Алматыда коронавирус жұққан науқасты қылмыстық жауапкершілікке тартты
Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, коронавирус табылған бір әйел "санитарлық қызметтің жұмысына барынша кедергі келтіріп, айналасында болған адамдар туралы деректерді қасақана бермеген".
Полицейлердің айтуынша, "санитарлық ереже мен гигиена нормаларын бұзғаны үшін" (Қылмыстық кодекстің 304-бап) науқас әйел қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Қазақстанда 12 жастар қыз баладан коронавирус табылды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі елде 12 жасар қыз баланың вирус жұқтырғанын хабарлады.
"Алматыда тағы бір адамнан коронавирус табылды. Ол 2008 жылы туған қыз бала. Қазақстанға Германиядан ұшып келген. Қазірге дейін Алматыда жеті, Нұр-Сұлтанда екі адам вирус жұқтырған" деді министрлік өкілі Диас Ахметшәріп.
Қазақстанда вирус жұқтырғандардың бірі – банк қызметкері
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың бірі – Halyk Bank кеңесшісі. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады. Вирус табылған банк кеңесшісімен байланыста болған басқа да қызметкерлер қазір карантинде.
Halyk bank баспасөз қызметі банк бөлімшелеріне жиі санитарлық тазалау жүргізіліп жатқанын, банк пен банкоматтар жұмысы жалғаса беретінін мәлімдеді.
15 наурыздағы дерек бойынша, Қазақстанда қазір 9 адамнан коронавирус табылған. Оның жетеуі – Алматыда, екеуі Нұр-Сұлтанда жатыр.
Еуропада вирус жұқтырғандар саны азаймай тұр
Италияда кейінгі 24 сағатта 3500 адам дертке шалдығып, 368 адам көз жұмды. Бұл елде барлығы 24747 адам вирус жұқтырса, 1809 адам қайтыс болды.
Испания (7800 адам жұқтырып, 292 адам қаза тапты), Франция (5400, 120), Германия (5800, 11), АҚШ (3500, 63), Швейцария (2200, 14), Ұлыбритания (1390, 35) сынды елдерде де дертке шалдыққандар мен көз жұмғандар саны өсті.
Қытай мен Оңтүстік Кореяда вирус жұқтырғандар күн сайын азайып келеді.
Джон Хопкинс зерттеу орталығының дерегінше, әлемде 162 627 адамнан вирус табылып, 6070 адам опат болды.
ПІКІРЛЕР