Accessibility links

ИМ тарапынан Орталық Азияға қауіп ұлғая түсті


"Ислам мемлекеті" тобы жариялаған видеодан скриншот. Ондағы адамдар - Тәжікстаннан барғандар деп сипатталады.
"Ислам мемлекеті" тобы жариялаған видеодан скриншот. Ондағы адамдар - Тәжікстаннан барғандар деп сипатталады.

Халықаралық дағдарыс тобы есебінде "Ислам мемлекеті" тобында жүрген Орталық Азия елдері азаматтары тарапынан қауіп-қатер барын ескертеді.

Халықаралық дағдарыс тобының (International Crisis Group - ICG) қаңтардың 20-сы күні жариялаған «Сирия шақырады: Орталық Азиядағы радикалдану» атты 16 беттік жаңа есебінде Орталық Азия елдерінің үкіметтері «азаматтарының «Ислам мемлекеті» (ИМ) тобына қосылу себебін анықтауға айтарлықтай күш салмай» отырғаны айтылған. Ұйым есебінде аймақтағы әсіредіншілдіктің асқынуы мен оның саяси-әлеуметтік себебі талқыланған.

ҮГІТКЕ СЕНІП БАРҒАНДАР

ICG Орталық Азия жобасының директоры Дейдра Тайнан содырларға көршілес Ауғанстан мен Пәкістан азаматтарын үгіттегеннен көрі Орталық Азиядан әскер шақырған оңайға түсіп жатқанын айтады.

«Бұл аймақтың халқы саяси және әлеуметтік өзгерістерге зәру тәрізді. Бай немесе кедей, білімді немесе сауатсыз, жас пен кәрі, ер немесе әйел деген сияқты ИМ тобын қолдаушыларды бір санатқа топтастыра алмаймыз» дейді Тайнан.

Ұйым есебінде Орталық Азиядан ИМ қатарында соғысуға немесе оған қолдау танытуға кеткен, әсіредіншілдердің қақпанына түскен ерлер мен әйелдер саны екі мыңнан төрт мыңға дейін жетеді деп көрсетілген. Олардың басым бөлігі - этникалық өзбектер (оның ішінде Өзбекстан азаматтары да бар), 2500 жуығы Қырғызстанның Ошынан барғандар. ИМ тобында қырғыз, қазақ және түрікмендер мен тәжіктер де бар дейді ICG.

ИМ тобы бақылайтын аймақта әскери дайындықтан өтіп жатқан «қазақ балалар» туралы видеодан скриншот.
ИМ тобы бақылайтын аймақта әскери дайындықтан өтіп жатқан «қазақ балалар» туралы видеодан скриншот.

Құжат авторлары экстремистердің сөзіне иланған орталық азиялықтарды бір санатқа топтастыру қиын десе де, оларға ортақ бір сипат - «әлеуметтік және саяси жағдайлардан шаршау» екені айтылған.

ИМ соны ұтымды пайдаланып отыр деген авторлар Талибан мен Өзбекстанның ислам қозғалысы сияқты жиһадшыл топтарға қосылмаған адамдардың ИМ қатарына барғанын мысалға келтірген. «Олар ИМ жаңа, жоғарыдан реттелген саяси тәртіп құрады деп сенді» дейді олар. ICG пікірлескен Қырғызстанның оңтүстігіндегі бір имам «ИМ әмбебап мақсатты көздейді, отарлаушы емес» деген.

Есепте Орталық Азия елдерінің үкіметтері ИМ тобын қоғамды жікке бөлетін күш деп қарамай отырғаны айтылған. «Онда 17 жасар шаштараз да, табысқа жеткен кәсіпкер де, ері тастап кеткен әйелдер мен халифатта балаларымыздың болашағы жақсы болады деп сенген отбасылар, жастар, мектептен шығарылғандар мен студенттер бар. Олардың бәрі ИМ – постсоветтік өміріме мағыналы балама бола алады деп сенеді. Кейбіреулер соғысу үшін, енді бірі өмірін жеңілдету үшін келген» делінген құжатта.

Авторлар Орталық Азия тұрғындары ИМ сапына біреудің айтуымен сеніп баратынын, ең күшті насихат құралы – біреудің үгіті екенін айтады. Отбасының бір мүшесі ИМ аумағына өтсе, қалғандары соның соңынан ереді.

Аймақ тұрғындарын радикалдандырудың басқа да жолдары бар. Кейбіреулер Түркияда жүргенде әсіредіншілдердің уағызына ерсе, енді бірі Ресейде жұмыс істеп жүріп (көбінесе заңсыз) қармаққа түскен, басқалар Египет, Сауд Арабиясы, Бангладеш сияқты елдердегі діни оқу орындарында оқып жүріп көзқарастарын өзгерткен. Орталық Азиядан Сирияға Түркия арқылы барғандар көп.

СИРИЯҒА КЕТУ СЕБЕПТЕРІ

Орталық Азия азаматтарының туған елдерін тастап, Сириядағы ұйымға қосылуына не себеп болды? Есеп авторлары оның басты себебі – жиһад тұжырымына илану дейді. Сонымен бірге мемлекет тарапынан діни немесе этникалық қысым көру (әсіресе, Қырғызстанның оңтүстігіндегі жағдай), мемлекеттік білім мен діни білімнің нашарлығы сияқты жағдайлар да әсер еткен.

ИМ қатарына қосылған әйелдер өздеріне әсер еткен себептерді айтқан. Сұхбат берген бір әйел ері мен достарының ислам дініне қарсы шыққанын мәлімдеген. «Достарым олармен ары қарай бірге тұрғысы келмеді». Басқа бір әйел, үш баланың анасы ИМ тобы «дін» үшін күреседі деп түсінетінін айтты.

Сирияға аттанған қазақстандық жиһадшылар туралы видеодан скриншот.
Сирияға аттанған қазақстандық жиһадшылар туралы видеодан скриншот.

Есеп авторлары ИМ қатарында соғысқан Орталық Азия елдерінің азаматтары отанына оралса қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін екенін ескертеді. ИМ үшін жан беруге даяр содырлардың көбі кері оралмайды, ал еліне қайтқысы келетіндер полициядан қорқады дейді сарапшылар.

ICG ұйымының Еуропа және Орталық Азия бағдарламасы жөніндегі директоры Пол Куинн Джадж әскерилердің еліне қайтуына қатысты қауіптің әлі пісіп-жетілмегенін айта келіп, ел үкіметтері «жиһадшылардан келетін ұзақ мерзімді қауіпті алдын ала болжап, онымен күресу жолын ойластыру керек» дейді. Оның айтуынша, "мәселеге көз жұмып қарау немесе оны шектен тыс әсірелеп көрсетуден еш пайда жоқ".

Отанына оралғандардан келетін қауіпті болжап, қайтып келгендерді сәтті реабилитация жасау үшін аймақтағы елдің үкіметі жаңа бағдарлама жасап, онда Еуропа мен Азия полициясының бұрынғы әсіредіншілдермен жұмыс істеу тәжірибесін ескергені жөн дейді авторлар.

«Орталық Азия құқық қорғау өкілдеріне мемлекеттік құрылымның әлсіздігі мен полицияға сенім жоқтығы кедергі келтіреді» дейді олар. ICG отанына кері оралғандарды қауіпсіздік қызметі өкілдерінің «түсінгісі келмейтінін», сондықтан Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарының Қырғызстанға қарай кететінін айтады.

МӘСЕЛЕНІ ШЕШУГЕ ӘЛІ КЕШ ЕМЕС

Былтыр қарашада ИМ идеологиялық және әскери дайындықтан өтіп жатқан этникалық қазақтар туралы (оның ішінде балалар да бар) видеолар жариялаған.

Қазақстан үкіметі ол бейнекөріністерді таратуға тыйым салып, оны жариялаған сайттарды құлыптады. Қазақстанның тыйымы көршілес Қырғызстанға да ықпал етті, әлгі видеоны көрсеткен Бішкектегі баспасөз құралы да құлыпталды.

Сирияда соғысып жүрген қазақстандық жиһадшылар туралы «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жарияланған видеодан скриншот.
Сирияда соғысып жүрген қазақстандық жиһадшылар туралы «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде жарияланған видеодан скриншот.

Осы айдың басында жас баланың қолынан қаза тапқан адамның қазақ екенін Қазақстан билігі жоққа шығармақ болды. (Бұл видеоны таратуға да тыйым салынды).

«ИМ тобына жауап беру сөз еркіндігіне ғана емес, басқа көптеген еркіндікке қатер төндіреді. Қоғам еркіндігін шектеген үкімет адамдарды байқамай радикалдануға итермелеуі мүмкін. Егер Орталық Азияда сөз бостандығы, ұждан бостандығы болса, діни пікір алуандығына жол берсе, ИМ сияқты ұйымдарға қосылатын жандар аздау болар еді» дейді Тайнан.

Орталық Азияда радикалдану қаупі айтарлықтай болса да, Тайнан мәселені шешуге әлі де кеш емес дейді.

«Тым құрыса қазіргі заңдарын бір қарап шығып, қауіпсіздік стратегиясының қаншалықты тиімді екенін анықтасын. Орталық Азия полиция қызметкерлері өзара ақпарат алмасса, шетелдік әріптестерімен жақсы байланыста болса, видеожазбаларға тыйым салғаннан көрі нәтижесі ұтымды болар еді» дейді ол.

(Иоанна Паражчуктың мақаласын аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG