Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

09:07 29.1.2021

Novavax вакцинасы тиімді, бірақ Оңтүстік Африка мутациясынан 60% ғана қорғай алады

Америкалық Novavax биотехнологиялық компаниясы Ұлыбританияда жүргізілген сынақ коронавирусқа қарсы вакцинасының шамамен 90 пайыз тиімді екенін көрсетті деп хабарлады. Компания 28 қаңтарда таратқан хабарламасында "Covid-ке қарсы әзірлеген вакцина вирус мутациясына қарсы тұра алады" деп мәлімдегенмен "вакцинаның Оңтүстік Африкадан тарап жатқан мутациясынан қорғау дәрежесі едәуір төмен" деді.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Денсаулық сақтау саласының мамандары коронавирусқа қарсы вакциналар алғаш Ұлыбритания, Бразилия және Оңтүстік Африкада анықталған вирустың өзгерген түріне қажетті дәрежеде төтеп бере ала ма деген мәселеге алаңдап отырған шақта компания мәлімдеме жасады.

Осы апта басында Moderna және Pfizer/BioNTech компаниялары өздері әзірлеген вакцинаның британдық штамға төтеп бере алатынын, бірақ Оңтүстік Африкадағы түрінен қажетті дәрежеде қорғай алмайтынын айтқан.

Novavax компаниясының айтуынша, Ұлыбританияда 15 мың адам арасында жүргізілген сынақ Novavax вакцинасының 89,3 пайыз тиімді екенін көрсеткен. Бұл тиімділігі 95 пайыз делінген Pfizer/BioNTech және Moderna вакциналарының көрсеткіштеріне жақын. Сынақ Ұлыбритания вирустың жылдамырақ тарайтын түріне кезігіп, науқастар күрт көбейген шақта жүргізілген. Ал Оңтүстік Африкада жүргізілген екінші кезеңдегі сынақ Novavax вакцинасының ВИЧ жұқпаған адамдарды коронавирустан 60 пайыз ғана қорғай алатынын көрсеткен.

07:13 29.1.2021

28 қаңтарда ПТР тесті оң шыққан 1 469 адам тіркелді

28 қаңтарда Қазақстанда ПТР тесті оң шыққан 1 469 адам тіркелді. Бұл бір күн бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 56 адамға көп. Павлодар облысында 300-ге жуық науқас (296) анықталған. Ақмола облысында тағы 206 адамның ПТР тесті оң шыққан.

Жалпы облыстар мен қалалардағы жағдай төмендегідей:

Нұр-Сұлтан - 21 972 (+124 адам жаңадан қосылды)

Алматы қаласында - 21 807 (+122),

Шығыс Қазақстан облысында - 20 013 (+41),

Атырау облысында - 15 936 (+94),

Қарағанды облысында - 13 624 (+80),

Павлодар облысында - 12 845 (+296),

Батыс Қазақстан облысында - 10 782 (+104),

Солтүстік Қазақстан облысында - 10 658 (+109),

Қостанай облысында - 10 009 (+137),

Ақмола облысында - 10 361 (+206),

Алматы облысында - 9 072 (+75),

Шымкент қаласында - 5 835 (+9),

Жамбыл облысында - 5 516 (+22),

Маңғыстау облысында - 4 014 (+16),

Түркістан облысында - 4 046 (+10),

Ақтөбе облысында - 3 926 (+12),

Қызылорда облысында - 3 583 (+12).

Наурыз айынан бері коронавирус жұққаны тестпен расталған науқастар 183 999 адамға жеткен.

16:09 28.1.2021

Уханьға коронавирусты зерттеу үшін барған ДДСҰ ғалымдары карантиннен шықты

Қаңтар айының ортасында коронавирусты зерттеу үшін Қытайдың Ухань қаласына барған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары 14 күндік карантиннен шықты. Ақпарат құралдары 28 қаңтарда олардың қонақ үйден шығып, автобусқа мінгенін көрген. Бірақ олардың қайда бағыт алғанын анықтай алмаған.

Коронавирусты зерттеу үшін Қытайдың Ухань қаласына барған ДДСҰ мамандары автобусқа отырып жатыр. 14 қаңтар 2021 жыл.
Коронавирусты зерттеу үшін Қытайдың Ухань қаласына барған ДДСҰ мамандары автобусқа отырып жатыр. 14 қаңтар 2021 жыл.

Ғалымдар былтыр коронавирус ошағы болған Уханьда вирустың тарауын зерттеу үшін шамамен бір ай уақыт болады. Бастапқыда олардың сапары шегеріліп, халықаралық сарапшылар қажетті ақпаратқа қол жеткізе алмай, індетті бірінші болып бастан кешірген халықпен тілдесе алмай қаламыз ба деп алаңдаған.

Пекин әлемде 2,1 миллион адамның өмірін қиған вирустың пайда болуын зерттегісі келген халықаралық топтың талпынысын наразы күйде қабылдаған. Халықаралық ғалымдар тобына қойған талаптары үшін және түрлі болжамды алға тартып, айыптан жалтаруға тырысқаны үшін де Қытай сынға ұшырады. Қытай үкіметі індетті бұзылған теңіз өнімдерін импорттаумен байланыстыруға бейім. Бұл болжамды халықаралық сарапшылар жоққа шығарған.

Уханьда коронавирустан қайтыс болғандардың туыстары бұған дейін Қытай билігін әлеуметтік желідегі аккаунтарды жойып, өздерін "жақ ашпауға" мәжбүрлеп, қысым жасады деп айыптаған.

12:41 28.1.2021

Алматыда карантин күшейеді. Кинотеатрлар жабылып, сауда орындары демалыста істемейді

Алматыда эпидемиологиялық ахуал нашарлағандықтан карантин күшейеді. Қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің​ қаулысында 1 ақпаннан бастап шектеу шаралары күшіне енеді деп жазылған.

Қаулыға сәйкес, келесі аптадан бастап қалада театрлар мен кинотеатрлар жұмысын тоқтатады. Олар былтыр қазан айында жартылай ашыла бастаған еді.

Сауда үйлері, ойын-сауық орталықтары жәй күндері 10 мен 20.00 аралығында ашық болады. Демалыс күндері жабылады. Азық-түлік супермаркеттері, дәріханалардың (сауда орталықтарындағы дәріханалар да) жұмыс істеу уақытына шектеу қойылмаған, бірақ олар тек 30 пайызға ғана толуы тиіс.

Көшеде кетіп бара жатқан ер адам. Алматы қаласы. Көрнекі сурет.
Көшеде кетіп бара жатқан ер адам. Алматы қаласы. Көрнекі сурет.

Үсті жабылған азық-түлік, азық-түлік емес базарлар жәй күндері 17.00-ге дейін жұмыс істей алады. Сенбі, жексенбі күндері жабық болады. Ашық базарлар да дәл сондай кестемен жұмыс істейді. Бірақ олар тек жексенбі күні ғана жұмысқа шыға алмайды.

Спорт жарыстары, көрме, форум, конференция, сонымен бірге отбасылық мереке, ас беру сияқты көп адам жиналатын шара өткізуге тыйым салынған. Ойын-сауық мекемелері (ойын алаңы, жабық ғимараттағы аттракциондар, батуттар және т.б), букмекерлік кеңселер жұмысын тоқтатады. Балабақшада тек 15 адамнан аспайтын кезекші топтардың жұмыс істеуіне рұқсат.

Жаңа шектеулер арасында сонымен бірге төмендегідей ережелер бар:

  • Коронавирус инфекциясының кез келген түріне шалдыққандар ауруханаға жатқызылады;
  • Қоғамдық тамақтану орындары 9 бен 20.00 аралығында ғана істеуі тиіс.
  • Сауда ғимараттарындағы тамақтану орындары тек 7 мен 20.00 аралығында ғана үйге алып кетуге тамақ сата алады.
  • Сауна, спа-орталық, бассейндер 8 бен 21 аралығында істейді. Демалыс күндері жұмысына тыйым салынған.
  • "Қазпошта" бөлімшелері мен халыққа қызмет көрсету орталықтары 9 бен 18.00 аралығында істейді.

27 қаңтарда Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қалада эпидемиологиялық ахуал әлі де күрделі деп мәлімдеген. Жыл басынан бері мұнда 3 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталған. Ал былтыр 9 айда шамамен 18,5 мың науқас тіркелген.

Бірақ санитар дәрігер Алматы "қызыл аймақта" ұзақ тұрмайды деп болжаған.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі карантин шаралары сақталса, вакцинаны ескергенде індеттің "шарықтау шегі" 2021 жылдың наурыз айымен тұспа-тұс келеді деген.

Қазақстанда өткен тәулікте ПТР тесті оң шыққан 1 413 адам тіркелген, 88 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. 16 адам өлімі тіркелген: 11 адамның өліміне - коронавирус, 5 адамның өліміне коронавирус пневмониясы себеп болды деп айтылады.

Індет басталғалы бері 182 530 адамның ПТР тесті оң шыққан. 2 521 адам коронавирустан қайтыс болды деп айтылады. Қазақстан билігі 2020 жылдың 1 тамызынан бастап коронавирус пневмониясына шалдыққандарды тіркеп келеді. Содан бері 47 658 науқас тіркелген. Пневмонияның коронавирусқа ұқсас түрінен 564 адам қайтыс болған.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG