Түркістан облысындағы сайлау учаскесіне 7 бақылаушы келген, орын бес адамға дайындалған
Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Көктерек ауылдық округіндегі №179 сайлау учаскесіне бақылаушы ретінде 7 адам келген. Ал жергілікті сайлау комиссиясы 5 бақылаушыға орын әзірлеген.
Сайлау қарсаңында Азаттық тілшісі Дилара Иса осы ауыл округіне барып, науқанның қалай жүріп жатқанын баяндаған. Репортажды оқи отырыңыздар.
Сайлау учаскесінің нөмірі көрсетілген редтапсырма және теріс нәтижелі ПТР анықтамасы
Ауыл әкімі сайлауынан хабар тарату қиындатылған. Билік хабар таратамын деген журналистен сайлау учаскесінің нөмірі көрсетілген редакциялық жолдама мен теріс нәтижелі ПТР анықтамасын талап етіп отыр.
Орталық сайлау комиссиясы бұл талаптың коронавирус пандемиясы кезіндегі карантин шартынан туғанын айтады.
Қазақстанның эпидемия картасында "сары" аймақта тұрған Түркістан облысынан басқа өңірдің бәрі "қызыл" аймақта. Соңғысына кірген өңірде карантин талаптары күшейеді.
Карантин кезінде өтіп жатқан сайлау
Сайлау коронавирус пандемиясы ушыққан тұста өтіп жатыр. Елде маусым айынан бері коронавирустың "дельта" дейтін варианты тарап жатыр. Алғашқыларына қарағанда бұл варианттың жұқпалығы жоғары және ол қауіптірек саналады.
Кейінгі күндері күн сайын алты мыңнан астам науқас тіркеліп, рекорд тәулік сайын жаңарып жатыр. 24 шілде күні 6843 науқас тіркелді. Аурудан қайтыс болғандар саны 84 адамға артты. Екі көрсеткіш те рекорд жаңартып отыр.
Қазақстанның эпидемия картасында "сары" аймақта тұрған Түркістан облысынан өзге өңірлердің бәрі "қызыл" аймақта. Яғни вирус өте қатты тарап жатыр.
Билік дерегінше, індет басталғалы елде барлығы 590 мыңға жуық адам коронавирусқа шалдыққан. Оның тоғыз мыңға жуығы қайтыс болған. Аурудың салдары бұдан ауыр саналады. Былтыр жаздың алғашқы екі айында жүздеген мың адам ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдықты, бірақ ПТР нәтижесі теріс шықты деп олардың ешқайсысы ресми статистикаға кірмеді. Бұдан бөлек коронавирус жұқтырған екі мыңнан астам адамның өлімі де ресми статистикаға кірмей отыр. Билік олардың өлімінде коронавирус ілеспе диагноз болған дейді.
Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы ауыл учаскесінде бір адам екі рет дауыс берді
Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Құркелес ауылы әкімін сайлау кезінде бір адам екі рет дауыс берді. Бұл туралы жергілікті журналист Амангелді Батырбеков Facebook-парақшасында жариялады.
Журналистің жазуынша, бұл жағдай Төлеген Айбергенов атындағы орта мектепте орналасқан №659 сайлау учаскесінде болған.
"Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Сейдулла Айтымбетов пен екі бюллетень беріп жіберген (ұстаз деген аттан садаға кеткір ұятсыз) сайлау комиссиясының мүшесі және екі рет дауыс берген сайлаушы шұғыл түрде жауапкершілікке тартылу керек. Сондай-ақ сайлау туралы заң талабына сай бұл учаскедегі сайлау қорытындысы заңсыз деп табылу керек" деп жазды Батырбеков.
Батырбеков жариялаған видеода, ер азаматтың екі рет дауыс бергенін мойындағанын көруге болады. Ол адам бір бюллетеньді анасы үшін, біреуі өзі үшін салғанын айтады.
ПІКІРЛЕР