Дауыс беру аяқталды. Соңғы мәлімет жоқ, ОСК сайты үнсіз
Осы уақытта Қазақстанның барлық аймағындағы, соның ішінде астанада бір сағат артта жатқан батыс облыстарындағы сайлау учаскелері жабылды. Ауыл, кент, ауылдық округ және аудан деңгейіндегі қала әкімдерін сайлау аяқталды.
Орталық сайлау комиссиясының сайтында 25 шілде күні әкімдер сайлауы туралы бірде-бір ақпарат жарияланған жоқ. Дауыс беру көрсеткіштері туралы аймақтағы әкімдіктердің сайттары хабарлап отырды.
Журналист сайлау учаскесінен күштеп шығарылды
Жамбыл облысындағы ауылдардың бірінде сайлау учаскеден ақпарат таратқан журналист Мият Кәшібай учаскеден мәжбүрлі түрде шығарылды. Бұл туралы журналистің өзі Азаттық тілшісіне хабарлады.
Мият Кәшібайдың айтуынша, ол бүгін, яғни 25 шілдеде таңертең Шу ауданы Өндіріс ауылдық округының орталығы Абай ауылындағы N436 сайлау учаскесінен ақпарат тарату үшін барған. БАҚ өкілі ретінде құжаттарын тіркеп, жағдайды бақылаған. Ол Facebook желісінде сайлау учаскесіндегі жағдайдан хабар тарата бастағаннан кейін комиссия өкілдерінің өзіне шүйліге бастағанын байқаған.
– Пост салғаннан кейін олар журналистік тапсырмама шүйлікті. Мен құжатты көрсеттім. Одан кейін отыра беріңіз деді. Бұдан соң тағы бірнеше пост салдым. Сол кезден бастап маған басқаша шүйліге бастады. Сағат бірлер шамасында менен ПТР-тест сұрады. Мен қаулыны көрсетуді сұрадым. Олар қаулыны шығарып әкелді. Олар менен басқа бақылаушылардың ПТР-тестін тексермеген екен. Мен айтқаннан кейін барып тексере бастады, – дейді Мият Кәшібай.
Оның сөзіне қарағанда, сағат түскі 1.30 шамасында комиссия өкілдері "сіздің мұнда отыруыңыз заңсыз" деп оны қуа бастаған. Сол кезден бастап тікелей эфирге шықтым дейді журналист.
Ол таңертең бақылаушылардың ПТР-тестін тексермей учаскеге кіргізген комиссия өкілдерінің өзі кінәлі деп санайды. "Олардың маған шүйлігуіне журналистік әрекетім түрткі болды" дейді Мият Кәшібай.
– Егер менің әрекетім заңсыз болса, мені кіргізген сіздер ғой дедім. Мен сонда ол жерде 5-6 сағат заңсыз отырған болып шығамын ғой. "Сіздер өз әрекеттеріңізге жауап беріңіздер" дедім. Олар біз "білмей қалдық" дейді... Бір-екі рет ескерту жасады. Жазбаша ескерту жасады. Мен актімен келіспеймін, мен де қарсы уәж актісін толтырамын дедім. Бұдан соң полиция қызметкерлері шақырды. Олар мені мәжбүрлі түрде сыртқа шығарды, – дейді Мият Кәшібай.
Азаттық тілшісі журналистер ПТР тест талап еткен сайлау комиссиясының өкілі Төрехан Азаматовқа хабарласқанмен оның телефоны сөндірулі тұрды.
"Әділ сөз" қорының заңгері Ғалия Әженованың пікірінше, нақты жағдайда сайлау учаскесінің өкілдері бақылаушыларды әу бастан тексермей, заңды бұзып отыр.
– Бұл жерде сайлау учаскесінің өкілдері журналисті залдан шығарудың амалын іздеп, тапқандағысы сол ПТР тест болып отыр ғой. Олар ПТР-тесті таңертең сұрауы керек еді. Журналист учаскедегі жағдайды баяндағаннан кейін оның әрекетіне солайша реакция танытып отыр. Бұл жерде сайлау учаскесінің өкілдері неге жұрттың бәрін әу бастан тексермеген? Неге түс кезінде кенеттен журналисті тексерді? деген заңды сұрақтар туындайды, – дейді заңгер.
Мият Кәшібайдың айтуынша, аталған сайлау учаскесінде 886 сайлаушы тіркелген. Кешке дейін 330-дан астамы дауыс берген.
Бұған дейін ресми орындар күндізгі сағат 2-дегі жағдай бойынша Жамбыл облысы сайлауға қатысу белсенділігі бойынша Қазақстанда бірінші орында тұр деп мәлімдеген еді.
Қарағанды облысында белсенділік байқалмайды
Ресми мәлімет бойынша Қарағанды облысында сайлаушылардың 67 пайыздайы дауыс берген. Бірақ Азаттық тілшісі барған учаскелерінде мұндай белсенділікті байқамады.
Ауылдағы мимырт тіршілік пен жайбасар сайлаушылар. Қарағанды облысы.
ПІКІРЛЕР