Озодлик радиосының (Азаттықтың Өзбек қызметі) хабарлауынша, Бұхара облысы Галаосиё қаласында жергілікті милиция қызметкерлері той үстінен екі биші қызды ұстап әкеткен.
Бұл күндері бүкіл ел көлемінде үйлену тойлары биші қыздарсыз өтетін болған – салық қызметкерлері лицензиясыз жұмыс істейтін әртістерді қудалауға кіріскен. Олар лицензиясыз әртістерді ғана емес, той өткізумен айналысатын мейрамхана, тойханалар иелері мен осы жерлерде той өткізген азаматтарға да қомақты айыппұл сала бастаған дейді дереккөздер.
– Қазір үйлену тойларында биші қыздар мүлде жоқ. Өйткені рұқсат етпейді. Салық қызметкерлері біздің мекемеге келіп, бишілерді тойға шақыруға тыйым салып кетті. Олар «егер бір биші қыз кіргізсең, мына тойханаңды мөрлеп, жауып тастаймыз» деп ескертті. Енді бізде өтетін тойларға биші қыздарды шақыруға рұқсат бере алмаймыз. Салық комитеті айыппұлмен қорқытады. Лицензиясы бар әртістер біздің мекемеде маскарад костюм киетін шағын той ғана ұйымдастыра алады. Қазір үйлену тойларында бұрынғыдай бастан-аяқ қызмет көрсететін биші қыздарды шақыруға рұқсат бермейді. Бұл тәртіп Бұхара ғана емес, бүкіл Өзбекстанда енгізілген, - дейді Бұхара қаласындағы үйлену тойларын өткізетін мекеме администраторы Азаттыққа.
Өз аты-жөнін атамаған мемлекеттік салық комитетінің қызметкері Өзбекстанда биші қыздардың тойға қатысуына тыйым салынған жоқ дейді.
– Біз бар болғаны үйлену тойларында лицензиясыз қызмет көрсететін әрі салық төлемейтін әртістерді бақылауды ғана күшейттік. Бұрын бұл мәселеге көз жұмып келгенбіз. Тойларда өнер көрсететін әншілерде лицензия бар, ал биші қыздарда ол жоқ. Тексере бастап едік, бүкіл елде бір де биші қызда ондай лицензия жоқ екені анықталды. Бұған тіпті өзіміз аң-таң болдық. Егер биші қыз тойға лицензиясыз барса, ол заңсыз жұмыс істеген болып саналады. Лицензияны «Өзбекнаво» эстрадалық бірлестігі береді. Егер бірлестік лицензия берсе, онда мейлі, билей берсін, - дейді мемлекеттік салық комитеті өкілі.
Бұхарада тойларды жүргізуші ретінде қызмет көрсетіп жүрген тағы бір адамның Озодлик радиосына айтуынша, биші қыздарға лицензия жайлы талап қоя бастағанына бірнеше жылдың жүзі болған. Олар шынымен де лицензиясыз жұмыс істейді, себебі оның пайдасын тек мемлекет көреді, ал биші қыз тапқан табысын түгелдей лицензия мен салық үшін төлеуге мәжбүр. Бұхарадағы үйлену тойлары өтетін мекемелерге көптеген рейдтер жүргізілген. Олардан кейін қалада жұмыс істейтін 500 биші қыздың 50-і ғана лицензия алып, қалғандары пара бере бастады. Салық комитетіндегі өз адамы рейд басталар алдында оларды ескертіп отырады, - дейді бұхаралық дереккөз.
Өзбекстанда биыл «жоғарыдан» салық түсімдерін ұлғайту жайлы жарлық түскендіктен, бишілерден лицензия алып, салық төлеуге қатысты шешімнің орындалуын талап ете бастаған дейді тағы бір дереккөз.
– Бұхарада үйлену тойында бастан-аяқ билеген қыздар ең көп дегенде 100 мың сум (нақты бағам бойынша 15 АҚШ доллары шамасында) алады. Доллар бағамы өссе, де түссе де бұл баға өзгермейді. Биші болып жұмыс істеу оңай емес. Үш ай мерзімге берілетін лицензия құны кемі 650 мың сум (нақты бағаммен 100 АҚШ доллары шамасында) тұрады. Бұған қоса биші ай сайын салық төлеуі тиіс. Егер заңды жолмен жұмыс істесе, өзіне ештеңе қалмайды. Бишілердің көбі – жалғызбасты әйелдер, оларға балаларын асырау керек – дейді Азаттыққа сұхбат беруші.