Accessibility links

Қытай жабайы хайуанаттар базарын біржола жабуға дайын ба?


«Дымқыл базарда» сойылған қолтырауын. Гуанчжоу, Қытай
«Дымқыл базарда» сойылған қолтырауын. Гуанчжоу, Қытай

Қытай билігі елде хайуанаттардың етін сататын базарлар барын жоққа шығарды. Бірақ Уханьда жаңа коронавирустың таралу ошағы деп танылған осындай базарлардың бірі жақында қайта ашылып, жұмысын бастады. Базардағы жерге үнемі шлангіден су шашып отырады, сондықтан сауда қатарларының едені бір құрғамайды, ал саудагерлер резеңке етік киіп жүреді. Кейде мұндай орындарды «дымқыл базар» (Wet market) деп атайды. Базарда жануарларды тұтынушының көзінше өлтіріп, сатады.

Болжам бойынша, COVID-19 ауруын туғызатын SARS-CoV-2 коронавирусы жануардан адамға былтыр қазан айында жануарлар етін сататын базарда жұққан. Бұл туралы жақында Гонконгтың South China Morning Post басылымы жазды. Мақалада «жаңа коронавирустан алынған 7 мың геномның сараптама қорытындысы вирустың жануардан адамға 2019 жылы қазанның 6-сы мен желтоқсанның 11-і аралығында жұққанын дәлелдейді» деп жазылған.

Хайуанаттарды заңсыз саудаға шығарудағы Пекиннің рөлі туралы баяндамаға сәйкес, әлемде заңсыз ұсталған хайуанаттардың ең ірі нарықтарының бірі осы елде орналасқан. Қытайдың оңтүстік және орталық бөлігінде миллиондаған адам әлі күнге дейін «евэй» (жабайы жемтік) дәстүрлі ас мәзірін қолдап, хайуанаттар мен құстардың етін тамақ дайындайды (Қытай қоғамындағы өркениетті топ өкілдері бұл дәстүрді құптамайды). Қытай халқы хайуанаттардың етін пайдалану арқылы «табиғат энергиясын бойымызға сіңіріп, өмір жасымызды ұзартамыз» деп сенеді.

Хайуанаттар базарында сойылған иттер. Юйлинь қаласы, Гуанси өңірі, Қытай
Хайуанаттар базарында сойылған иттер. Юйлинь қаласы, Гуанси өңірі, Қытай

Коронавирус пандемиясы басталғаннан кейін, Ухань қаласындағы ресми «Хуанань» жануарлар мен теңіз өнімдерінің көтерме базары деп аталатын сауда орны туралы бүкіл әлем естіді. COVID-19 коронавирус инфекциясы осы жерден шыққан деген болжам бар. «Дымқыл базар» жалпы аумағы 50 мың шаршы метрден асады. Онда сауда орны мен шатырларды жалға алатын мыңдаған саудагер жұмыс істеген.

Базардағы жерге үнемі шлангіден су шашып отырады, сондықтан сауда қатарларының едені бір құрғамайды, ал саудагерлер резеңке етік киіп жүреді. Кейде мұндай орындарды «дымқыл базар» (Wet market) деп атайды.
Базардағы жерге үнемі шлангіден су шашып отырады, сондықтан сауда қатарларының едені бір құрғамайды, ал саудагерлер резеңке етік киіп жүреді. Кейде мұндай орындарды «дымқыл базар» (Wet market) деп атайды.

Бұл сауда орнын өз көзімен көргендер базарда санитарлық талаптар сақталмайтынын, шатырлар арасындағы жол тым тар болғандықтан, торда не аквариумда жатқан тірі жануарларға жақын жерде өлтірілген аң-құстың денесі сақталатынын айтқан. Базарда жануарларды бәрінің көзінше аяусыз өлтіріп, етін боршалайтын болған.

2020 жылы қаңтардың 1-нен бастап Уханьдағы бұл базар белгісіз уақытқа дейін жабылды. Бұрын базарда тірі мысық, борсық, жарқанат, құндыз, қолтырауын, ит, түлкі, кесіртке, суыр, кәмшат, тауыс, жайра, егеуқұйрық пен жылан (улы түрлерін қоса алғанда) сатылған.

«Хуанань» базарының кіреберісі. 11 қаңтар 2020 жыл. Сурет базар жабылғанға дейін түсірілген.
«Хуанань» базарының кіреберісі. 11 қаңтар 2020 жыл. Сурет базар жабылғанға дейін түсірілген.

