31 қазанда өткен парламент сайлауында билік басындағы "Грузин арманы" партиясы жеңіске жетті. Бірақ оппозиция қорытындымен келіспейтінін, Тбилиси орталығында наразылық бастайтынын мәлімдеді.
Грузия орталық сайлау комиссиясы алдын ала қорытындыларды жаңартты. Барлығы 3848 сайлау учаскесінің 3233-індегі бюллетендерді санағандағы мәлімет бойынша, биліктегі "Грузин арманы" партиясы 48,28 пайыз дауыспен жеңіске жеткен. Екінші орында – "Бірыңғай ұлттық қозғалыс – біріккен оппозиция", олар 26,57 пайыз дауыс жинаған.
Грузиядағы парламент сайлауымен қатар өткен Аджария автономиялық республикасы Жоғарғы кеңсінің сайлауында да "Грузин арманы" жеңіске жеткен.
Парламент сайлауына тіркелген дауыс берушілердің 56 пайызы қатысқан. Оппозициялық партиялар сайлау нәтижесімен келіспейтінін айтып, "заңсыз сайлауға" наразылық білдіру үшін түстен кейін Тбилисидің орталығындағы Руставели даңғылына жиналуға шақырды.
"Бұл сайлау болған жоқ, соғыс болды, және соғыста біз жеңілген жоқпыз. Жексенбі күні сайлауда аймақтарға кеткен оппозиция өкілдері Тбилисиге қайтып оралуы керек" деді Азаттықтың "Эхо Кавказа" радиосына сұхбат берген "Ұлттық қозғалыстың" саяси кеңесінің мүшесі Ника Мелиа.
Лейбористік партия жетекшісі Шалва Нателашвили бұл сайлау қорытындыларының күшін жойып, қайта сайлау тағайындау керек деп санайды.
"Билікті олигархтар алып қойды. Грузин халқы бұған жауап беруі керек., бізді жаңа сайлау күтіп тұр, басқа жол жоқ. [Наразылық] шаралары басталса, ол Иванишвили ашық саясаттан кеткенше жалғаса бермек" деді Нателашвили.
Азаттықтың Грузин қызметінің хабарлауынша, орталық сайлау комиссиясы дауыс беру аяқталғаннан соң сегіз сағат бойы ешқандай брифинг өткізбеген, сайлаудың алдын ала қорытындыларын жарияламаған. Оның үстіне, ОСК биліктегі "Грузин арманы" партиясы жеңген хаттамаларды ғана жариялаған.
"Новости-Грузия" агенттігінің хабарлауынша, осы бірнеше сағат ішінде сайлау комиссиясындағы бақылаушылар "бұрмалаудағы қиындықтарға" байланысты қорытынды хаттамаларды әзірлеп, орталық сайлау комиссиясына жібере алмай қиналған. Кей жерлерде сайлау жәшігіне топтап тасталған бюллетендер саны дауыс беруге қатысқандардың санымен сәйкес келмей қалған.
2012 жылы "Грузин арманы" коалициясын құрған миллиардер Бидзина Иванишвили партия жетекшілері мен жақтастарын жеңісімен құттықтады. Әзірге сайлау нәтижесі парламенттегі орындарды бөлуге қалай әсер ететіні белгісіз. "Грузин арманы" осымен үшінші рет бір партиялы үкімет құра ала ма, жоқ па, бұл жағы да нақты емес.
"Бірыңғай ұлттық қозғалыс" екінші орын алды деп жариялаған экзит-пол нәтижелеріне сүйенген Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили оппозициялық күштерді жеңісімен құттықтады және бұл үкіметте премьер-министр қызметіне ұмтылмайтынын айтты.
"Қазіргі жағдайда бұл – оппозиция күштерінің үлкен триумфы. Қазір біздің басты міндетіміз – басқа оппозициялық қозғалыстармен бірлесіп ұлттық бірлік үкіметін құру" деді Саакашвили "Интерфакс" агенттігіне.
Артынша Саакашвили "Грузин арманы" басшысын жеңісті тойлауға асықпауға шақырды.
"Иванишвили сайлауда жеңдік деп жарияласа, қолында барынан айырылады. Иванишвилиге: "Боря, сен саясаткер емессің" дегім келеді" деді Саакашвили Грузиядағы "Формула" оппозициялық телеарнасында тікелей эфирде сөйлеген сөзінде.
Ол Иванишвилиді 2012 жылы сайлауда жеңілген соң билікті ың-шыңсыз тапсырған өзінен үлгі алуға шақырды.
ПІКІРЛЕР