Accessibility links

Қытай телеарнасының "бақытты шыңжаңдықтар" жайлы фильмі шындыққа сай ма?


Қытайдың Шыңжаң өңіріндегі Қашғар қаласында 2017 жылы түсірілген сурет.
Қытайдың Шыңжаң өңіріндегі Қашғар қаласында 2017 жылы түсірілген сурет.
CGTN телеарнасының Шыңжаң жайлы фильмінің кейіпкері

CGTN телеарнасының Шыңжаң жайлы фильмінің кейіпкері

"Олар ханзулар аз ұлттарды қытайландырып жатыр дейді. Бұл – шынайы жағдайды толық түсінбеу... Кейінгі уақытта санада өте көп өзгеріс болды. Санадағы өзгерістер Шыңжаңның болашағы үшін жұмыс істейді".

Манипуляция

АҚШ пен халықаралық ұйымдардың "Қытай Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және өзге мұсылмандарды лагерьге қамап, азаптап, жұмысқа жегіп жатыр" деген мәлімдемесі жиілеген тұста Пекин жергілікті БАҚ-та "бақытты шыңжаңдықтар" туралы мақалалар мен фильмдер жариялай бастады.

Өткен аптада Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Facebook желісінде CGTN (China Global Television Network) атты қытай телеарнасының "Тянь-Шань тауының ар жағы: Шыңжаңдағы өмір" атты 80 минуттық фильмін жариялады. Ағылшын және орыс тілінде шыққан фильмде "Шыңжаңда тұратын я сол өңірден шыққан" 24 адамның әңгімесі берілген (көбі – қазақ пен ұйғыр). Чжан Сяо фильмдегі "барлық адам туған жерін сүйеді, арманына ұмытылады, гармонияда өмір сүріп жатыр" деп сипаттайды. Қытай елшісі "шындықты айту арқылы Шыңжаң туралы бұрмаланған әрі өтірік сөздермен күресеміз" дейді.

Фильмде "мақтамен күн көріп отырған" диқан; "төрт түлік бағып бала-шағасын асырап жүрген" малшы; "Шыңжаңда ұйғыр және ежелгі Қашғар өрнектерімен кофехана ашқан" жас жігіт; "болашақта Шыңжаңнан басқа қалаға барып оқығысы келетін" ұйғыр балалар, Қытайдың басқа қаласына "өз еркімен барып жұмыс істеп жүрген" шыңжаңдықтар; Шыңжаңда "мұсылмандармен бірге жұмыс істеп жүрген" ханзу ұлтының өкілдері осы "өміріне риза екенін" айтады.

"Шыңжаң өңірі Турфан қаласына келген" шарап өндіруші ханзу ұлтының өкілі Ли Тяньчун "Олар ханзулар аз ұлттарды қытайландырып жатыр дейді. Бұл – шынайы жағдайды толық түсінбеу... Кейінгі уақытта санада өте көп өзгеріс болды. Санадағы өзгерістер Шыңжаңның болашағы үшін жұмыс істейді" дейді.

"Шыңжаңнан Ченду қаласына барып кафе ашқан" ұйғыр Есуп Емет Керим "Туған өлкемдегі кейбір жастар көп жұмыс істеп, еңбек еткісі келмейді. Көп еңбек пен шыдам ғана жақсы өмірге бастайды" деп Шыңжаң жастарын айыптай сөйлейді.

Шыңжаңда "кофехана ашып табыс тауып жүрген" Марден Аблимит "Олар Шыңжаңға келсін, бұл жерде мен сияқты өз жерін жақсы көретін жастарды кезіктіреді" дейді.

Фильмде сөйлеген кейіпкерлердің "бақытты өмірі" жайлы айтқанын тәуелсіз ақпарат көздерінен растау мүмкін болмады. Бірақ Шыңжаңдағы ұйғырлар мен қазақтарға қысым жасалып жатқаны туралы халықаралық зерттеушілердің дәлелі мен Шыңжаңнан қашқандардың көрген азаптары жайлы айтқаны да көп. Сондықтан Қытайдың CGTN телеарнасының бұл фильмінде манипуляция белгілері бар.

Қытай Шыңжаңдағы лагерьлер мен басқа да саясатын терроризммен күрес, халықты кәсіпке баулу деп сипаттайды. Фильм кейіпкерлері жұртты Шыңжаңға келуге шақырғанымен, Қытай билігі БҰҰ ресми өкілдерін, батыс елдерінің зерттеушілері я журналистерін бұл өңірге кіргізбей отыр.

Халықаралық зерттеуші Адриан Зенц, Австралия стратегиялық саясат институты, ВВС, AP, The New York Times, CNN сынды ақпарат құралдары Қытай билігінің Шыңжаңдағы мұсылмандарды лагерьге жазықсыз қамап, азаптап, жұмысқа жегіп, балаларды отбасынан ажыратып, әйелдерге бала тууды шектеп жатқаны жайлы құжаттар ұсынды. Бұдан бөлек, Қазақстанда да көптеген адам Шыңжаңда туыстары жазықсыз қамалып жатқанын жиі айтып, биліктен көмек сұрайды. Ал лагерьде отырып шықтық деген қазақтар мен ұйғырлар "тәрбиелеу орталығында" зорлық көріп, азап шеккенін, онда қытайша үйреніп, коммунистік партияға мадақ айтқанын жеткізген.

АҚШ мемлекеттік департаменті, Канада парламенті, Ұлыбритания Пекиннің Шыңжаңдағы әрекетін геноцид, түркітілдес халықтардың тілін, ділін және мәдениетін жою әрекеті деп сипаттады.

Ұлыбританияның ВВС арнасы мен америкалық Associated Press ақпарат агенттігі редакциясына түскен Қытайға тиесілі 137 беттік құпия құжатта "Шыңжаң тұрғындары сақал өсіріп, хиджаб кигені үшін" лагерьге қамалғаны жазылған.

Биыл наурызда америкалық Jamestown сараптама орталығы жариялаған Адриан Зенцтің баяндамасында Қытайдың "қайта саяси даярлау" бағдарламасымен қатар "кедейшілікпен күресті" желеу етіп, Шыңжаңнан мұсылмандарды басқа аймаққа мәжбүрлеп жер аударатын бағдарламасы бары айтылған.

Қытай билігінің құжаттары мен жергілікті басылымдарға шыққан ақпараттар негізінде Зенц 2020 жылы желтоқсанда тағы бір есеп жариялап, онда "Шыңжаңда тұратын мыңдаған мұсылман еркінен тыс мақта теруге жегілген, олардың ішінде лагерьден шыққандар да бар" деп мәлімдеді.

Бұдан бөлек, 2019 жылы Журналистердің халықаралық зерттеу консорциумы (ICIJ) жариялаған Қытайға тиесілі құпия белгісі соғылған құжатта "лагерьге түскендер қашып кетпес үшін не істеу керектігі, лагерьлердің барын құпия ұстау әдістері, ауру тараудың алдын алу әдістері, идеология жүргізу тәсілдері, қамаудағылардың әжетханаға шығатын, жақын-жуығымен кездесетін уақытына" дейін көрсетілген.

Зерттеушілер Қытай билігі Шыңжаңдағы әйелдердің бала тууын шектеп, стерилизация жасатады дейді. Ал лагерьде отырып шыққан ұйғыр және қазақ әйелдер аборт жасатуға мәжбүр болғанын айтқан.

Қытай билігі былтыр қыркүйекте 2014-2019 жылдары Шыңжаңда шамамен 7,7 миллион адам "қайта тәрбиелеу орталығында оқып, кәсіп меңгеріп шыққанын", "орталықта ешкім қалмағанын" мәлімдеген.

Бірақ артынша Австралия стратегиялық саясат институты (ASPI) жариялаған зерттеуде Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі мұсылмандарды ұстайтын лагерьлердің 40 пайызға көбейгені айтылады. ASPI спутник суреттерін, куәгерлер сөзін, медиа ақпараттарын және ресми тендер құжаттарын пайдалану арқылы Шыңжаңнан 380-нен аса "лагерьге ұқсас" ғимаратты анықтаған.

Шыңжаңдағы лагерьлер қандай? 3D көріністерді ұсынамыз
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:00 0:00

Биыл ақпанда Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы кейінгі уақытта Қытайдың Шыңжаң өлкесінде "шетелдегі туысына сыйлық жіберу", "дін ұстану" сынды күдікті айыптармен ұзақ жылға түрмеге қамалғандар күрт көбейгенін мәлімдеді.

Қытай билігі халықаралық зерттеулердің бәрін "жалған" деп атап, барлық деректерді жоққа шығарады. Бірақ Шыңжаңға тәуелсіз зерттеушілерді кіргізгісі келмейді. Тек Қытайға экономикалық я саяси тұрғыдан тәуелді елдердің елшілерін я журналистерін ғана шақырады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG