Accessibility links

Құлаған ұшақтың "құпия жүгі"


Әуе апатының орнын сүзіп жүрген әскерилер. Дача-Суу, 16 қаңтар 2017 жыл
Әуе апатының орнын сүзіп жүрген әскерилер. Дача-Суу, 16 қаңтар 2017 жыл

Бішкек түбінде 50 шақты адамның өмірін қиып, апатқа ұшыраған ұшақтың ішіндегі жүктердің кімге тиесілі болғаны туралы түрлі болжам туды.

Қырғызстан астанасының түбінде өткен апта апатқа ұшыраған ұшақ иесі түркиялық АСТ Airlines компаниясының өкілі Азаттыққа әуе көлігінің «Манас» әуежайына жүк түсірмек болғанын телефон арқылы хабарлаған еді. Бірақ Қырғызстанның ресми өкілдері «ұшақ техникалық қызмет үшін, яғни жанармай құйып алу мақсатымен қонбақ болған» деп мәлімдейді.

Парламенттегі оппозиция өкілдері «мемлекет жүкті қабылдаушылар туралы ақпаратты жасырып отыр» және «бортта контрабанда болуы мүмкін» деп болжайды.

ЖАУАПСЫЗ СҰРАҚТАР

Қырғызстан парламентіндегі оппозициялық фракция жетекшілерінің ұсынысы бойынша, түркиялық ұшақ тасымалдаған жүктерді тексеру үшін парламентте уақытша комиссия құрылды. «Ата-Мекен» фракциясының көшбасшысы Омурбек Текебаев АСТ Airlines компаниясынан алынған ресми ақпаратқа сілтеме жасап, жүк қабылдаушыны Бішкектен іздеуді ұсынды.

Омурбек Текебаев
Омурбек Текебаев

- Халықты қайғыға ұшыратқан не деген жүк ол? Неге ақпарат жасырылып отыр? Оның артында кім тұр? Бұл сұрақтардың жауабын табуымыз керек. Қолымда түрік компаниясының хаты тұр, онда «ұшаққа жанармай құю қажет болмаған, біз Бішкекке жүкті тапсырыс бойынша алып келдік» деп жазылып тұр. Ал біздің үкімет «апатқа ұшыраған ұшақ Стамбулға транзитпен ұшып, Бішкекке жанармай құю үшін қонғанын» мәлімдейді. Оған қоса бұл компанияның ұшақтары «Манас» әуежайына 52 рет қонған деп жазылып тұр. Бұл жерде біреу жасырын пайда тауып отыр, бұл контрабанда болып, оны біреу жауып отырған болуы керек, - деді Текебаев.

ЖҮК КІМДІКІ?

Тергеу органдары апатқа ұшыраған «Боинг-747» ұшағындағы 85 тонна жүктің кімге тиесілі екенін әлі анықтаған жоқ. Бұл туралы Азаттыққа Қырғызстан ішкі істер министрінің орынбасары Курсан Асанов айтты.

Ұшақтың электрондық гаджеттер, планшеттер мен ұялы телефондар сияқты түрлі тұрмыс тауарларын тасымалдағаны белгілі болып отыр. Бірақ бағалы жүктің иесі әлі табылған жоқ. Үкімет мүшелері жүк тасымалының артында коммерциялық мүддесі бар жоғары лауазымды, ықпалды шенеунік тұрғаны туралы долбарды жоққа шығарды.

Кубатбек Боронов
Кубатбек Боронов

Төтенше жағдай министрі Қубатбек Боронов жүктің Қырғызстанға тиесілі емес екенін, қалдықтары тергеу органдарына берілгенін айтты.

- Жүк біздікі емес. Оның кімге тиесілі екенін анықтаған жоқпыз. Ол бізге керек емес. Жүктің иелері бізге жолыққан жоқ. Олар (иелері – ред.) жүк тасымалдау компаниясымен хабарласқан болуы керек. «Жүкті Қырғызстанға түсірмек болған» деген ақпаратты тексердік, бірақ ол расталмады. Аэропортқа жүк түсіру туралы айтылмаған. Жүк жанып кетті. Біздің қызметкерлер қалған қалдықтарын жинап, құқық қорғау органдарына тапсырды. Қылмыстық іс бойынша, сол күні (қаңтардың 16-сы – ред.) жиналған қалдықтардың барлығы тергеу органдарына берілді, - деді Боронов.

АСТ Airlines компаниясының өкілі Азаттыққа телефон арқылы ұшақтың жанармай құйып алуға зәру болмағанын, әуе көлігі «Манас» әуежайына жүкті түсіру үшін қонбақ болған деп хабарлады. АСТ Airlines қаңтардың 18-індегі хатында компанияның ұшақтары «Манас» әуежайына 52 рет қонғанын жазған. Бішкекке жеткізілген жүктің қаншалықты кеден бақылауынан өткені белгісіз.

Мемлекеттік кеден қызметінің төрағасы Азамат Сулайманов даулы жүкке қатысты толық ақпарат бере алмайтынын айтты.

- Мәскеуде іссапарда жүрмін, сондықтан бұл туралы толық ақпаратты бере алмаймын. Қандай компания және қандай жүк тасымалдағанын база арқылы білуіміз керек. Білуімше ұшақ жанармай құйып алу үшін қону керек еді. Алайда компаниялар түрлі жолдармен жұмыс істейді. Егер де бұл карго-рейс болса, онда ұшақ бортында түсірілетін жүктің болуы әбден мүмкін, немесе керісінше белгілі бір жүкті тиеуі керек. Бұндай тәжірибе баршылық, - деді ол.

"ТҮРІКТЕРГЕ ТИЕСІЛІ"

АСТ Airlines авиакомпаниясының мәлімдемесіне сүйенсек, ұшақта екі ұшқыш болған. Гонконгтан Бішкекке дейінгі рейс небәрі 6 сағат, сондықтан компания қосалқы ұшқышты қажет деп санамаған.

Құлаған ұшақ қалдықтары. Дача-Суу, 16 қаңтар 2017 жыл
Құлаған ұшақ қалдықтары. Дача-Суу, 16 қаңтар 2017 жыл

Халықаралық ережелерге сәйкес, ұшқыштарға 6 сағаттан артық ұшақты жүргізуге болмайды. Ұзақ рейстер кезінде, олар белгілі әуежайларда тоқтап жанармай құйып алып, экипаж ауысып отырады. Сол себептен апатқа ұшыраған рейс Бішкекте аялдап, «Манас» әуежайына жүк түсірмек болған деген болжамдар айтыла бастады. Әуе апаты болған жерде табылған қырғыз және орыс тілінде жазылған тауарлардың нұсқаулары да күдік тудырып отыр.

Қырғызстанның көлік министрі Жамшитбек Калилов қаңтардың 19-ы кешкісін өткізген баспасөз маслихатында жүктің түріктерге тиесілі екенін, оның түгелдей сақтандырылғанын мәлімдеді.

«Манас» әуежайы маңындағы Дача-СУ саяжайына құлаған «Боинг-747» ұшағы апатынан қаза болғандары саны 49 адамға жетті. Түркиялық ACT Airlines жүк тасымалдау компаниясының ұшағы қаңтардың 16-сы күні таңғы сағат 7:20 шамаларында Гонконгтан Стамбулға бара жатып, жолай қонбақ болған кезде Бішкек түбінде апатқа ұшыраған.

XS
SM
MD
LG