Accessibility links

ИМ тәжік жесірінің балаларын өзінде қалдырмақ


Жесір қалды делінген Гулру Олимованың анасы Майрамби Олимова. Куляб, 9 ақпан 2015 жыл.
Жесір қалды делінген Гулру Олимованың анасы Майрамби Олимова. Куляб, 9 ақпан 2015 жыл.

Гулру Олимованың жұбайы Лоик «Ислам мемлекеті» (ИМ) ұйымы қатарында соғысып жүріп, қаза тапты. 25 жастағы тәжік әйелі жұбайының қазасынан соң еліне қайтуға шешім қабылдайды.

Ол өздері тұрып жатқан Алеппо қаласындағы әмірден (командир) Тәжікстанға оралуға рұқсат сұрайды. ИМ командирі бір шартпен босататынын айтады. Оның шарты бойынша Гулру үш баласын: жеті жасар Фатиманы, төрт жасар Ахмад пен алты айлық Румайсоны «ИМ иелігі ретінде» тастап кетуге тиіс екен.

"РЕСЕЙДЕ РАДИКАЛДАР ШЫРМАУЫНА ТҮСТІ"

Гулрудің Тәжікстанда қалған 65 жасар анасы Майрамби Олимова қатты қапалы. Ол қызының балаларын Сирияда қалдырмайтынын біледі. Ол Гулрудің Сирияға кеткенін естігеннен бері қызын елге шақырумен болды.

Тіпті ақпан айында кейуана ИМ басшысы Әбу Бакр әл-Бағдадиге жалынып, бейне баян арқылы үндеу жасап, қызын қайтаруын өтінді. Бұның бәрі - Лоик қаза тапқанға дейін болған жағдай. Олимова Азаттықтың тәжік қызметіне қызының бірде үйіне хабарласып, «Лоиктың шахид болғанын айтты» деді. ИМ соғыста өлгендердің бәрін «шахид» деп атайды.

«Қызым маған Лоик шахид болды деді. Оның шахид болғанына сенуге бола ма? Өзі кетті, артында үш баласы мен жүкті әйелі қалды. Оларға қауіп төніп тұр» деді мамырдың 11-і күні Олимова. Гулру үйіне үш мәрте қоңырау шалған, сосын анасына төрт ай бойы хабарласа алмайтынын, «шахид» ерін шариғат бойынша аза тұтатынын айтқан.

«Ол отанына үш баласымен бірге қайтуға көмектесуді сұрады, оларды тастап кетпейді» дейді әйел. Гулру анасына қазір түрік шекарасына жақын жерде, Алеппо провинциясында үш қабатты үйде тұратынын айтқан.

Гулру Олиманың құжат көшірмесіндегі суреті.
Гулру Олиманың құжат көшірмесіндегі суреті.

Гулру Олимова Тәжікстанның оңтүстік-батысындағы Куляб қаласында өмірге келді. Бала кезінде ол мейірбике немесе дәрігер болуды армандады. Бұл жайында ресейлік Медуза сайты жазады. Бірақ Гулру 16 жасқа толғанда анасы «жергілікті есірткі сатушы» деп сипаттаған Лоик Раджабовты жолықтырады.

Лоиктың үйлену туралы ұсынысын қыз да, анасы да қабылдамайды. Бірақ Лоиктың қорқытып, қызды тұрмысқа шығуға мәжбүрлегені айтылады.

Лоик Мәскеуге жиі барып тұратын, сол жақта әсіредіншілдердің қармағына түссе керек. Бір сапарында ол үйіне ИМ-нің қара туын алып келеді. 2014 жылдың қыркүйегінде Лоик балалары мен әйелін Мәскеуге алып кетеді. Сонда қала шетінде құрылысқа жалдандым деп сендіреді.

Бірақ олар Мәскеуге көп тұрақтамайды. Азаттықтың Тәжік қызметінің дерегіне сай, олар қарашада Сирияға аттанған. Кейбір деректер оның 25 жауынгермен бірге кеткенін, олардың арасында опат болған басқа тәжіктердің бар екенін жазады.

"ҚАЛАЙ ҚАЗА ТАПҚАНЫ БЕЛГІСІЗ"

Олимова қызы мен күйеу баласының Сирияда екенін қаңтар айында, Лоик хабарласқан кезде біледі. Күйеу баласы отбасын Сирияға әкеткенін айтып, Майрамби Олимовадан тыныштық сақтауды талап етеді. Бірақ сәуір айында әйел өзі 31 жыл бойы кеңсе тазалаушы болып істеген Тәжікстанның қауіпсіздік комитетіне барып, Лоик жайлы баяндайды.

Медуза сайтына берген сұхбатында әйел «Лоикты осында алып келіңдерші, басына 10 литр газ құйып, өртеп жіберейін» дегенін айтады. Сәуірдің басында Гулру анасына хабарласып, Алеппоның сыртындағы көп пәтерлі үйге көшкендерін айтқанда Лоик тірі болатын.

Оның сөзінше, көшу үшін ИМ оларға 30 мың доллар берген. Әр балаға ай сайын 35 доллар төлепті. Жаңа жерде теледидар, тоңазытқыш, тіпті кілем бар екен. «Ең жақсысы, Лоик соғысқа қатыспайды» депті қызы анасына.

Кезекті ұрыстан кейін сыртқа шыққан Алеппо тұрғындары. (Көрнекі сурет).
Кезекті ұрыстан кейін сыртқа шыққан Алеппо тұрғындары. (Көрнекі сурет).

Гулрудің сөзінше, Лоик күзетші міндетін атқарып, көліктерді тоқтатып, оларда шылым мен алкогольдің бар-жоғын тексереді екен. Белгілі болғандай, тәжік әскерилері Иракта «жол күзету» қызметін атқарады. Қаңтардағы бейне баянда Әбу Умарян деген атпен шыққан адам да адамдарды шылым мен ішімдікке тексеретінін, әйелдердің хиджаб киюін қадағалайтынын айтқан еді.

Сирияға барғанға дейін Лоиктың әскери тәжірибесі болмаған. ИМ шығарған нұсқаулық бойынша жаңадан қосылғандар жаттығу лагерінде дайындықтан өтеді екен. Бірақ Лоиктың ондай лагерьде болғаны жайлы еш дерек жоқ.

Солайша күзетте қызмет етіп жүрген Лоик аяқ астынан соғысқа аттанып, қаза табады. Оның нақты қайда, қалай опат болғаны анықталмады. Соңғы апталарда Орталық Азия мен орыстілді әскерилер қатысқан ұрыстар туралы бірнеше ақпарат түсті.

СИРИЯ МЕН ИРАКТАҒЫ ТӘЖІКТЕР

Мүмкін Лоик Ирактағы Байжи ұрысы кезінде өлген шығар. Әлеуметтік желі дерегіне сенсек, ИМ мемлекеті ол жерге көп әскер жіберген, олардың ішінде тәжірибесі аздар да болған. Сол жерде екі шешен әскериінің көз жұмғаны белгілі. Сондай-ақ, сәуірдің соңында орыстілді әскерилердің Ирактың Анвар провинциясында соғысып, опат болғандары анықталған.

Осы аптада солтүстік кавказдық ИМ жауынгерлері жариялаған бейне баянда орыстілді әскерилердің Ирактың батысындағы Тартар көлі маңындағы ұрысқа дайындалып, «опат болғанша шайқасуға» уәделескендері бейнеленген. Бұл ұрыс сәуірдің 25-і күні өтті.

ИМ өлген сарбаздың орнына балаларын алып қалатын жағдай бірінші рет болып отыр.

Кулябта Лоиктың қазасы жайлы ешкім ештеңе білмейді. Оның әкесі Шерафган Раджабов ұлының қазасы жайлы келінінен естігенен жеткізді. Ал Кулябтағы құқық қызметкерлері Лоик туралы отбасынан естіген. Нақты ресми дерек жоқ.

Құқық қорғаушылар Лоиктың әкесінің үйінен ИМ-нің қара туын тапқандарын айтады. Туыстары кетер алдында Лоик өзі іліп кетті дейді. Гулруге дейін де ИМ басшылығы опат болған мүшелерінің отбасын елге қайтаруға тыйым салған жағдайлар болған.

2013 жылы Сириядағы әскери командир Умар әл-Шишани күйеуі қаза тапқан шешен әйелдің еліне қайтуына тыйым салған еді. Бірақ ол кезде әкесі талап етсе де, қызы өзі қайтудан бас тартқан болатын. Ал ИМ өлген сарбаздың орнына балаларын алып қалатын жағдай бірінші рет болып отыр.

Сирияда қанша тәжіктің соғысып жүргені жайлы нақты дерек жоқ. Ресми дерек бойынша 300 адам делінсе, олардың 60-ы қаза тапқан. Ұлыбританиядағы Эксетер университетінің сарапшысы Эдвард Лемон өз тізімінде 102 тәжіктің бар екенін айтады. Бірақ сарапшы олардың нақты саны бұдан да көп дейді.

Мысалы, бұл тізімде ОМОН командирі Гулмород Халимов жоқ. Ресми расталмаған дерек бойынша ол Сирияда соғысу үшін өзімен 10 тәжікті ертіп кеткен. Тәжікстанда 40 адамға қарсы қылмыстық іс қозғалған. Солардың арасында Лоик та бар. Олар шетелде соғысты деп айыпталады.

Йоанна Паражчуктың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG