбасының бала-шағасымен бірге аттанғаны, қолда бар деректерге сәйкес, ол жаққа 206 бала мен жасөспірім кеткені туралы хабарлаған болатын.

Билікке «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының бақылауындағы территорияларда жүрген балалар жайлы әлдебір ақпарат табу өте қиын болғандықтан, олардың тағдыры белгісіз қалып отыр.

"Ислам мемлекеті" экстремистік тобының пропагандалық видеосында көрсетілген ықтимал қазақ балалары.
"Ислам мемлекеті" экстремистік тобының пропагандалық видеосында көрсетілген ықтимал қазақ балалары.

Тәжікстан заңнамасында балаларды соғыс болып жатқан аймақтарға әкеткені үшін дербес жаза түрлері қарастырылмаған, әдетте ондай адамдарды қылмыстық кодекстің 401-бабы (жалдану) бойынша жауапқа тартады.

Биылғы мамыр айында Рудаки аудандық соты Сирияға бүкіл отбасымен кетпек болған 2, 6 және 9 жастағы кішкентай үш баланың әке-шешесіне түрме жазасын кескен. Иран құқық органдары Захидан провинциясында ұсталған 33 жастағы Абулфайз Вазиров пен 32 жастағы Мохира Салимованы туған елі Тәжікстанға экстрадициялаған.

Қазіргі кезде Сирияда жүрген балалардың туыстары олардың тағдырынан мүлде бейхабар. Ертеректе Далолиддин ауданының 58 жастағы тұрғыны Балхи Бибиноз Абдурахманова үш немересі - 9 жастағы Хаитггүл, 7 жасар Оиша мен 4 жасар Абдуллоджонды «енді түсімде ғана көретін шығармын» деп мұңын шаққан. 2014 жылы Сирияға ата-анасы бірге алып кеткен ол балалардан содан бері хабар жоқ.

Тәжікстандағы Кубодиён ауданы тұрғыны Шариф Ширбеков.
Тәжікстандағы Кубодиён ауданы тұрғыны Шариф Ширбеков.

2014-2015 жылдары Тәжікстанның оңтүстік-батысындағы Кубодиён ауданының 60 жастағы тұрғыны Шариф Ширбековтің отбасының сегіз мүшесі Сирияға кеткен. Олардың арасында отағасының үш ұлы, төрт немересі және бір келіні бар. Шариф Ширбеков балалары мен немерелерінің өлі не тірі екенін білмейді, олар елде қалған туыс-туғандарымен мүлде хабарласпайды.

Тәжікстан билігі балалардың құқығын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды соғыс жүріп жатқан аймақтарға әкетудің жолын кесу үшін тиісті шаралар қолданып жатқанын айтады.

Әділет министрлігінің дерегінше, сондай шаралардың бірі – қылмыстық заңдарға түзетулер енгізу және шайқас жүріп жатқан аймақтардан еліне өз еркімен оралғандарды жауапкершіліктен босату.

2015 жылдан қазіргі кезге дейін Тәжікстанның жүздеген азаматы «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қосылу мақсатымен Таяу Шығыс елдеріне аттанған. Олардың кемінде 300-і жат жерде қаза тапқан.

(Азаттықтың Тәжік қызметінің мақаласы.)

XS
SM
MD
LG