«Хуанань» – 12 миллион халқы бар Ухань қаласындағы хайуанаттар сатылатын жалғыз базар емес. Қалада «Байшачжоу» деп аталатын тағы бір жануарлар базары бар. Жақында бұл сауда орны үш айлық үзілістен соң қайта ашылды. Қытайдың басқа қалаларындағы ондаған базар да жұмыс істеп тұр. Жергілікті билік халықаралық қысым мен Пекиннің қатаң бұйрығына қарамастан, «дымқыл базардың» жұмысын біржола тоқтату мүмкін емес деп есептейді. Жергілікті биліктің пікірінше, мұндай шешім ғасырлар бойғы дәстүрді қорлап, ондаған миллион қытайдың, оның ішінде басқа жерден «арзан әрі пайдалы ет» таба алмайтын кедей отбасылардың наразылығын туғызады.

2018 жылы Канаданың әлеуметтанушылары жүргізген зерттеу нәтижесінде Қытайдың Нанкин қаласындағы отбасылардың 90 пайызы азық-түлікті «дымқыл базардан» алатыны анықталған. Сауалнамаға қатысқандардың 75 пайызы мұндай базарларға аптасына кемі бес рет баратынын айтқан.

Қытайдың Нанкин қаласындағы хайуанаттар базарында саудагер құс салынған тордың үстінде ұйықтап жатыр. Жанында сатылатын үйректер тұр.
Қытайдың Нанкин қаласындағы хайуанаттар базарында саудагер құс салынған тордың үстінде ұйықтап жатыр. Жанында сатылатын үйректер тұр.

Қазір АҚШ бастаған батыс елдері Қытай басшысы Си Цзиньпинге барлық хайуанаттар базарын әртүрлі аурулардың ошағы ретінде танып, біржола жабу туралы талап қойып отыр. Бұл талап бірден кері реакция туғызды. АҚШ-Қытай қарым-қатынасындағы дағдарыс пен тараптардың өткір пікірлерге жол беріп, өз ойын анық жеткізбеуінен қос мемлекет арасында түсініспеушілік туған. Пекин АҚШ елдегі бүкіл фермерлік базарларды жабуды талап етіп отыр деп ойлайды. Ал Вашингтон мен батыс елдері базарларда тірі жануарларды өлтіруді тоқтатып, бірінші кезекте жабайы, сирек кездесетін, экзотикалық түрлердің етін сатуға тыйым салу керек деп есептейді.

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео сәуірдің 22-сі күні Қытай мен Азияның басқа мемлекеттері хайуанаттар базарын жабуы керегін, мұндай сауда орындары «қоғамдық денсаулыққа қауіп төндіретінін» айтты. Помпеоның сөзінше, мұндай базарларды жабу «Қытай мен әлемдегі адамдардың денсаулығына келетін қауіпті азайтып, заңсыз ұсталған хайуанаттарды пайдалануға тосқауыл болады».

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы пандемияның бас кезінде жарық көрген ғылыми зерттеулер жаңа коронавирустың шығуын Уханьдағы «Хуанань» базарымен байланыстырғанын атап өтіп, атипті SARS вирусы мен H5N1 құс тұмауы да тірі жануарлар сатылатын базарлардан шыққанын еске салды.

«Біз барлық мемлекетті хайуанаттардың заңсыз саудасына қарсы күреске қосылуға шақырамыз» деді Помпео.

Ухань қаласындағы “Байшачжоу” базарында торда тұрған жабайы циветта. 2003 жылы SARS деген атпен белгілі коронавирус эпидемиясынан бірнеше елде жүздеген адам көз жұмған. Ол кезде эпидемия адамның жарқанаттан вирус жұқтырған циветтаның етін жегенінен шыққан. Қытай билігі осыдан кейін 10 мыңға жуық циветтаның көзін жоюды тапсырған.
Ухань қаласындағы “Байшачжоу” базарында торда тұрған жабайы циветта. 2003 жылы SARS деген атпен белгілі коронавирус эпидемиясынан бірнеше елде жүздеген адам көз жұмған. Ол кезде эпидемия адамның жарқанаттан вирус жұқтырған циветтаның етін жегенінен шыққан. Қытай билігі осыдан кейін 10 мыңға жуық циветтаның көзін жоюды тапсырған.

Сәуір айының соңында Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Гэн Шуан елде «дымқыл базарлар» мүлде жоқ деген пікір айтқан. Шуан «Қытайда фермерлік сауда орындары мен теңіз өнімдерін сататын базарлар жиі кездеседі. Онда ет, балық, көкөніс, теңіз және басқа да ауыл шаруашылық өнімдері сатылады. Ал [хайуанаттарды былай қойғанда] үй құстарының өзін тірідей сататын базарлар өте аз» деген. Оның айтуынша, үй құстарын сататын базарлар жергілікті халықтың күнделікті өмірімен тығыз байланысты және Қытайда ғана емес, Оңтүстік-Шығыс Азияның көп мемлекетінде, басқа да дамушы елдерде бар.

Гэн Шуан халықаралық заңдарда мұндай базарлардың қызметіне тыйым салынбағанын, ал Қытай билігі осыған дейін өз бастамасымен хайуанаттарды заңсыз аулау мен сатуға, олардың етін тамаққа пайдалануға тыйым салғанын мәлімдеді.

Қытай полициясы Уханьдағы жабық тұрған Хуанань базарын суретке түсірген фотографқа ескерту жасап тұр. 30 наурыз 2020 жыл.
Қытай полициясы Уханьдағы жабық тұрған Хуанань базарын суретке түсірген фотографқа ескерту жасап тұр. 30 наурыз 2020 жыл.

Лондонда орналасқан «Экологиялық зерттеулер агенттігінің» Қытайды зерттеуші маманы Арон Уайттың пікірінше, Қытайдағы мұндай базарларда көбінде хайуанаттар тірідей сатылмағанымен, «дымқыл базар» мен «жабайы табиғат базары» деген ұғымдар көбіне бір мағынаны білдіреді. Бүкіл әлемде кездесетін «жабайы табиғат базары» хайуанаттарды тамаққа немесе үй жануарлары ретінде сатады. Мұндай базарлардың қызметі заңды болуы мүмкін, бірақ әдетте онда рұқсат етілген өнімдермен қатар қызыл кітапқа енген, аулауға не сатуға болмайтын, жойылып кетудің алдында тұрған жануарлар да көп кездеседі. Қытай мен басқа мемлекеттерде барлығы қанша «жабайы табиғат базары» бары белгісіз. Уайттың сөзінше, қазір хайуанаттар саудасы негізінен интернет арқылы жүреді, сондықтан бұл процесті бақылауда ұстау қиын.

Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының биыл наурыз айында жүргізген сауалнамасының қорытындысына сәйкес, Қытайға қарағанда, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінде қызметі заңмен реттелмеген хайуанаттар сататын базарларды толықтай жабу идеясын қолдайтындар саны артып келеді. Сауалнамаға Гонконг, Жапония, Мьянма, Таиланд пен Вьетнамнан қатысқан 5 мыңға жуық азаматтың 93 пайызы мұндай шешімді қолдайтынын айтқан.

Индонезияның Сулавеси аралындағы қалалардың бірінде орналасқан жабайы жануарлар базарындағы жарқанаттар.
Индонезияның Сулавеси аралындағы қалалардың бірінде орналасқан жабайы жануарлар базарындағы жарқанаттар.

«Bushmeat» деп аталатын хайуанаттар еті әлі күнге Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азияның жергілікті базарларында ғана емес, бүкіл Үндістанда, Латын Америкасы мен Африкада да сатылады. Басында бұл термин Африка ормандары мен саванналарынан табылған жануарлардың өлексесіне қатысты қолданылған. Қазір бұл ауызекі тілде кез келген хайуанаттардың еті дегенді білдіреді.

Биыл сәуірдің басында Қытайдың ауыл шаруашылық министрлігі етін жеуге болатын жануарлар қатарынан итті біржола алып тастады. Quartz агенттігі сайтында құжаттан «Адамзат өркениетінің дамуы және қоғамның жануарларды қорғауға талпынысының арқасында иттер адамның серігіне айналды» деген үзінді жарияланған.

Қытайда үй жануарларының тізіміне шошқа, сиыр, тауық, түйеқұс сияқты «дәстүрлі жануарлардың» 13 түрі және «арнаулы жануарлардың» 18 түрі кірген. Арнаулы жануарлар тобына мәселен, етін пайдалану мақсатында қолдан өсірілген бұғы түрлері жатады. Гонконгтағы Animals Asia жануарларды қорғау тобының бағалауы бойынша, осыған дейін Қытайда жыл сайын 10 миллионға жуық ит пен төрт миллион мысық еті тамаққа пайдаланылған.

Қытайдың Юйлинь қаласының «дымқыл базарында» ұрып өлтірілген иттер.
Қытайдың Юйлинь қаласының «дымқыл базарында» ұрып өлтірілген иттер.

