Коронавирус дерегі: 692 науқас, 8 өлім тіркелді
16 ақпан күні Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі ПТР тестімен расталған коронавируспен 686 науқас, 6 өлім, коронавирус пневмониясымен 6 науқас, 2 өлім тіркелгенін хабарлады. ПТР тестімен расталған науқастардың дерегі 15 ақпан үшін, коронавирус пневмониясы дерегі 14 ақпан үшін беріліп отыр.
ПТР тестімен расталған коронавирус науқастарының аймақтар бойынша саны мынадай:
Нұр-Сұлтан қаласында -23884 (+53 науқас жаңадан қосылды),
Алматы қаласында – 23745 (+107),
Шығыс Қазақстан облысында – 21252 (+85),
Атырау облысында – 16736 (+25),
Павлодар облысында – 16411 (+80),
Қарағанды облысында – 14778 (+30),
Ақмола облысында – 12709 (+72),
Батыс Қазақстан облысында – 12171 (+47),
Солтүстік Қазақстан облысында - 11882 (+37),
Қостанай облысында – 11506 (+71),
Алматы облысында – 10180 (+49),
Шымкент қаласында – 6016 (+7),
Жамбыл облысында – 5772 (+8),
Түркістан облысында – 4219 (+4),
Маңғыстау облысында – 4165 (+3),
Ақтөбе облысында – 4102 (+4),
Қызылорда облысында – 3731 (+4).
Осылайша, ПТР тестімен расталған коронавирус науқастарының жалпы саны 203 259 адамға жетіп отыр. Ресми дерек бойынша, оның 2652-сі коронавирус ауруынан қайтыс болған. Бұл статистикаға коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмей қалған.
Қазақстан үкіметі ПТР тесті теріс нәтиже көрсеткен, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебін 1 тамыздан бастап жүргізіп келеді. Содан бері пневмонияның бұл түрімен барлығы 48 700 науқас тіркелген. Оның 602-сі қайтыс болған.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, қазір барлығы 22 733 адам емделіп жатыр. Оның 5090-ы стационарда, 17 643-і амбулаториялық бақылауда. 255 науқастың жағдайы ауыр, 47 науқастың жағдайы өте ауыр. 38 науқас өкпені желдету аппаратына қосылған.
Қазақстан ресейлік "Спутник V" екпесінің Қарағандыда әзірленетін нұсқасын мақұлдады
Қазақстан ресейлік "Спутник V" вакцинасының Қарағандыда өндірілетін нұсқасын тіркеді. Бұл туралы коронавируспен күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия хабарлады.
"Қарағанды фармацевтика кешені (ҚФК) коронавирус инфекциясына қарсы "Гам-КОВИД-Вак" ("Спутник V") дейтін вакцинаны Қазақстан аумағында тіркеу процедурасын аяқтады" делінген комиссия хабарламасында.
Ведомствоаралық комиссияның хабарлауынша, ҚФК Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі сараптамалық ұйымының вакцина қауіпсіздігі, сапасы және тиімділігі жөніндегі қорытындысын 13 ақпан күні алған.
"Осы қорытынды негізінде Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне тіркеу куәлігін алу жөнінде өтініш жолданды" делінген хабарламада.
Осылайша, Қазақстан "Спутник V" екпесін қолдануды мақұлдаған 27-ел атанды.
Осы күнге дейін екпені Ресейден өзге Беларусь, Аргентина, Сербия, Алжир, Парагвай, Түркіменстан, Венгрия, БАЭ, Иран секілді елдер мақұлдаған.
Қазақстан ресейлік вакцинаны ресми тіркеуден өткізбей тұрып-ақ сала бастаған. Жалпыұлттық вакциналау 1 ақпанда басталды. Биліктің мәлімдеуінше, ҚФК ақпанның соңына дейін Қазақстан өңірлеріне "Спутник V" вакцинасының 90 мың дозасын жеткізбек.
Перу сыртқы істер министрі Covid екпесін кезектен тыс алғаны үшін отставкаға кетті
Жексенбі, 14 ақпан күні Перу сыртқы істер министрі Элизабет Астете Covid екпесін кезектен тыс қабылдағаны үшін отставкаға кететінін мәлімдеді. Өзінің айтуынша, ол қытайлық Sinopharm компаниясының екпесін елде клиникалық сынақ өтпей тұрып және жалпыұлттық вакциналау бағдарламасы басталмай жатып салдырып алған.
Қызметіне былтырғы қарашада тағайындалған Астете вакцинаны 22 қаңтар күні алғанын, екпені қытайлық вакцинаны сынақтан өткізуге жауапты Каэтано Эредиа университеті ұсынғанын айтты.
"Қандай ауыр қателік жасағанымды түсініп отырмын. Сол себепті вакцинаның екінші дозасын қабылдамайтын болдым. Осыны алға тартып, президентке отставка жөнінде өтініш бердім" деп жазды ол Twitter-де.
Бір күн бұрын ел президенті Франциско Сагасти вакцина төңірегіндеу өзге бір дауға байланысты денсаулық сақтау министрі Пилар Маццеттидің отставкасын қабылдағанын мәлімдеген. Мәселе Перудің экс-президенті Мартин Вискарраның кезектен тыс вакцина алуынан туған.
Былтыр қарашада жемқорлық айыбымен қызметінен кетірілген Вискарра екпе салдыру үшін кезектен аттамағанын, вакцинаны сынақ аясында алғанын айтқан. Бірақ жергілікті басылымдар экс-президенттің түсініктемесіне күдік келтірді деп жазды Reuters агенттігі.
Қаңтар айының басында Перу үкіметі қытайлық Sinopharm компаниясымен вакцинаның 38 миллион дозасын сатып алу жөнінде келісімшарт жасасқан. Өткен аптада осы келісімшарт аясында тапсырыстың 300 мың доза көлеміндегі алғашқы бөлігі жеткізілген. Ал вакциналау бағдарламасы өткен аптаның сейсенбісінде ғана басталған. Екпені бірінші болып вирусты медқызметкерлерге сала бастады.
Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, індет басталғалы Перуде 1,2 миллион адамның Covid инфекциясын жұқтырғаны расталған. Оның 43,7 мыңы көз жұмған.
Коронавирус дерегі: 800-ге жуық науқас, 6 өлім тіркелді
15 ақпан күні Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі ПТР тестімен расталған коронавируспен 772 науқас, 4 өлім, ПТР тестімен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмониямен 19 науқас, 2 өлім тіркелгенін хабарлады.
Осылайша, ПТР тестімен расталған науқастардың жалпы саны 202 573-ке жетіп отыр. Ресми статистика бойынша, оның 2646-сы коронавирус ауруынан қайтыс болған. Бұл статистикаға коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам кірмей қалған.
Есебі 1 тамыздан кейін ғана жүргізіле бастаған коронавирус пневмониясы науқастарының жалпы саны 48 694-ке жетті. Былтырғы тамыздан бері пневмонияның бұл түрінен 600 адам қайтыс болған.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазір коронавирустан барлығы 23 542 адам емделіп жатыр. Оның 14 722-сі ПТР тесті оң шыққан науқас, 8820-сы диагнозы ауру белгілері бойынша қойылған науқас.
Министрлік хабарламасына қарағанда, 249 науқастың жағдайы ауыр, 47 науқастың жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр. Ал жасанды желдету аппаратына қосылған науқастар саны 44-ке жетіп отыр.
ПІКІРЛЕР