Президент Тоқаев коронавирусқа байланысты Қазақстан халқына үндеу жасады
16 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев телеарна арқылы халыққа үндеу жасап, коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында бүкіл ел аумағында төтенше жағдай енгізілгенін хабарлады.
"Төтенше жағдай режимі 16 наурыздан бастап отыз тәулікке енгізілді, қажет болған жағдайда одан кейін де ұзартылатын болады" деді ол.
Тоқаев коронавирусқа байланысты мемлекеттік комиссия құрылғанын, оны премьер-министр басқаратынын айтты. Тоқаев елде қоғамдық тәртіп қатаң бақылауға алынып, көпшілік қатысатын іс-шаралар тоқтатылатынын хабарлады.
"Ірі сауда нысандарының жұмысын шектеуге мәжбүрміз. Бірақ азық-түлік дүкендері мен базарлар жұмысын жалғастыра береді" деген президент елде "азық-түлік қоры жеткілікті екенін" және күнделікті тұтынатын тауар бағасын "негізсіз қымбаттатуға жол берілмейтінін" айтты.
Тоқаев: Қазақстанға үлкен дағдарыс теріс әсер етіп жатыр
Қазақстанда доллар бағасы шарықтап, экономикалық жағдай қиындаған тұста Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурызда телеарна арқылы халыққа үндеу жолдап, коронавирус, елдегі төтенше жағдай және экономикадағы дағдарыс жайлы айтты. Ол коронавирус пандемиясын “уақытша дүрбелең” деп атап, “елде азық-түлік, қаржы қоры бар” деп сендірді.
“Қазақстанға үлкен дағдарыстың теріс әсері тиіп жатыр. Экономикадағы қиындықтарға қарамастан қоғамдағы шиеленіс пен жұмыссыздықтың өсуіне жол бермейміз” деді ол.
Тоқаев елдің халықаралық қоры 90 миллиард доллар екенін, “бұл - қаржы экономика мен әлеуметтік міндеттерді орындауға кепілдік” деп сендірді. Оның сөзінше, отандық кәсіпорындарды қолдап, жұмыс орындарын құру үшін бюджеттен 300 миллиард теңге бөлінеді.
16 наурызда Қазақстанда теңге тағы құнсызданып, айырбастау пунктерінде 1 доллар 445-450 теңгеден сатыла бастады. Кейін Қазақстан биржа қорында (KASE) курс бағамы анықталмай, бірде-бір сауда келісімі жасалған жоқ. Осыдан соң ақша айырбастау пунктерінің көбі доллар сатуды тоқтатты.
Коронавирус жайлы барлық ақпаратты арнайы парақшамыздан оқи аласыз. Бұдан бөлек, мына мақала, видео, тестерімізге көз сала отырыңыз:
Видео: Қолды қалай жуу керек?
Мақала: Қазақстанда төтенше жағдай. Бұл нені білдіреді?
Видео: Вирус деген не?
Видео: Коронавирус қалай жұғады?
Вирусологпен сұхбат: Пандемия деген не және коронавирус қаншалықты қауіпті?
Тест: Вирустар жайлы қаншалықты білесіз?
Видео: Кореяда оқитын қазақстандық сол елдегі жағдай жайлы айтқаны
АҚШ коронавирусқа қарсы вакцина сынағын бастамақ
16 наурызда АҚШ-та коронавирусқа қарсы вакцина сынағы басталады. Бұл туралы АҚШ үкіметіне сілтей отырып, "Америка дауысы" сайты хабарлады.
Сиэтлдегі Kaiser Permanente Washington Health Research зерттеу орталығында өтетін сынақты АҚШ ұлттық денсаулық сақтау институттары қаржыландырады.
Сынақ 18 бен 55 жас аралығындағы, өз еркімен келісім берген 45 сау адамға жасалады. Оларға ұлттық денсаулық сақтау институттары мен Moderna компаниясы жасаған препараттардың әртүрлі дозасы егіледі. Еріктілерге ауру жұқпайды, өйткені препарат құрамында вирус жоқ. Тест мақсаты - вакцинаның қосымша салдары қандай екенін анықтау. Бастапқы сынақтан соң ауқымды сынақ басталады.
Сәуір айында Пенсильвания университеті мен Канзас-сити сынақ орталығында америкалық Inovio Pharmaceuticals компаниясының коронавирусқа қарсы жасаған вакцинасы сыналуы мүмкін. Бұл сынаққа да ондаған ерікті адам тартылады.
Қазір әлемде ондаған зерттеу институты коронавирус инфекциясына қарсы вакцина жасаумен шұғылданып жатыр. Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа қарсы алғашқы вакцина кем дегенде алты айдан соң пайда болуы мүмкін деген еді. Алайда ақпан айының соңында Қытайдың Ресейдегі консулы вакцина қазірдің өзінде дайын екенін, бірақ қосымша тексеріс қажеттігін мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР