Қазақстанда 13,3 мың медицина қызметкеріне коронавирус вакцинасы салынды
Қазақстанда 1 ақпан мен 10 ақпан аралығында 13,3 мың медицина қызметкеріне коронавирус вакцинасы салынған. Бұл туралы сәрсенбі күнгі брифинг кезінде денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады.
Оның айтуынша, вакцинация барлық аймақта жүргізіліп жатыр. 778 екпе салдыратын пункт әзірленген, қазір 166-сы жұмыс істеп жатыр. 9 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылған. Бұған дейін вакцина бірінші кезекте коронавирусты жұқтыру қаупі төнген медицина қызметкерлеріне салынатыны хабарланған еді.
Министрдің сөзіне қарағанда, вакцина 21 күн аралығында екі рет салынады. Оның қорғау әсері бірінші дозасы салынған күннен бастап 12-14 күн өткеннен кейін байқала бастайды.
Министрлік өкілдері қоғамда ұжымдық иммунитет қалыптаспай, тұрғындардың 60 пайызы вакцинадан өтпей масканы шешуге рұқсат етілмейтінін айтты.
Еуропа жаңа штаммен күресіп жатыр, Германия жартылай локдаунды ұзартады
Германия коронавирус жұқтырғандардың азайғанына қарамастан жартылай локдаун мерзімін кемінде наурыздың басына дейін ұзартады. Канцлер Ангела Меркель және 16 аймақ басшысы 10 ақпанда кездесіп, коронавируспен күрес мәселесін және індеттің бизнеске ықпалын талқылайды.
Еуропада коронавирустың жаңа штамы жылдам тарап жатқандықтан аймақ елдері вакцинация кампаниясының ауқымын кеңейтуге тырысып жатыр.
Бірнеше зерттеу вакцинаның кейбір түрлері Оңтүстік Африкалық штаммен әлсіз күресетінін көрсеткен.
Австрия канцлері Себастьян Курцтың сөзінше, кейінгі кезде Оңтүстік Африка штамының Еуропадағы ірі ошағына айналған Тироль қаласынан шыққандар нәтижесі теріс шыққан коронавирус тестін көрсетіп қана аумақтан шыға алады.
Испанияда коронавирус жұқтырғандар 3 миллионнан асты. Мемлекет жаңа штамм тарап жатқан Ұлыбритания, Оңтүстік Африка, Бразилиядан келгендерге шектеу қойды.
Грекия астанасында 11 ақпаннан бастап локдаун енгізіледі. Індет басталғалы бері мұнда үшінші рет қатаң карантин енгізілейін деп отыр. Афиныда екі апта бойы шектеу шаралары күшейеді.
Көрші Болгарияда ақпан айынан бастап коронавирус жұқтырғандар көбейгені байқалса да билік карантинді күшейтпейтінін хабарлады.
Франция денсаулық сақтау министрі Оливье Веран елдегі коронавирус ахуалы тұрақты, жаңадан локдаун енгізу қажеттігі туындай қоймас деп мәлімдеген.
Ал америкалық Johnson & Johnson фармацевтикалық алып компаниясының атқарушы директоры Алекс Горски коронавирус мутациясына байланысты адамзат алдағы уақытта жыл сайын вакцина салдыртуына тура келетін шығар деп болжайды.
Иранда халыққа коронавирусқа қарсы ресейлік "Спутник V" вакцинасы егіле бастады.
"Спутник" вакцинасы бірінші болып менің балама егілді" деді Тегерандағы имам Хомейни ауруханасында вакцинация кампаниясының басталуына орай ұйымдастырылған шара кезінде денсаулық сақтау министрі Саид Намаки. Басталу рәсімі 8 ақпанда тікелей эфирден көрсетілді.
Денсаулық сақтау вице-министрі Алиреза Раиси вакцина бірінші кезекте медицина қызметкерлері, қарттар мен мүгедектерге салынатынын хабарлады.
"Спутник V"-тің алғашқы партиясы Тегеранға 4 ақпанда жеткізілген. Иран билігі ақпан айының ортасынан бастап тағы екі партия жеткізілетінін айтты. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Киануш Джаханпур AFP агенттігіне вакцинаның 2 млн дозасы сатып алынғанын айтқан.
Британдық The Lancet журналы осы айдың басында "Спутник V" вакцинасының коронавирустан қорғау тиімділігі 91,6 пайыз деп хабарлаған.
Ресми мәлімет бойынша, Иранда 1,4 млн адамға коронавирус жұққан, 58 мыңнан астамы қайтыс болған. Иран - Таяу Шығыс аймағында коронавирустан көбірек зардап шеккен ел.
Уханға барған ДДСҰ сарапшылары вирустың қалай шыққанын анықтай алмады
Қытайдың Ухан қаласына барған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары коронавирустың нақты қалай шыққанын анықтай алмады.
Уханға барған миссия басшысы Питер Бен Эмбарек коронавирус жануардан адамға қандай да бір үшінші тізбек арқылы берілуі мүмкін деген гипотеза шындыққа жақынырақ деп мәлімдеді. Ол "вирус суықта қатырылған азық-түлік арқылы да жұғуы мүмкін" дейді. Бұрын да Қытай билігінің өкілдері осы нұсқаны айтқан еді.
ДДСҰ сарапшылары бұрын айтылған "вирус зертханадан шығып кеткен" және "вирус жарқанаттан адамға тікелей берілген" деген гипотезаны "екіталай" деді.
Адамда Covid-19 дертін туғызған коронавирус әзірге табиғатта табылған жоқ. Бірақ коронавирусқа ұқсас вирустар бұған дейін жарқанат пен панголиннен анықталған.
Бұған қоса сарапшылар "коронавирус алғаш рет Ухандағы "Хуанань" базарынан табылғанына дәлел жоқ" деді. ДДСҰ өкілдері коронавирустың адамға тарауының себебін анықтауға көп жыл кетуі мүмкін деп санайды.
2019 жылдың соңында Қытайдың Ухан қаласында коронавирустың жаңа түрі тарап, ол әлемде пандемияға ұласты. Қазір бұл вирус 100 млн астам адамға жұғып, екі млннан аса адам қайтыс болды. Вирустың тарауын тоқтату үшін жарияланған карантин шаралары әлем елдерінің экономикасына үлкен соққы болды. Ал Қытайда вирус жұққындар саны аз.
Коронавирустың шыққаны жайлы дәлелденбеген әртүрлі теориялар көп. АҚШ-тың кейбір саясаткерлері вирус Ухандағы зертханадан шығып кеткен десе, Қытай шенділері вирус АҚШ-та тараған деген.
ПІКІРЛЕР