Қазақстан коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режиміне көшті
Қазақстан аумағында 16 наурыз күні таңғы сағат сегізде төтенше жағдай режимі күшіне енді. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес, төтенше жағдай 15 сәуір таңғы жетіге дейін енгізілді.
- Бүгіннен бастап қоғамдық тәртіпті бақылау, жергілікті әкімдік, аурухана, мектеп, прокуратура, сот, полиция, салық мекемелері, халыққа қызмет көрсету орталықтары, ел аумағындағы халықаралық ұйымдар, елшіліктер, әскери бөлімшелер, азық-түлік, дәрі-дәрмек қоймаларының күзеті күшейтіледі.
- Мектеп оқушылары 16 наурыздан 5 сәуірге дейін каникулға шықты, ал жоғары оқу орындары, колледждер онлайн оқуға көшті.
- Ел аумағында түнгі клубтар, кинотеатрлар, театрлар, көрме, музей және адамдар көп жиналатын орындардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Бұған қоса спорт жарыстарын, түрлі мерекелік шаралар, той-томалақ өткізуге, ас беруге тыйым салынды. (Жерлеу, қайтыс болған адамның жетісі, қырқы, жылдығына, намаздарға қатысты билік пен Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы тарапынан нақты шешім айтылған жоқ.)
- Азық-түлік дүкендері, тамақ сататын базарлар мен дәріханалар, сонымен бірге кей асханалар жұмыс істей береді. Ірі сауда орындарының жұмысына ішінара өзгеріс енгізіледі, ондағы азық-түлік сататын дүкен, дәмханалар ашық болуы мүмкін. Мұны әр сауда орталығы мен СЭС мамандары шешеді.
- Қазақстанға шет елден барлық көлік түрінің кіруіне шектеу қойылды. Ал ел ішінде көлік қозғалысына, жүк-тауар тасымалына шектеу қойылмайды.
- Сыртқы істер министрлігі төтенше жағдай уақытында шетелде жүрген Қазақстан азаматтары елге кіре алады деп хабарлады. Шетелдік дипломаттар, СІМ шақырумен келетін халықаралық ұйым делегацияларынан өзге шетелдіктердің Қазақстан аумағына кіруіне шектеу қойылды.
- Қазақстанға басқа елдерден келетін транспорттың барлық түріне шектеу енгізілді.
-
Дәрігер тексеруінен, емделуден, карантиннен бас тартқан, деректерін жасырғандар заңға сәйкес жауапқа тартылады.
16 наурыз, таңертегі сағат 10-дағы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирсу жұқтырған 9 адам тіркелген. Жетеуі Алматыда, екеуі Нұр-Сұлтандағы ауруханада жатыр. Елде 1921 адам (1425 адам – ауруханада, 496 адам - үйде) карантинде.
Төтенше жағдайдың алғашқы күні теңге тағы құнсызданды
Қазақстанда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режимі күшіне енген 16 наурызда Алматыдағы кейбір ақша айырбастау орындары 1 АҚШ долларының сату бағасын 440-445 теңгеден қойды деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Kurs.kz сайтындағы ақпаратта валюта айырбастау орындарының кейбірі доллар сатып алғанымен, сатуды тоқтатқаны айтылады.
Қазақстан қор биржасы 16 наурыз күні таңертеңгі сессиясында АҚШ доллары бойынша бірде бір келісім жасалмағанын хабарлады.
Дүйсенбі күні Қазақстан Ұлттық банкінің "ішкі нарықты жаңа макроэкономикалық жағдайларға бейімдеу туралы" ресми мәлімдемесінде "қазіргі жағдайды ескере отырып, бүгіннен бастап Ұлттық банк еркін бағам белгілеу және инфляциялық таргеттеу саясатына сәйкес тепе-тең бағамның қалыптасуына ықпал етуге ниеттеніп отыр" деп жазылған.
Кей сарапшылар бұл – Ұлттық банктің бұдан былай қаржы нарығына араласуды доғарып, белгілі бір шамада теңгенің құнсыздануына кедергі жасаудан бас тартқанын білдіреді деп санайды. "Орталық банк теңгенің шынайы курсын нарықтың өзіне анықтауға мүмкіндік беріп жатыр" деп жазды экономист Олжас Төлеуов.
6 наурызда Венада әлемдік нарықта мұнай бағасын ұстап тұру үшін өндірісті азайту жайлы келіссөз жүргізген ОПЕК, Сауд Арабиясы мен Ресей өзара келісімге келе алмаған соң мұнай бағасы күрт құлдырап, салдарынан теңге де құнсызданған. Өткен аптада АҚШ долларының сату курсы алғаш рет 400 теңгеден асқан болатын.
БАҚ: Ресейде коронавирус зардабына байланысты арнайы қор құрылуы мүмкін
Ресей билігі ел экономикасы мен жеке азаматтарды қолдау үшін 300 миллиард рублі бар (4 миллиард АҚШ долларына жуық) қор құруы ықтимал деп хабарлады "Ведомости" газеті.
Аты-жөнін атамаған жоғары лауазымды екі шенеуніктің сөзіне сүйенген басылым Мәскеу осы аптада жариялауы мүмкін бұл шара арқылы коронавирусқа байланысты карантинде болған адамдарға өтемақы және әуе тасымалы мен туризм саласындағы индустрияға салық жеңілдігін беруді көздейді деп жазады. Сонымен бірге бизнестің өзге салаларына да жеңілдік берілуі мүмкін.
Газеттің жазуынша, Ресейдің "Газпром" және "Роснефть" сияқты мемлекеттік компаниялары да дивиденд төлемін алты айға дейін шегере тұруға мүмкіндік алады. 2020 жылға арналған федералды бюджетке жоспар бойынша мемлекеттік компаниялардан жыл ортасында 7,4 миллиард доллар дивиденд түсуі тиіс.
Қазіргі уақытта Ресейде 63 адамның коронавиурс жұқтырғаны анықталған.
6 наурызда мұнай өндіруші елдер ұйымы (ОПЕК) және Ресей мұнай өндіруді азайту бойынша келісімге келе алмай халықаралық нарықта мұнай бағасы құлдыраған. Соның салдарынан Ресей рублі мен Қазақстан теңгесі құнсызданды.
Өзбекстанда COVID-19 жұқтырғандар саны өсті
Өзбекстанда коронавирус жұқтырғандар саны алты адамға жетті деп хабарлады Азаттықтың Өзбек қызметі - Озодлик радиосы.
Бұған дейін 11 наурызда Парижден оралған әйелдің COVID-19 жұқтырғаны анықталып, онымен байланыста болған 230 адам карантинге жатқызылғаны хабарланған еді. Енді оның екі баласынан, немересі мен жұбайынан және 15 наурызда Стамбулдан Ташкентке ұшып келген тағы бір жолаушыдан COVID-19 табылған деп хабарлады Озодлик.
16 наурыздан бастап Өзбекстанда карантин басталды, елдегі оқу орындары жабылып, мемлекеттік органдардағы жиын-кездесулер өтпейтін болды. Елге кіру және шығуға шектеу қойылды. Оның алдында Өзбекстан Франция, Испания, Ұлыбритания, Иран, Жапония, Ауғанстан, Италия және Оңтүстік Кореямен ұшақ қатынасын тоқтатқан.
Қазіргі кезде Covid-19 коронавирусы әлемде 170 мыңға жуық адамға жұғып, 6,5 мыңнан астам адам көз жұмды. Вирус 140-тан аса елге тарады.
Қазақстанда коронавирус жұқтырған 9 адам анықталды. Оның жетеуі Алматыда, екеуі Нұр-Сұлтандағы ауруханада жатыр. Елде 1921 адам (1425 адам – ауруханада, 496 адам - үйде) карантинде.
ПІКІРЛЕР