Қытай билігі 2020 жылы ақпан айының соңында ресми түрде хайуанаттарды сату мен тамаққа пайдалануға тыйым салды. Бірақ Жабайы табиғатты қорғау қоғамы (Wildlife Conservation Society, WCS) сияқты жануарлар құқығын қорғаушы ұйымдардың айтуынша, қабылданған заңда бұл бизнесті жалғастыруға мүмкіндік беретін, айналып өтуге болатын ережелер көп. Мәселен, заңда хайуанаттарды «медициналық мақсатта» немесе «ғылыми зерттеулерге» пайдалануға, терісін сатуға болады деп жазылған.

WCS басшыларының бірі Дэниел Челленджердің сөзінше, Қытайда жыл сайын бүкіл әлем COVID-19 пандемиясы басталғаннан кейін тани бастаған жабайы панголиндердің 10 мыңы өлтіріледі. Оның еті, ішкі органдары, тырнағы, тісі мен басқа дене мүшелері «дәстүрлі қытай медицинасы» үшін маңызды саналады.

Ухань қаласындағы «Хуанань» базарында торда тұрған панголин.
Ухань қаласындағы «Хуанань» базарында торда тұрған панголин.

Биыл жыл басында (SARS-CoV-2 коронавирусы әлемге енді тарала бастаған кезде) Ресейде жарық көрген журналист Соня Шахтың адамдар мен жануарлар құқығын бұзбайтын ғылым туралы «Пандемия. Қауіпті вирустардың бүкіләлемдік тарихы» деген кітабында Қытай базарларындағы сұмдық пен олардың ғаламдық инфекция тұрғысынан қаншалықты қауіпті екені жазылған:

«Оңтүстік Қытайдағы Гуандун өңірінің астанасы Гуанчжоудағы базардан 2002 жылы пандемияға әкеп соға жаздаған вирус шықты. Бұл вирус әдетте жарқанаттарда кездеседі. Вирус жарқанаттан базардағы көршілес шатырда сатылатын жанат типтес ит, борсық, жылан мен пальма циветтасына тараған. Бір жануардан екіншісіне көшкен сайын вирус мутацияға ұшырап отырған. 2002 жылы қарашада вирустың мутацияға ұшыраған бір формасы жарқанаттардан адамдарға жұға бастады.

Қазіргі жағдаймен салыстырғанда, 2002 жылы Қытай билігі қауіпті эпидемия басталғанын әлемнен соңғы сәтке дейін жасырып келген. Екі айда ауру Гонконг пен Вьетнамға, кейінірек басқа мемлекеттер мен құрлықтарға жеткен. Бұл - SARS қауіпті респираторлық синдромы немесе «атипті пневмония» ауруы болатын. Ол кезде SARS вирусы 8 мың адамға жұғып, ресми дерек бойынша, оның 774-і көз жұмды.

Соня Шахтың кітабында хайуанаттар базары туралы мынадай жолдар бар:

«Гуанчжоу қаласындағы көлік жолайрығының астында орналасқан базар. Саудагерлер арнаулы қорапшалардың ішінде отыр. Олар осында жұмыс істейді, кейде тұтынушыларды күтіп осында қонып та қалады. Ақ түсті пластмассадан жасалған шелектегі лас суда 14 килограмдық тасбақа жатыр. Оған жақын жердегі торда жабайы үйрек пен мысық, күзен мен жылан бар. Торға қамалған, бір-біріне жақын тұрған жануарлар табиғи ортада бір-бірімен мүлде кездеспейді. Ал базарда оларға бір ауамен тыныстап, бір ортада дәрет сындырып, тамақтануға тура келеді. Бұл көрініс SARS неге дәл осы жерден шыққанын дәлелдейді.

Қытайдың Юйлинь қаласындағы сойылуы мүмкін иттер.
Қытайдың Юйлинь қаласындағы сойылуы мүмкін иттер.

Көп себептің бірі – табиғи ортада бір-бірімен мүлде кездеспейтін хайуанаттардың бір жерде шоғырлануы. Табиғатта үңгірді мекендейтін жарқанаттар пальма циветтеріне көрші тұрмайды, ал адамдар олардың екеуін де мүлде көрмейді. Базарда аталған үш түр де (жарқанат, цивет пен адам) бір жерде тұр. Вирустың жарқанаттан циветке өтуі SARS пневмониясының таралуына қатты әсер етті. Циветтер бұл вирусты тез қабылдап, ол өте тез тарай бастады. Бұл жағдай вирусқа табиғи сұрыптаудан өтіп, мутацияға ұшырауға мүмкіндік беріп, жарқанатта кездесетін патоген адам ағзасындағы ауру қоздырғышына айналды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG