- Авторы: Бағдат АСЫЛБЕК
Ақмола облысында мектеп асханаларына жұмыс істеуге рұқсат берді
Ақмола облысында бұған дейін коронавирус індетіне байланысты жабылған мектеп асханаларына жұмыс істеуге рұқсат берілді деп хабарлайды ҚазТАГ ақпарат агенттігі.
"Білім мекемелерінің қоғамдық тамақтандыру нысандарының ас залында бір мезгілде 60 балаға дейін, бірақ жалпы орын санының жартысынан аспайтын болса жұмыс істеуіне рұқсат етіледі" делінген сенбі күні Ақмола облысының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына қосымшада.
Бұған қоса құжатта мектеп жанындағы асхана жұмысын жалғастырған жағдайда қызметкерлері жұмысқа шығар алдында Covid-19 вирусын жұқтырмағанын анықтау үшін бір реттік ПТР-тест тапсыруы тиіс екені айтылған.
Қазақстанда эпидемия ахуалын бағалау матрицасына сәйкес, қазір Ақмола облысы "сары" аймақта тұр. Денсаулық сақтау министрлігінің 27 ақпандағы мәліметі бойынша, қазір Ақмола өңірімен бірге "сары" аймақта ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласы мен Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстары бар. Қалғаны – "жасыл" аймақта.
"Жасыл" аймақ індет ахуалына байланысты жағдай тұрақталғанын, кейбір шектеу шаралары жойылуы мүмкін екенін білдіреді. Тұтастай алғанда Қазақстанның өзі де "жасыл" аймақта тұр.
Бұған дейін Қазақстанда екі ірі қала – Алматы мен Қарағандыда адамның вирус жұқтырған я жұқтырмағанын төрт түрлі түспен белгілеп, сол бойынша ажырататын Ashyq мобильді қосымшаның пилот жобасы ресми түрде жұмысын бастаған. Азаматтарды түрлі қоғамдық орынға осы "түске" байланысты кіргізетін болады. QR-кодпен жұмыс істейтін бұл қосымша денсаулық сақтау министрлігінің базасымен интеграция арқылы адамның вирус жұқтырған я жұқтырмағанын анықтауға мүмкіндік береді.
- Авторы: Бағдат АСЫЛБЕК
Алматы мен Қарағандыда қоғамдық орынға қосымшадағы "түске" қарап кіргізетін жоба жұмысын бастады
Қазақстандағы екі ірі қала – Алматы мен Қарағандыда адамның вирус жұқтырған я жұқтырмағанын төрт түрлі түспен белгілеп, сол бойынша ажырататын Ashyq мобильді қосымшаның пилот жобасы ресми түрде жұмысын бастады. Азаматтарды түрлі қоғамдық орынға осы "түске" байланысты кіргізетін болады.
QR-кодпен жұмыс істейтін бұл қосымша денсаулық сақтау министрлігінің базасымен интеграция арқылы адамның вирус жұқтырған я жұқтырмағанын анықтауға мүмкіндік береді.
Қазақстан бас санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың қаулысына сәйкес, Алматы мен Қарағандыда фитнес-клуб, спа-орталық, сауна, бассейн, компьютер клубы (18 жастан бастап), боулинг залына келген адамдарды әрқайсысы әртүрлі төрт түске қарап ажыратады. Аталған нысандарға кіру үшін азамат смартфонына Ashyq мобильді қосымшасын орнатуы шарт.
Ashyq мобильді қосымшасы базаға тіркелген азаматтарды мынадай төрт топқа жіктейді:
- "Жасыл" түс жүріп-тұруда шектеу жоғын, яғни бұл адамның Covid-19 ауруына ПТР-тест қорытындысы вирус жұқтырмағанын көрсеткені базада тіркелгенін білдіреді;
- "Көк" түс – бұл адамның ПТР-тест нәтижесі жоқ, бірақ ол ауру жұқтырған адамдармен байланыста болғандар есебінде жоқ;
- "Сары" түс – деректер базасында Covid-19 жұқтырған адамдармен байланыста болғандар есебінде тұрған адам;
- "Қызыл" түс– Covid-19 вирусын жұқтырғаны ПТР-тест нәтижесінде анықталған адам.
"Сары" және "қызыл" түсті топтағы адамдардың аталған нысандарға кіруіне тыйым салынады. Ashyq мобильді қосымшасындағы өзінің қай топқа жататынын көрсетуден бас тартқандардың да көпшілік орынға кіруіне болмайды.
2 ақпанда денсаулық сақтау министріу Алексей Цой әр азаматтың иммундық статусы туралы ақпарат бар QR-код EgovMobile мобильді қосымшасында болатынын, сонымен бірге оған Ashyq мобильді қосымшасындағы медицина мекемелері ақпарат жүйесіндегі деректер де біріктірілетінін, соның ішінде азаматтардың коронавирусқа қарсы вакцина салдырғаны жайлы деректер де жазылатынын мәлімдеген.
3 ақпанда денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ерлан Қиясов әртүрлі түспен топқа бөліп, статус беруді "уақытша шара" деп атаған. Бұған қоса, егер пилот жоба сәтті өтсе, онда бұл жүйе сауда – ойын-сауық орталықтары, дүкен, мейрамхана, кафе, вокзал мен әуежайларда қолданысқа енгізіледі деп жарияланған.
Азаматтарды Covid статусына байланысты әртүрлі түспен белгілеп, қоғамдық орынға сол бойынша кіргізетіні туралы хабар қоғамда наразылық туғызған. Кейбір азаматтар мұны адамның құқығын бұзып, кемсіту деп атап, оған қарсы шыққан.
Азаматтарды Covid-19 вирусын жұқтырған я жұқтырмағаны туралы ақпарат жазылған QR-код арқылы анықтап, сол бойынша жүріс-тұрысын реттейтін шаралар әлемнің бірқатар елінде енгізілген. Көбіне ондай шаралар жұрттың наразылығын туғызып, қоғамда мұндай шара қаншалықты заңды деген мәселе бойынша қызу пікірталас өрбіген.
Бір тәулікте 10 адам қайтыс болып, 860 науқас анықталды
Қазақстанда коронавирус салдарынан қайтыс болғандар саны тағы 10 адамға көбейді. Бұл туралы 27 ақпан күні елдің денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Ресми дерекке сәйкес, қайтыс болғандардың барлығы Covid-19 вирусын жұқтырғаны (КВИ+) анықталған. Ақпаратта бір күнде коронавируспен 860 науқас тіркелгені, оның 54-іне ПТР тестімен расталмаған (КВИ-) коронавирус пневмониясы диагнозы қойылғаны айтылған.
Қазақстан коронавирус науқастарының статистикасын екі бөлек жүргізіп келеді. Қазіргі мәлімет бойынша, елде 20 280 науқас емделіп жатыр (13523 –КВИ+, 6757 – КВИ-). Стационарда жатқан 4380 науқастың 253-інің жағдайы ауыр, ал 49 адам аса ауыр халде, қазір 42 науқас өкпені желдету аппаратының көмегімен тыныстап жатыр деп хабарлайды министрлік. Бұған қоса 15900 науқас амбулатория емін алып жүр.
Қазақстанда Covid-19 індеті келгелі вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған 2743 адам қайтыс болған. Билік бұл статистикаға Covid-19 инфекциясын жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адамды кіргізбеген.
Қазіргі ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда індет басталғалы бері барлығы 212 018 адамның Covid-19 вирусын (КВИ+) жұқтырғаны расталған. Ал ресми статистикасы былтыр тамыздан бері жүргізіліп келе жатқан КВИ- жұқтырғандар саны 49 226 адамға жетті, оның 620-сы қайтыс болған.
Тағы 900-ден астам адамнан коронавирус пен пневмония анықталды, 13 адам қайтыс болды
Қазақстанда тағы 855 адамның коронавирус тесті оң шыққан, 51 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Өткен тәулікте 13 адам өлімі тіркелген: 12 адам - коронавирустан, 1 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болған деп айтылады. Денсаулық сақтау министрлігінің 26 ақпан күнгі хабарламасында осындай мәлімет көрсетілген.
Бейсенбі күні Нұр-Сұлтан қаласында ПТР тесті оң көрсеткен 135 адам тіркелген. Бұл бір тәулік ішінде республика бойынша тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Алматыда - 110, Павлодар облысында - 78, Батыс Қазақстан облысында - 75, Ақмола облысында - 74, Алматы облысында - 72, Қостанай облысында - 65, Шығыс Қазақстан облысында - 64, Қарағандыда - 54, Солтүстік Қазақстан облысында - 38, Атырау облысында - 28, Жамбыл облысында - 21, Ақтөбе облысында - 16, Шымкентте - 12, Қызылорда облысында - 8, Түркістан облысында - 3, Маңғыстау облысында 2 науқас анықталған.
2020 жылдың наурыз айынан бері елде 211 212 адамның коронавирус тесті оң шыққан, 2 733 адам қайтыс болған. Бұл мәліметке коронавирус пневмониясына шалдыққандар енгізілмеген. Коронавирус тест емес, клиникалық белгілері бойынша анықталатын пневмонияның коронавирусқа ұқсас түріне шалдыққандарды денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылдың 1 тамызынан бері бөлек есептей бастаған. Содан бері 49 172 адамнан коронавирус пневмония анықталған, 620 адам қайтыс болған.
Көптеген сарапшылар Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандар ресми деректе көрсетілгеннен әлдеқайда көп деп есептейді.
ПІКІРЛЕР