Accessibility links

Енді Қытай басшысы да шексіз билікке ие болды


Қытай басшысы Си Цзиньпин.
Қытай басшысы Си Цзиньпин.

Қытай ондаған жылдар бойы мызғымай келе жатқан билік ауыспалылығы принципінен неге бас тартты? Ресейлік қытайтанушы маманмен сұхбатта осы туралы айтылады.

Пекинде ҚХР (Қытай халық республикасы) парламенті – Бүкілқытайлық халық өкілдері жиынының сессиясы өтіп жатыр. Оған Қытайдың барлық аймағынан үш мыңға жуық делегат қатысуда. 5 наурыз күні ашылған сессия бұл жолы әдеттегіден ерекше ұзаққа созылады – делегаттар 20 наурызға дейін мәжіліс құрады. Бірақ 11 наурызда сессия ҚКП (Қытай коммунистік пратиясы) орталық комитеті ҚХР конституциясына енгізуді ұсынған түзетулерді бекітіп, негізгі шешімді қабылдап қойды. Түзетулердің бірінде ҚХР төрағасы мен оның орынбасары қызметіне қатысты мерзімдік шектеуді алып тастау қарастырылған. Бұл түзету Қытай елінің қазіргі басшысы Си Цзиньпиннің билікте шексіз мерзімге қалуына мүмкіндік береді.

Бұған қоса, Конституцияға Си Цзиньпиннің ҚХР-да "қытайлық ерекшелігі" бар социализм орнату туралы идеялары туралы ережелер енгізілген. Конституцияға енгізілген өзге түзетулер партияның мемлекетті басқарудағы жетекшілік рөлін едәуір күшейтеді.

Си Цзиньпин мен оның билігі ҚХР-да ондаған жылдар бойы мызғымай келе жатқан билік ауыспалылығы принципінен неліктен бас тартуды ұйғарды? Бұл туралы сұхбатында Азаттықтың Орыс қызметінің сұрақтарына саясаттанушы, қытайтанушы ғалым Иван Преображенский жауап береді.

Иван Преображенский.
Иван Преображенский.

- Орталық комитет неге мұндай бастама көтерді? Бәлкім бұл Си Цзиньпиннің өз идеясы болар? Сонда Си Цзиньпин өмірінің соңына дейін билікте қалғысы келе ме? Әлде бұл билікті ұстап қалып, әлдебір реформалар жүргізу үшін қажет пе?

- Адамның ойында не барын кім білсін. Меніңше, Си Цзиньпиннің түпкі мақсаты не, нені қалайды деген сұраққа тіпті психоаналитик маман да дәл жауап бере алмайды. Мұны әрекеттері бойынша талдап көруге болады. Бір жағынан, бейресми риторика бар, ол өз өкілеттігін оған сүйеніп ұзартпақ. Шын мәнінде, әңгіме екі жоба жайлы болып отыр. Біріншісі – экономикалық, екіншісі - ішкі саяси жоба.

Біріншісі – ішкі сұранысты күрт арттырып, Қытайды орташа дәулеттілер қоғамына, яғни ҚХР-нан тысқары жерлерде Қытайдан қанша арзан тауарын сатып алады деген қарайлайтын тәуелділіктен арылатын елге айналдыру. Әңгіме өз тұтынушылары есебінен тіршілік ете алуы әбден мүмкін бір жарым миллиардтық нарық туралы екенін түсініп отырмыз. Еуропалық өлшеммен алғанда, қазір Қытай халқының көп бөлігі әлі күнге дейін кедейшілікте немесе кедейлік шегінен төмен деңгейде өмір сүріп жатыр. Қытайдың ішкері аймақтары мен Қытай мегаполистерінің арасындағы алшақтық жер мен көктей. Дегенмен Қытайдың кей мегаполистері еуропалық қалаларды айтпағанда, америкалық немесе жапондық қалаларға қарағанда, технологиялық тұрғыдан әлдеқайда озық тұр.

Көшеде отырған тіленші. Қытай.
Көшеде отырған тіленші. Қытай.

Ал шетелдіктер ретінде рұқсат алып Қытайдың ішкері жағын араласақ, әлі күнге дейін әжетханасы жоқ, тұрғындары маңайдағы жыраға дәретке баратын ауылдарды көруіміз әбден мүмкін. Си Цзиньпин міне, осы айырмашылықты, диспропорцияны (үйлесімсіздікті) жойғысы келеді.

Си жариялаған екінші, яғни ішкі саяси міндет - коррупциямен күрес. Бұл оның биліктегі ең басты "фишкасы" болған, одан әлі де айырылғысы жоқ. Өйткені Қытайдың қазіргі билігін жемқорлыққа әбден батқаны жұрттың бәріне аян, Си Цзиньпинн келген тұста биліктің барлық деңгейін коррупция жайлап тұрған болатын. Қазір коррупциямен күрес өте қарқынды жүріп жатыр. Шын мәнінде, Си Цзиньпиннің басты тірегі -

Ресейде қазіргі биліктегі элитаның басым бөлігі - Петербургтен шыққандар немесе сол жақта оқығандар болса, Қытайда да кландар осылай өзгеріп отырады.

құқық қорғау органдары, нақтырақ айтқанда, арнайы құқық қорғау органдары. Мұны коррупциямен күресу үшін өзі құрған репрессиялық аппарат деп атайық. Бірақ мына бір қарапайым нәрсені, яғни коррупциямен күрес кезінде Си Цзиньпиннің кланына жатпайтын әрі ықтимал саяси бәсекелестерінің бәрі «кездейсоқ» жойылғанын да түсінгеніміз жөн. Қытайда кландық басқаруға ұқсайтын әлдебір жүйе бәрібір сақталып келеді. Яғни түрлі аймақтардан шыққандар көбінесе түрлі топтарға, кезінде бірге оқығандарға сүйенеді. Мысалы, Ресейде қазіргі биліктегі элитаның басым бөлігі - Петербургтен шыққандар немесе сол жақта оқығандар болса, Қытайда да кландар осылай өзгеріп отырады. Қытайда бір кездері шанхайлық клан біршама ұзақ үстемдік құрған болатын. Қазір билік шартты түрде солтүстік кландарға ойысты. Си Цзиньпин коррупцияға қарсы күреске сүйеніп өзге клан өкілдерін біртіндеп жойып жіберді. Бұған қоса, қазір ол өз-өзіне ешқандай шектеу қоймайды. Бұл - өте маңызды жайт. Ол Қытайдың коммунистік партия мен ресми түрде тіркелген және бейресми оппозициялық партиялардан тұратын қазіргі саяси жүйесі - мінсіз жүйе деп санайды. Оның пайымынша, совет заманында Орталық және Шығыс Еуропаның бұрынғы халықтық демократия елдерінде осындай жүйе болған. Бұлар - болмашы өзгешеліктері болмаса, іс жүзінде биліктегі Қытай коммунистік партиясы саясатын бүтіндей қолдайтын партиялар.

Қытай парламентіндегі дауыс беру. Пекин. 11 наурыз, 2018 жыл.
Қытай парламентіндегі дауыс беру. Пекин. 11 наурыз, 2018 жыл.

Си Цзиньпиннің сөзінше, халықаралық саясатты дамытуға Қытайдың қазіргі саясаты қосқан ең үлкен үлес - міне осы жүйе. Егер Қытай демократиясының қосқан үлесі осындай болса, мұндай демократия аясында билік ауыспалылығы туралы ешқандай әңгіме қозғалмайтыны анық. Бұл Қытайда нарықтық реформалар басталғаннан кейін негізі қаланған билік ауыспалылығы және партия ішінде шартты түрде болса да әлдебір бәсекелестік болуы шарт деген негізгі принциптерден қатты ауытқып кеткенін көрсетеді.

Бұған дейін жеке тап ретінде танылмаған интеллигенция Қытай халық республикасы халқының ең негізгі топтары тізіміне енгізілді әрі бұл коммунистік партия шешімдерімен бекітілді. Яғни қазір біз Қытай коммунистік партиясы тарапынан ресми жарияланып жатқан үндеулердің бәрінде қазіргі биліктегі топтың билік құруына мерзімдік шектеу қойылады деген ешқандай емеурін жоғын байқап отырмыз. Бірақ Си Цзиньпин жуырда бұл тақырыпты пысықтап, өз билік мерзімі қашан аяқталуы ықтимал екенін риторика деңгейінде түсіндіруі мүмкін деген тұжырым жасауға болады. Ал іс жүзінде ол шектеусіз мерзімге билікте қалу мүмкіндігін алды деп айта аламыз. О дүниелік болғанша ма, нақтырақ айтқанда, өмір бойына ма, әлде жоқ па – қазір мұны айту қиын.

Қытай коммунистік партиясы құрылтайы ашылар алдындағы Тяньаньмэнь алаңы.
Қытай коммунистік партиясы құрылтайы ашылар алдындағы Тяньаньмэнь алаңы.

​ - Си Цзиньпин билік ауыспалылығы жүйесін сақтап қалғысы келетін түр танытуға неге тырыспады? Әлдебір мұрагерін дайындауға неге тырыспады? Мұны өзі қаламады ма әлде шамасы келмеді ме?

- Қытайда саяси бәсекелестік имитациялық партиялардың бәсекелестігі есебінен емес, Қытай компартиясы ішіндегі кландар тартысы есебінен жүреді. Си Цзиньпиннің өзі де бірнеше саяси кланды жойғанын айтып өттік. Мысалы, кезінде Қытай компартиясындағы ең ықпалды клан болған шанхайлық клан коррупцияға қарсы қылмыстық процестер аясында бұрынғы ықпалынан айырылып қалды. Сондықтан Си Цзиньпин егер отставкаға кетсе, кезіндегі Цзянь Цзэминь кланының кебін кешуі мүмкін екенін немесе кезінде Ху Цзиньтао кланына өзі істегендерін алдына келтіретінін өте жақсы түсінеді. Яғни ол кеткісі келмейді Ал оның айналасындағылар Қытайдың келесі басшысының қаһарына ұшырап, түрмеге түскісі келмейді.

Яғни бұрын билік ауыспалылығы принципі саясаткерлердің қалауына қарамастан қалтқысыз жұмыс істейтін. Қытай коммунистік партиясының, оның жоғары билігіндегі топтардың ішіндегі билік ауыспалылығы туралы Дэн Сяопиннің тұсында негізі қаланған келісімнен осы кезге дейін бір де басшы ауытқымаған да еді, тіпті ондай мүмкіндігі де болмаған. Дәстүр бойынша, билік транзиті бақылаумен өтуі үшін ҚХР төрағасы негізгі қызметтерін біртіндеп босатады. Ал Си Цзиньпин бұған өзі де айналасындағылар да дайын еместігін көрсетіп отыр. Бұған қоса, ең маңыздысы Қытайдың билеуші табы Си Цзиньпиннің тобына қарсылық танытуға дәрменсіз болып шыққанын қазірдің өзінде көріп отырмыз. Қазір билеуші таптың ішінде Си Цзиньпиннің тобына балама болатындай ешқандай мықты топ қалған жоқ. Сондықтан ол билікті ауыстырмау идеясын амалсыз қолдайтын болады.

-​ Си Цзиньпин билікке келген кезде жұрттың бәрі оның өмірбаянын талдаған болатын. Ол - Мао тұсындағы Қытай билігі мүшелерінің бірінің баласы әрі "мәдени революцияның" зардаптарын тартқан адам. Билікке Қытай қоғамын либералдандыратын адам келгендей көрінген еді. Сіз үшін Қытайда қазір болып жатқан оқиғалар күтпеген жағдай болды ма?

Си Цзиньпиннің партияда ғана емес, уездің халықтық қарулы милициясының саяси комиссары ретінде жұмыс істеген адам екенін де ұмытпау керек.

- Шынымды айтсам, күтпеген жағдай болған жоқ. Өмірбаянына қарағанда, Си Цзиньпин ешқашан жұмсақ мінезімен танылмаған, яғни қатал адам. Сондықтан әлгі кезеңде зардап шеккен өзге де көптеген адамдар - оларды "мәдени революция балалары", "мәдени революцияның өгей балалары" деп атайық – сол кездегі жағдайдың ерекшелігіне қарай қалыптасып қойған тұлғалар болса, Си Цзиньпин шынымен "мәдени революцияның" баласы сияқты көрінетін. Яғни ол сол кезде қолданылған тәсілдерді елдегі билікті сақтап, ұстап қалудың заңды тәсілдері ретінде қабылдады. Оның биліктегі, коммунистік партияның ішіндегі өрлеу тарихы мемлекетті басқаруға барынша қатал, өктем тәсілдерді пайдаланудан тартынбайтын, тіпті оларды жақсы көретін адам келгенін көрсеткен.

Оқи отырыңыз: Си Цзиньпин "мәңгілік" лидерге айнала ма?

Си Цзиньпиннің партияда ғана емес, уездің халықтық қарулы милициясының саяси комиссары ретінде жұмыс істеген адам екенін де ұмытпау керек. Кейін келе-келе саяси және әскери немесе өзге күштік қызметтерді үнемі қатар атқарып келген. Яғни ол билікте бюрократиялық емес, өктем тәсілдерді қолдануды жақтайтын адам, сондықтан алдындағы басшылардан негізгі айырмашылығы да осында.

(Азаттықтың Орыс қызметі тілшісі Андрей Шароградский алған сұхбат орысшадан аударылды)

XS
SM
MD
LG