Дауыс беру алдында өткізілген сауалнама нәтижесіне қарағанда, Египеттегі сайлауда нақты кімнің жеңетіні белгісіз – себебі дауыс беру құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі сайлауға бірнеше күн қалғанда кімге дауыс беретіндерін білмейтіндерін айтқан.
Бірақ сайлауда жеңіске жету мүмкіндігі көбірек төрт үміткер бар: олардың екеуі – исламшылдар, екеуі – Мүбәрәк билігі кезінде министр болған зайырлы қоғам өкілдері. Бұл әртүрлі топ өкілдері Мүбәрәктан кейінгі Египеттің өтпелі кезеңінде елді басқаруға күресіп жатыр.
Алғашында жиырмаға жуық үміткер президент сайлауына түсуге ынта білдірген. Сәуір айында жоғарғы президент сайлауы комиссиясы 10 кандидатты «президенттіктен үміткер болуға жарамсыз» деп таныды. Нобель сыйлығының лауреаты Мухаммад әл-Барадей мен тағы басқа үміткерлер президенттік сайлауға қатысудан бас тартты.
ИСЛАМШЫЛДАРДЫҢ ҮМІТКЕРЛЕРІ
«Мұсылман бауырлар» ұйымының бұрынғы мүшесі Абдел Монейм Абул Фотух – сайлауда жеңіске жету мүмкіндігі жоғары деп болжам жасалған үміткерлердің бірі.
Радикал салафилермен салыстырғанда ұстамды исламшыл тұлға деп саналатын Фотух 2011 жылы қаңтар айында Египет жоғарғы сотының алдында Мүбәрәк режиміне наразылық танытқан шерушілерге қосылу арқылы біраз халықтың сеніміне ие болды.
Фотухты қолдаушылардың арасында әсіреконсервативті «Әл-Нур» партиясы мен либералды белсенді Уаил Гоним бар. 1970 жылдардың басында «Мұсылман бауырлар» ұйымымен байланысы болған Фотух өткен жылы қозғалыстағы барлық саяси әрекеттерінен ресми түрде бас тартып, президент сайлауына түсуге ынта білдірді.
«Мұсылман бауырлардың» мүшесі Мухаммад Морси – жеңіске жету мүмкіндігі көбірек екінші исламшыл үміткер. Ол – Мүбәрәк биліктен құлатылғаннан кейін құрылған «Бостандық және әділет» партиясының төрағасы.
Жоғарғы президент сайлауы комиссиясы «Мұсылман бауырлардың» мүшесі Хайрат әл-Шатерді сайлауға түсу құқығынан айырған соң Морси бұл қозғалыстың ең негізгі үміткеріне айналды.
ЗАЙЫРЛЫ ҚОҒАМ ӨКІЛДЕРІ
Сайлауда жеңіске жету мүмкіндігі жоғары делінетін зайырлы қоғам үміткерлерінің бірі – Араб лигасының бұрынғы басшысы Амр Мусса.
Халықаралық дипломатияда көп тәжірибесі бар Амр Мусса 2001-2011 жылдары Араб лигасының бас хатшысы, 1991-2001 жылдары елдің сыртқы істер министрі болған. Сонымен қатар ол Египеттің БҰҰ, Үндістан және Швейцариядағы елшісі қызметін атқарған.
Хосни Мүбәрәк биліктен тайдырылған соң елді басқарып келе жатқан Египеттің әскери кеңесі үшін Ахмед Шафиқ басқа үміткерлерден артық көрінеді.
Ахмед Шафиқ Мүбәрәк дәуіріндегі соңғы премьер-министр болған. Бұл қызметін ол бір ай ғана атқарды. Бұған қоса, Шафиқ 40 жылдық әскери мансабының соңында елдің әскери-әуе күштерін басқарды. 2002-2011 жылдары ол азаматтық авиация министрлігіне жетекшілік етті.
Сәуір айында жоғарғы президент сайлауы комиссиясы Шафиқты да «президенттіктен үміткер болуға жарамсыз» деп таныған, бірақ апелляциялық шағымнан кейін ол үміткер болып қайта тіркелді. Сыншылар Шафиқты «Мүбәрәк режимінің қалдығы» деп сипаттайды.
НАРАЗЫ ЖАСТАРДЫҢ ТАЛАБЫ
Мүбәрәк биліктен құлатылғаннан кейін де наразылық шараларын жалғастырып жатқан Египет жастарының көбі бұрынғы режимнен қалған барлық шенеуніктердің биліктен кетуін қалайды.
Жастардың көбі 2011 жылғы революциядан кейін елді басқарып келе жатқан әскери кеңесті сынайды.
Ірі шерулер ұйымдастыратын исламшылдар елде шариғат заңдарының ролін күшейтуді талап етеді. Сонымен қатар олар адам құқықтарын көбірек құрметтеуге, полиция күштерін реформалауға шақырады.
Наразылық шарасына қатысатын либерал азаматтар барлық египеттіктердің бірігуін қалайды.
ӘСКЕРИ КЕҢЕСТІҢ МҮДДЕСІ
Сарапшылардың айтуынша, Египеттің әскери кеңесі елдегі саяси өтпелі кезеңде астыртын ролін сақтап қалғысы келеді. Әскери кеңес сондай-ақ өз бюджеті азаматтық үкімет бақылауына өтуін қаламайды.