Accessibility links

ИМ әлеуметтік желідегі тыйымға амал іздеп жатыр


«ВКонтакте» әлеуметтік желісі белгісі. (Көрнекі сурет)
«ВКонтакте» әлеуметтік желісі белгісі. (Көрнекі сурет)

Ресей билігі «Ислам мемлекеті» (ИМ) ұйымының «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі аккаунттарына тыйым салған. Бірнеше ай өткен соң ұйымның орыстілді содырлары мен жақтастары сайтта үлкен топ құрып алды.

Былтыр қазан айында Ресейдің бас прокуроры «ВКонтакте» желісіндегі ИМ аккаунттарын жабуға бұйырған. ТАСС ақпарат агенттігі дерегінше, орыс тілді 7 парақша «экстремистік және террористік әрекеттерге шақырған». Бірақ «ВКонтакте» желісіндегі бас прокурор айтқан жеті парақша мұхиттың тамшысындай ғана екен.

Одан бір ай бұрын «ВКонтакте» басшылығы ИМ аккаунттарын жаппай жабуға көшкен. Былтыр қыркүйектің 11-і күні Apparat жаңалықтар сайты экстремистердің әлеуметтік желіні жайлап алып, насихат жүргізіп жатқанын әшкереген соң «ВКонтакте» іске белсене кіріскен.

«ВКонтакте» Солтүстік Кавказдан шыққан жауынгерлер қолданатын, Сириядағы Умар Шишани атты командирге бағынатын 12 мың мүшесі бар топтың ShamToday танымал парақшасына тыйым салды. Сондай-ақ, солтүстік кавказдық «Кавказ Әмірлігі» әсіредіншілдер ұйымының филиалы саналатын, шешендерден құралған Жейш-әл-Мухаджирин уәл-Ансар (ЖМА) сияқты Сириядағы бірқатар жиһадшыл ұйымдардың парақшасын да құлыптап тастаған.

«ВКОНТАКТЕ» ЖЕЛІСІНЕ ОРАЛУ

Қаңтардың 19-ындағы дерек бойынша, ИМ мен ЖМА өкілдері «ВКонтакте» желісінде жаңа аккаунттар ашып, видео мен суреттерін салып, түрлі материалдарды ашық жариялап жатыр. «ВКонтакте» жекелеген содырлардың парақшасын жауып тастайды. 2014 жылдың соңында олар экстремистермен бірге соғысқан екі шешеннің парақшасын жапқан. Ал Ресей билігі ИМ мен ЖМА-ға қарайтын аккаунттарды көрмей отырған тәрізді.

ИМ-ді насихаттайтын HalifatNews атты үлкен топтың құрамында 17800 адам бар, ол тіпті қыркүйекте тыйым салынған ShamToday-ден де асып кетті. HalifatNews өз атауын арабтың «халифат» деген сөзінен алған, ИМ Сирия мен Ирактағы жаулап алған жерлерін осындай атаумен басқарып келеді. Топ мүшелері ИМ бейне көріністері, Сирия мен Ирактағы жеңістері, сондай-ақ ислам әлемі мен Ресейге қатысты басқа да жаңалықтармен бөліседі.

Соңғы жаңалықтарда олар бүкіл әлемдегі мұсылмандарды «мұсылман еместер қысымға алып жатыр» дегенді көрсетпек болады. (Біреу бұрын жарияланған бір постты жаңартып салыпты. Онда екі адам кесілген басты ұстап алған. Швед тілінде жазылған жазу мәйіттің француз солдаттарына тиесілі екенін айтады. HalifatNews-тің орыс тіліндегі жазуында бас әріппен «Бұл – Франция мен олардың демократиясы! Ал мұсылмандар мен олардың жиһады қайда!» делінген).

Топ мүшелері қаңтардың 7-сі күнгі Францияның Charlie Hebdo сатиралық журналының кеңсесіндегі шабуылға қатысты әрекеттерге баса мән беріп, видеолар салып жатыр. Ол видеоларда Солтүстік Кавказдың содырлары да бар.

ЖАҢА ДА КҮРДЕЛІ ЖЕЛІЛЕР ҚҰРУ

«ВКонтакте» ИМ топтарының парақшасына тыйым сала берген соң олар болашақ тыйымнан қорғану әдістерін тапқан. ИМ желіде бірнеше топ құрып, біразын қорда сақтайды, негізгісіне тыйым салынғанша олар тыныш жатады.

Тағы бір әдіске сай ИМ-нің жаңалықтарын көптеген аккаунттар ішінде жариялап, «ВКонтакте» модераторларының назарына ілініп қалмауға тырысады. HalifatNews-тің 1000 жазылушысы бар жаңа парақшасы тыйым салынған ShamToday тобымен байланысты тәрізді.

Парақшада өздерінің «бейресми» топ екенін айтқан жазба иелері басқа мүшелерге «ВКонтакте» тыйым салған күнде не істеу керек екенін түсіндіреді. Олар ИМ өкілдері көбіне #caliphate, #ISIS және #shamtoday сияқты танымал хэштегтерді қолданатынын айтады. «Осылар арқылы ИМ-не қатысты жаңалықтарды біле аласыңдар» дейді.

"Жиһади Джонның" суреті.
"Жиһади Джонның" суреті.

«Победа от Аллаха» деп аталған бір топ Батыс тұтқындардың біразының басын алған дейтін «Жиһади Джонның» суретін жариялаған. Компьютерлік бағдарламамен жасалған «Жиһади Джонның» қолында өткір пышақ бар, өзі отты шардан көтеріліп келе жатқан алып тәрізді бейнеленген. Бұл топ Zello байланыс желісі арқылы ShamToday тобының аудио дәрістеріне сілтеме жасайды, кейін оны vid.me сайтына салады. Дәрісте «Солтүстіккавказдықтар жиһад жасау үшін Сирияға баруы міндетті ме?» деген тәрізді сауалдар талқыланады.

«ВКонтакте» бетіндегі ИМ-нің өкілдері – Сирия мен Ирактағы оқиғаларға қызығушылық танытатын, азды-көпті радикалданған, орыстілді адамдар.

«ВКонтакте» желісіндегі «жиһадқа уағыздайтын» бейне көріністерге тыйым салу ИМ ұйымының өз уағызын таратуына көп кедергі бола алмады. Құлыпталған аккаунттар Zello және vid.me сияқты әлеуметтік желілерге ауыса салды.

«ВКонтакте» желісінде ИМ-нің парақшалары оның орыс тілді ресми сайты H-Center өшірілген кезде жойылды. H-Center Al Hayat ақпарат орталығының орыс тіліндегі нұсқасы еді. Сайттың домені АҚШ-та тіркелген, олар Израильдегі сайт жасау мен хостинг қызметін ұсынатын Wix.com сервисін пайдаланатын тәрізді.

Йоанна Паражчуктың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG