Жол-көлік апатына қатысты жаңа жайттар дәрігерлік-кеңестік қызмет және спорт медицинасы орталығының қорытындысынан кейін анықталған.
Бішкек көшесінде болған апаттан соң ресейлік дипломат Виктор Пухов осы медициналық мекеменің көмегіне жүгінген. Азаттықтың Қырғыз қызметінің жазуынша, медицина орталығында Пухов жол-көлік апатынан зардап шеккенін дәрігерлерден жасырған. Бұған қоса, дәрігерлер ол мас болған деп күдіктенеді. Бұл туралы Азаттыққа медицина орталығының бас дәрігері Сағындық Айтпаев айтты.
- Оны қабылдаған дәрігер ол кісі құлап қалыпты деп хабарлады. Оқиға салдарынан тізе буындары мен кеуде қуысы зақымданған. Оның мас болғаны да рас. Аузынан ішімдік иісі шығып тұрғандықтан, оны қабылдаған дәрігер «мас күйінде болды» деп жазған. Солай екені рас деуге болады, - дейді ол.
Бішкектегі Ресей елшілігі автокөлігінің қатысуымен болған жол-көлік апаты салдарынан 62 жастағы қырғызстандық Евгений Лексин қаза тапты.
Апат болған жердегі видеокамераға бағдаршамның жасыл шамы жанғанда батыстан шығысқа қарай Лексин айдап бара жатқан Mercedes-Benz Sprinter маркалы шағын жүк көлігіне оңтүстіктен солтүстікке бет алған дипломатиялық нөмірі бар Toyota Land Cruiser Prado маркалы жол талғамайтын автокөліктің бағдаршамның қызыл жарығын елемей жол қиылысына шығып кетіп соғылған сәті жазылып қалған.
Ауыр жараланған Евгений Лексин бірнеше сағаттан кейін ауруханада қайтыс болған.
Ресей елшілігінің дерегінше, автокөлікті дипломат Виктор Пухов жүргізіп бара жатқан. Көлікте онымен бірге «Роснефть» компаниясының Қырғызстандағы өкілдігі басшыларының бірі Игорь Рясный болған.
Дипломатиялық нөмірі бар көліктің қатысуымен болған жол апаты туралы "Осы шақ" бағдарламасының видеосы:
Әуелде көлік рулінде Игорь Рясный отырған деген хабар тараған, бірақ кейін ресми органдар көлікті елшілік қызметкері Виктор Пухов айдаған деп хабарлады. Мұны Бішкек ішкі істер басқармасының баспасөз хатшысы Олжобай Қазабаев та растады.
- Елшілік қызметкері Виктор Пухов жүргізіп келе жатқан жол-көлік апатын жасаған. Автомобиль салонында отырған Игорь Рясный 4-ауруханаға жеткізілді. Қырғызстан ішкі істер министрлігі әлгі азаматтарға қатысты тергеу амалдарын жүргізуді сұрап, сыртқы істер министрлігіне хат жолдады. Екеуі де дипломатиялық иммунитетке ие, - дейді ол.
Қырғызстандағы Ресей елшілігінің баспасөз хатшысы Дарья Пахомова Азаттыққа Виктор Пуховқа қатысты ішкі тексеру шаралары жүріп жатқанын айтты.
Ресей елшілігіне сілтеме жасаған қырғызстандық кей БАҚ-тар Пуховтың Қырғызстаннан кетіп қалғаны туралыв хабарлады.
Белсенді Дмитрий Орловтың пікірінше, адам өліміне соқтырған жол апатына қатысты іс бойынша күдікті деп танылған елшілік қызметкерінің жауапкершіліктен жалтаруы дұрыс емес.
- Олар Вена және өзге конвенцияларға сілтейді. Меніңше, мұны қайта қарап, олардың кім екені, қандай мәртебесі барына қарамастан жауапқа тарту керек. Егер қылмыс жасаған болса, онда ол мәртебесін бүркеніш етпей жауапқа тартылуы тиіс, - дейді ол.
Қырғызстан парламенті депутаты Дастан Бекешовтің сөзінше, дипломаттың заңды бұзғаны дәлелденсе, Ресей елшілігінің өзі шара қолдануы тиіс.
- Халықаралық конвенцияларға сәйкес, дипломатиялық қызметкерлердің қол сұғуға болмайтын мәртебесі бар. Ақиқатын айтсақ әлгі конвенциялар ескірген деп санаймын. Кей елдер осы мәселені көтере бастады. Өйткені бізде ғана емес, басқа елдерде де дипломаттар түрлі заңсыз әрекеттерге барып жатады. Егер Ресей елшілігі қызметкерінің кінәсі дәлелденсе, дипломатиялық өкілдік өзі шара қолдануы тиіс. Әрине, біз де үнсіз қалмай, СІМ арқылы талап етуіміз қажет, - дейді депутат Бекешов.
Евгений Лексин отбасының хабарлауынша, елшілік олардан кешірім сұрамаған, қазаға көңіл де айтпаған. Лексиннің жұбайы милицияға арыз жазғаннан кейін журналистерге комментарий беруден бас тартты.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы