Ақмола облысында кей учаскеде бақылаушы жоқ
Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылдық округіндегі №733 сайлау учаскесінде бірде-бір байқаушы болмады. Бұл туралы учаскеге барған Азаттық тілшісі хабарлады.
"Сайлау комиссиясының өкілі "таңнан бері бірнешесі кіріп-шығып жүр, бір адам қалған. Ол да әжетханаға кетті-ау" деді сайлау комиссиясының өкілі.
Қарағанды облысы Қызылжар ауылында дауыс беріп жатқан сайлаушы аз
Сағат 14:00-ге дейін дауыс бергендер сайлаушылардың ширек бөлігіне де жетпейді деп хабарлады Азаттық тілшісі.
"Өз өмірімді жақсартуға тырысамын". Ерейментаудағы сайлау және "Нұр Отанның" атышулы кандидаты
Ақмола облысындағы Ерейментау қаласында сайлаушылар белсенділігі байқалмайды. Бұл туралы "Еркіндік қанаты" қорының ортақ құрылтайшысы Роман Реймер Facebook желісінде хабарлады. Ол барған №416 сайлау учаскесінде 1898 сайлаушы тіркелген, саған 12:00-ге қарай оның 295-і ғана дауыс берген.
"Еркіндік қанаты" бақылаушылары заңбұзушылыққа куә болған: комиссиясы он бюллетеньге алдын ала қол қойып қойған. Комиссия төрағасы "мұндай жағдайдың қайталанбауын қадағалауға" уәде берген.
Сондай-ақ учаскеде бақылаушыларды фото-видео түсірілім жасаудан, учаске ішінде ары-бері жүруден тыймақ болған. Бірақ белсенділер заңға сілтеген соң, комиссия төрағасы олардың жұмысына кедергі келтірмеген.
Аудандық маңызы бар қала Ерейментау атышулы кандидатымен танымал. Әкім сайлауына "Нұр Отан" партиясы атынан түскен Сапар Барлыбаев "Хабар" телеарнасына берген сұхбатында шатасып кетіп, "жеңіске жетсем, өз өмірімді жақсартуға тырысамын" деп айтып қалған. Шамасы кандидат "тұрғындардың өмірін жақсартуға тырысамын" деп айтқысы келген. Бірақ кандидаттың жаңылып айтқан сөзі интернетте жедел аударып, адамдардың әзілге қарық қылды.
Күлкіге қалғанымен ол қарсыласы – өз-өзін ұсынған Абылайхан Сырымбетовтың үстінен шағым түсіріп, оны "үгіт материалдарын орнату кезінде заң бұзды" деп айыптаған.
15 шілде күні сот болып, Абылайхан Сырымбетовке үгіт материалдарында "сол материалды басып шығарған ұйымдар, басу орны, тиражы, тапсырыс беруші және қаржыландыру көзі туралы ақпарат болмағаны үшін" айыппұл салған. Сол күні сайлау комиссиясы Сырымбетовтың кандидаттар қатарынан шығаруды ұйғарған. Оған сот әлі күшіне енбеген сот шешімі негіз болған.
Әкім институтына сенбейтін сайлаушымен шағын сұхбат
Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Жаңаталап ауылының тұрғыны Еркен Бүркітбаев әкім сайлауынан ешнәрсе өзгермейтінін айтады. Ауыл тұрғындары өз тағдырын әкімнің қатысуынсыз-ақ шеше алар еді дейді ол.
ПІКІРЛЕР