Accessibility links

ИМ-нан кейінгі өмір


"ИМ" террорлық тобына қосыла жаздаған тәжікстандық Фуркат Ватанов (оң жақта) әкесі Амриддин Ватановпен бірге.
"ИМ" террорлық тобына қосыла жаздаған тәжікстандық Фуркат Ватанов (оң жақта) әкесі Амриддин Ватановпен бірге.

Таяу Шығыстағы соғыс аймағында "Ислам мемлекеті" террорлық тобы қатарында болған, кейін еліне оралып, өткеніне өкініш білдірген соң кешірім жасалған тәжік азаматтары қалыпты өмірге бейімделіп жатыр.

Фуркат Ватанов бір ай бұрын шаңырақ көтерді. Ал бір кездері үйленуден күдер үзген кездері де болған. Осыдан бір жылдай бұрын 24 жастағы Фуркатты "Ислам мемлекеті" террорлық тобына қосылу үшін Сирияға бара жатқанда Түркияда тұтқындаған.

Тәжіктер үйленгенде жүздеген кісі шақырып, ұлан-асыр той жасайды. Ал Фуркаттың тойы қарапайым болды. Өз айтуынша, ИМ-мен шатасқалы достары одан сырт айналған, қалғандарының өзі аңдап сөйлесетін болған.

Былтыр жазда ұлынан "Сирияға жиһадқа аттанамын, батаңды бер" деген хабар алған Фуркаттың әкесі Амриддин Ватанов бірден дабыл қағып, Тәжікстан мен Түркияның өкіметтерінен көмек сұраған. Түркияға ұшып барған ол Тәжікстан елшілігінің көмегімен Сирияға аттанғалы тұрған ұлын тауып алған.

Қазір "ИМ уағызшылары интернет арқылы санамды улады" деп отырған Фуркат Ватанов сол арада қамауға алынып, заңсыз жасаққа қатысқаны үшін Тәжікстанға экстрадицияланған болатын.

ЖӘНЕ БІР МҮМКІНДІК

"Сирияда тұтқындалған соң "осымен бәрі бітті, бүкіл өмірім түрмеде өтеді" деп қорықтым", - дейді Фуркат. Бірақ тәжік үкіметі оған тағы бір мүмкіндік беріп, бостандыққа шығарған. Осы үшін Ватанов ел басшылығына дән риза.

2015 жылы Тәжікстанның Қылмыстық кодексіне түзету енгізіліп, шетелдік әскери жасақтардың құрамында болып, одан бас тартып, елге оралған соң іс-әрекеті үшін өкінген тәжік азаматтарына кешірім жасау мүмкіндігі берілген. Үкіметтегілер мұны амнистия деп атауға болмайтынын, бұл бап тек шайқастарға қатысып келген адамдарға ғана қолданылатынын айтып отыр.

Таяу Шығыстағы қарулы жанжал аймағында (Сирия немесе Ирак) жүрген тәжіктер. (Әлеуметтік желідегі сурет.)
Таяу Шығыстағы қарулы жанжал аймағында (Сирия немесе Ирак) жүрген тәжіктер. (Әлеуметтік желідегі сурет.)

Сол кезден бері Ирак пен Сириядан Тәжікстанның жүзге тарта азаматы қайтып оралды. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, Ирак пен Сирияда 1141 тәжік азаматы соғысып жүр. Үш жүзге тарта азамат сол соғыста опат болған.

Ресми деректер бойынша, ИМ террорлық тобының бақылауындағы аймақтан екі жылда қайтып келгендердің жартысына кешірім жасалған. Қалғандарын соғысқа қатысқаны үшін жауапқа тартып, түрмеге қамаған.

Кешірім жасалғандар құқық органдарының бақылауында болады, бірақ олардың жұмысқа орналасып, оқуға түсуіне, шетелге баруына шектеу жоқ.

Кешегі күні қарулы жасақ құрамында болғандардың біразы үкіметтің терроризмнің алдын алу мақсатындағы науқандарына жиі қатысып тұрады. Олар жиындарда Ирак пен Сирияда көрген сұмдықтарын суреттеп айтып, телеарналарға сұхбат береді.

Олар айтқан әңгімелердің рас-өтірігін анықтау мүмкін емес. Дегенмен, көбіне радикалдық ұстанымнан қайтару бағдарламаларының аясында мемлекеттік шенеуніктермен бірге берген сұхбаттарында олар радикализм құрығына біраз уақытқа түсіп қалғандарын, ал қазір террорлық топтың "жиһад соғысына" аттану туралы идеологияларын қолдамайтындарын айтады.

Дегенмен, 2015 жылы Сирияда сегіз ай тұрып, жасақпен бірге соғысқа қатысуға "мәжбүр болдым" деген бір жігіттің айтуынша, тәжік қоғамы өзі тәрізді адасып, кейін елге қайтып оралғандарға әлі де күдікпен қарайды.

"МАҒАН ЕШКІМ ТҰРМЫСҚА ШЫҚҚЫСЫ КЕЛМЕЙДІ"

Тәжікстанның оңтүстігіндегі Вахдат қаласында тұратын 30 жастағы таксист Бобожон Карабоевтың да пікірі осыған ұқсас. "ИМ-ның жасаған опасыздығын көргенде ғана өрескел қателік жібергенімді түсіндім" дейді ол.

2016 жылы ол өз еркімен елге қайтып оралып, бірнеше ай түрмеде отырып, ұзақ тергеуден өткен. Ақырында, билік оған тағылған айыптардың барлығын алып тастап, оны бостандыққа шығарған.

Жергілікті мекемелердің бірінен жұмыс тауып, әке-шешесінің үйін әрлеп-жөндеген Бобожон отау құрмаққа бел буады. "Бірақ, ешкім маған тұрмысқа шыққысы келмейді", - дейді ол. Бірнеше үйге қыз айттырып барғанда: "Сирияда болып келген адамға қызымызды бермейміз" деген сөз естіген.

Ирактан өз еркімен еліне оралған тәжік азаматы Әлішер Кодиркулов. 28 маусым 2017 жыл.
Ирактан өз еркімен еліне оралған тәжік азаматы Әлішер Кодиркулов. 28 маусым 2017 жыл.

24 жастағы Әлішер Кодиркулов әйелімен және екі баласымен биыл ақпанда Тәжікстанның солтүсігіндегі туған жері – Ашт қаласына қайтып келді. ИМ террорлық тобының бақылауындағы аймақта бір жарым жыл тұрған ол сонда көргендерінен қатты шошып қалғанын айтады. "Соғыс пен қантөгістен алыста, бейбіт елде тұрған қандай бақыт екенін түсіндім" дейді Бобожон.

Өз айтуынша, Ресейге жұмыс істеуге барғанда кезіктірген "бір шешен жігіті" оған "жақсы өмір іздесең, Таяу Шығысқа бар" деп кеңес беріпті.

Тәжікстан басшылығы ИМ террорлық тобының Ирак пен Сирияда жеңілуі тәжіктердің елге қайтуына түрткі болады деп болжайды. Сириядан қайтқандар мен олардың жақындарына кешірім беру мүмкіндігі адасқандарды елге қайтуға ынталандырады. Бірақ сарапшылар қауіп барын да ескертеді.

- ИМ тобынан бұрынырақ қашып құтылғандар мен террорлық топты Ирак пен Сириядан ығыстырып шығарған соң "елге қайтам" дегендердің арасын ажырата білу керек. ИМ жеңілген үстіне жеңіліп жатыр, содырлардың қашпасқа амалы жоқ, - дейді саясаттанушы әрі діни конфликтілер бойынша сарапшы Фаридун Ходизода. Ол соғыстан тәжірибесі әсіре исламшылдар қоғам үшін қауіпті екенін айтады.

ЖАҢА ӨМІР

Ходизоданың сөзінше, Тәжікстан басшылығының бұрынғы содырларды қоғамға қайта қосу бойынша тәжірибесі мол. 1991 жылы тәуелсіздікті жариялай салысымен басталған үкімет күштері мен діни оппозиция арасындағы келіспеушілік бес жылдық азамат соғысына ұласқаны белгілі. Сол соғыстан соң өкімет екі жақта да соғысқан әскерилерді қарусыздандырып, мыңдаған жасақ мүшесін бейбіт өмірге қайта бейімдеген.

ИМ террорлық тобының мүшесі болған Махмад Махмадиев.
ИМ террорлық тобының мүшесі болған Махмад Махмадиев.

Тәжік үкіметі қолына өз еркімен қару алған ИМ террорлық тобының бұрынғы мүшелеріне кешірім жасалмайтынын ашық айтып отыр. Жақында сот ИМ-ның бұрынғы мүшесі Махмад Махмадиевті 13 жылға бостандығынан айырды. Жақындары үкімге қарсылық білдірген жоқ. Мамандығы фельдшер, 26 жастағы Махмадиев Сириядағы ИМ ауруханасында жұмыс істегенін мойындаған. 2016 жылғы желтоқсанда оны Түркия әскерилері Сирияның солтүстігінде тұтқынға алып, Тәжікстанға экстрадициялаған.

Ватановтар әулеті ұлдарының қиындықтан құтылғанына риза. "Ол танымастай өзгерді. Қазір ол қарапайым, қайырымды. Ал бұрын елдің барлығын "кәпірлер, адасқандар" деп атайтын", - дейді Фуркаттың әкесі Амриддин Ватанов.

Бұл күн оңай келген жоқ: қиындыққа төзімділік танытып, психологтың көмегіне жүгініп, бір-бірімен көп әңгімелесуге тура келді. Ата-анасы енді Фуркат отбасын асыраудың қамына кірісіп, өткен өмірін көрген жаман түстей ұмытады деп үміттенеді.

XS
SM
MD
LG