БҚО: Бәйтерек ауданында сайлауға қазіргі әкім түсіп жатыр
Бәйтерек ауданы Январцево ауылында сайлауға үш кандидат түсіп жатыр, оның біреуі - қазіргі әкім.
Сайлаушылардың пікірі әрқалай: бірі "сыналған" кандидатты қолдаса, бірі "жастарға дауыс беру керек" дейді.
Қарағанды облысында дауыс беруге арналған кабиналар пердемен жабылған
Азаттық тілшісі Елена Вебер Бұқар жырау ауданы Ростовка ауылындағы №527 сайлау учаскесінде дауыс беру кабиналарының пердемен жабылғанын хабарлады. Журналист мұның заңға қайшы екенін, кабиналардың ашық тұруы керек екенін айтады.
Сайлауком мүшелері партияларының атын білмейді
Алматы облысы Қарасай ауданы Елтай ауылдық округінде №505 сайлау учаскесінің сайлауком мүшелері қай партиядан келгенін білмейді дейді Азаттық тілшісі.
Елтай ауылдық округінде бірнеше елдемекен бар. Округте 10800 сайлаушы тіркелген.
Бақылаушылар түскі асқа кетті
Ақмола облысы Целиноград ауданы Оразақ ауылындағы сайлау учаскесінде бақылаушылар "түскі асқа" кетті. Азаттық тілшісі дауыс беру залына кіргенде, ол жерде бес бақылаушының біреуі ғана болған. Сайлау комиссиясының төрағасы Бекзат Тоқтасынұлы кемі бір бақылаушының барын, оларға "алмасуға болатынын" айтты.
Ал осыған дейінгі сайлауларда бақылаушы болған азаматтық белсенді Белла Орынбетова бақылаушылардың бұлай кетіп қалуы, бақылау қызметінің әсерін жоққа шығарады дейді.
"15 минутқа шығып кетсе, жәшік толып қалуы мүмкін. Бақылаушылықта ешқандай мән қалмайды" дейді ол.
ПІКІРЛЕР