Accessibility links

Түркіменстан президентінің бірсарынды сайлауы


Түркіменстан ақсақалдар кеңесі жиынына қатысушылар президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің суретін ұстап, ән шырқап тұр. Ашғабат, 14 қыркүйек 2016 жыл.
Түркіменстан ақсақалдар кеңесі жиынына қатысушылар президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің суретін ұстап, ән шырқап тұр. Ашғабат, 14 қыркүйек 2016 жыл.

Түркіменстанда президент сайлауына бір апта уақыт қалды. Сайлаушылар қазіргі президент Гурбангулы Бердімұхамедовке дауыс беретінін әлден жариялап жатыр.

Түркіменстанда ақпанның 12-і күні президент сайлауы өтпек. Шетелге баратын немесе шетелде тұратын азаматтар үшін дауыс беру ақпанның 2-інде басталып кетті. Бұл жолғы сайлауға бұрынғыға қарағанда көбірек - тоғыз кандидат түсіп жатыр. Басты кандидат қазіргі президент 59 жастағы Гурбангулы Бердімұхамедов осымен үшінші рет сайлауға қатыспақшы.

Былтыр қыркүйек айында конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес Түркіменстанда президент бұрынғыдай бес жылға емес, жеті жылға сайланатын болады. Елдің бұрынғы конституциясында жасы 70-тен асқан адамның президенттік сайлауға түсуіне рұқсат етілмеген. Жаңа конституцияда жас шектеуі алынып тасталған.

ТОҒЫЗ КАНДИДАТ

Түркіменстан президенттігіне кандидаттар арасында әкімдіктер мен мәжіліс өкілдері, өндірістік компаниялар мен банк басшылары және саяси партия өкілдері бар. Сайлауға үш партиядан үміткер ұсынылған. Ел тәуелсіздігін алғаннан бері биыл бірінші рет президент сайлауына бірнеше партия қатысып отыр.

Түркіменстан президенттігіне кандидат 9 адамның сайлау плакаттары ілінген жарнама.
Түркіменстан президенттігіне кандидат 9 адамның сайлау плакаттары ілінген жарнама.

Мары облысы әкімінің орынбасары Жұманазар Аннаев, Дашогуз облысы әкімінің орынбасары Меретдурды Құрбанов, Ахал облысы экономикалық даму бөлімінің бастығы Сердар Жалилов, Сейдин мұнай өңдеу зауытының директоры, депутат Рамазан Дурдыев, мемлекеттік «Түркіменхимия» концерніне қарасты «Гарабугазсульфат» өндірістік бірлестігінің бас директоры Сүлейменнепес Нұрнепесов, тамақ өндірісі мемлекеттік бірлестігі төрағасының орынбасары Мақсат Аннанепесов, өндірісшілер және кәсіпкерлер партиясынан «Рысгал» сауда банкінің басқарма төрағасы Бекмұрат Аталыев, аграрлық партияның Мары облыстық комитетінің басшысы Дурдыглыч Оразов және демократиялық партиядан қазіргі президент Гурбангулы Бердімұхамедов президент сайлауына кандидат ретінде тіркелген.

Олар қазір ел аралап, сайлаушыларға өз бағдарламаларын таныстырып жүр. Бердімұхамедов өзге кандидаттардың «пайдасы үшін» теледидар арқылы сөйлемейтінін жариялаған. Алайда мемлекеттік БАҚ пен өзге кандидаттардың әрекеті қазіргі президентті насихаттауға ұқсап кетіп жатыр. Аннаев, Аталыев, Дурдыев тәрізді кандидаттар жаңа жыл қарсаңында ел алдында Бердімұхамедовті құттықтап сөз сөйлеген. Мемлекеттік БАҚ-та еңбек ұжымдары мен бірлестіктердің бұл жолы да қазіргі президентке дауыс беретінін мәлімдегені туралы хабарлар жарияланып жатыр. Тіпті орталық сайлау комиссиясы сайтының бірінші бетінде қазіргі президенттің «демократиялық сайлаудың маңызды қадам» екендігін айтқан дәйексөзі келтірілген. ОСК сайтында сайлау туралы мәліметтерге қоса кандидаттардың күнделікті кездесулері жайлы да хабарланып отырады.

Сайлауды бақылаушылардың бірі Аманмұрад Бұғаевтың Азаттықтың Түркімен қызметіне хабарлауынша, кандидаттардың барлығының дерлік сайлауалды бағдарламалары ұқсас, олардың бәрі де билікті сынамастан «бақытты елді одан сайын бақытты етуді» көздейтіндерін айтып жатыр.

БЕРДІМҰХАМЕДОВТІҢ БӘСІ

Елдің қуат көздері байлығын игеруді өз туыстары арқылы басқарып отыр деп саналатын Гурбангулы Бердімұхамедов жоғары билікке 2007 жылы, Түркіменстанның тұңғыш президенті Сапармұрат Ниязов қайтыс болған (2006 жылы) соң келді. Ол билікке келгенде реформалар жасайды деген үміт ақталмады. Ел бұрынғы оқшауланған күйінде қала берді.

Бердімұхамедов билікке отырған соң Ниязовтың тұсында қалыптасқан «түркіменбашының» жеке басына табыну әрекеттері азайғанымен, есесіне оның орнына келген басшыны дәріптеу өріс алды. 2010 жылдан бастап Бердімұхамедов «Арқадағ» (қамқоршы, жарылқаушы мағынасында) аталып, 2015 жылы өзіне алтыннан ескерткіш тұрғызды. Елде адам құқығы мен бостандығын шектеу әлі жалғасып келеді. Көптеген журналистер, өнер адамдары мен Сапармұрат Ниязов кезіндегі кейбір шенеуніктер түрмеге қамалып, олардың тағдыры күні бүгінге дейін белгісіз күйде қалып отыр.

Президент Гурбангулы Бердімұхамедов (сол жақта) Ахал облысында малшыларға телевизор сыйлап тұр. 31 қаңтар 2017 жыл. (Телеэкраннан скриншот.)
Президент Гурбангулы Бердімұхамедов (сол жақта) Ахал облысында малшыларға телевизор сыйлап тұр. 31 қаңтар 2017 жыл. (Телеэкраннан скриншот.)

Қазір президент Бердімұхамедов еңбек ұжымдарымен кездесуде жекелеген озаттарға сыйлық табыс етіп жүр. Ол таяуда Ахал облысында малшыларға телевизор сыйлап, Лебап облысында жергілікті басшыларға құрылысшыларға демалыс орнына жолдама беру туралы тапсырма берген. Бұл туралы елдің мемлекеттік арналарында хабарланған. Президентпен кездескен жастар, кәсіпкерлер, әскерилер өздерінің Бердімұхамедовке дауыс беретіндігін жарыса мәлімдеп жатыр. Түркіменстанның сайлау туралы заңында кандидаттардың, олардың туыстары мен бастамашы топтарының сайлаушыларды материалдық тұрғыда ынталандыруына тыйым салынған. Шабандоздығы, спортшылығымен қоса әншілігі мен композиторлығы көп дәріптелетін Бердімұхамедов сайлаушылармен кездесулердің бірінде алдағы 8 наурыз – әйелдер күніне түркімен әйелдеріне арнап бірнеше ән дайындап жатқанын да айтқан.

Гурбангулы Бердімұхамедов 2007 жылы алғашқы сайлауға алты кандидатпен бірге түсіп, 89 пайыз дауыс алған. 2012 жылғы президент сайлауында сегіз кандидаттың арасында 97 пайыз дауыс жинаған. Түркіменстан тәуелсіздік алғаннан бері елдегі ешбір сайлауды халықаралық ұйымдар еркін әрі әділ өтті деп мойындамаған.

Гурбангулы Бердімұхамедов туралы "Ұлт лидері" атты кітаптың мұқабасы.
Гурбангулы Бердімұхамедов туралы "Ұлт лидері" атты кітаптың мұқабасы.

Өткен жылы конституцияға өзгерістер енгізу арқылы іс жүзінде Бердімұхамедов өмір бойы президент бола алатын өкілеттікке қол жеткізді деп есептеледі. Биыл жасы 60-қа толатын Гурбангулы Бердімұхамедовтің бір ұл, үш қызы бар. Ұлы Сердар Бердімұхамедов өткен жылы парламент депутаты болып сайланды. Оған дейін Сердар елдегі бірнеше министрлікте және агенттікте қызмет атқарған. Мәскеу дипломатиялық академиясын бітірген Сердар Бердімұхамедов туралы мәліметтер көп хабарланбайды. Оның 2014 жылы кандидаттық диссертация қорғап, 2015 жылы техника ғылымдарының докторы атағын алғаны айтылады.

Орталық Азия елдерінің көбінде президент отбасы билікке жақындығымен танымал. Бірақ Түркіменстанда бұл мәселе жария түрде айтылмайды.

Бұрын да бейтарап саясат ұстанатын ел ретінде белгілі Түркіменстан өткен жылы өзгертілген конституциясына «тұрақты нейтралитет» мәртебесін енгізген. Ақпанның 12-індегі Түркіменстан президенті сайлауы жаңа конституция қабылданғаннан кейін өткізілгелі отырған алғашқы сайлау. Сарапшылар бұл жолғы сайлаудың алдыңғылардан айырмашылығы аз болады деген болжам айтады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG