Accessibility links

«Грекия ЕО-дан шықса, Ресей ұтады»


Референдумнан кейін сөйлеп тұрған Грекия премьер-министрі Алексис Ципрас. Афин, 5 шілде 2015 жыл.
Референдумнан кейін сөйлеп тұрған Грекия премьер-министрі Алексис Ципрас. Афин, 5 шілде 2015 жыл.

Еуропадағы Карнеги қоры сарапшысы, Strategic Europe журналы бас редакторы Джуди Демпси Грекиядағы референдум салдары және оның Еуропа Одағы болашағына әсері туралы Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап берді.

Азаттық: - Грекия халқы [шілденің 5-інде] Еуропаның қаржылай көмек көрсету туралы ұсынысына қарсы дауыс берді. Әрі қарай не болмақ?

Демпси: - Алдымен әрі қарай не болмайтынын айтып берейін. [Одаққа мүше елдердің] үкіметтері Еуропаның болашағы мәселесінде еуропашылдық бағытқа ойыса қоймайтыны анық. Грекиядағы тығырық Еуропаның бұл дағдарыстың нақты мәнін түсінуге қабілеті жетпейтін әлсіздігін айқын көрсетті. Бұл тек ақша турасындағы немесе Грекиядағы күрделі саяси ахуал төңірегіндегі дағдарыс емес, бұл – ең алдымен Еуропаның болашағына қатысты дағдарыс. Біз тек Грекияға қысым жасау, бұл елдің ішкі түбегейлі проблемаларын шешуде бірбеткейлік танытуы мәселелері айналасында даурығып жатырмыз, ал ең басты мәселе - Грекия еуроаймақтан шығып кеткен жағдайда қаржылық одақтың легитимдігіне үлкен нұқсан келетіні жөнінде көп бас қатырған жоқпыз. Ең негізгісі – саяси және экономикалық интеграция бастамасы мүлде тоқтап қалды. Еуропа басшылығы үшін бұл үлкен жеңіліс болатыны анық.​

Азаттық: - Грекия дағдарысы еуроаймаққа түгел қауіп төндіріп тұр деп ойлайсыз ба?​

Демпси: - Иә, тегіс қауіп төндіріп тұр. Бұл ауыр соққы болмақ. Шағын елдегі дағдарыстан шыға алмаудың өзі мәселенің тым күрделі екенін, мұның Еуропаға, еуроинтеграцияның болашағына үлкен қатер төндіретінін аңғартады.

Азаттық: - Еуроаймақ елдері басшыларының басқосуынан соң іле-шала шілденің 7-сі күні Брюссельде Еуроаймақ елдерінің қаржы министрлері кездеспек. Олар қандай да бір мәмілеге келуі мүмкін бе?

Демпси: - Бірдеңе дей қою қиын. Германиялық сарапшылардың, Германияның және Еуропаның түрлі елдеріндегі саяси элитаның пікіріне құлақ салып келемін. Олар Грекияның мәселесін іштей сезінген жоқ немесе тіпті сезінуге құлық та танытпады. [Грекия премьер-министрі Алексис] Ципрас жаңа ұсыныстар әкелсе... оның үстіне жаңадан тағайындалған қаржы министрі ахуалды жақсартуға көмектессе, ахуал жақсаруы мүмкін. Бірақ ол жеткіліксіз. Не болатынын білмеймін. Тек Грекия [еуроаймақтан] шығып кетпес деп үміттенемін. Не болатынын тіпті болжай да алмаймын. Мұның Батыс Балқанға, Грекияға, босқындарға, Кипрге, трансатлантикалық қарым-қатынасқа, Еуроодақтың сырттағы емес, тіпті өз ішіндегі мәселелерді шеше алу мүмкіндігіне стратегиялық тұрғыдан қаншалық әсер ететінін түсініп, осыны күні тәртібіне шығарғандарын қалаймын. Егер еуропалықтар институт ретінде, Еуропа Одағы ретінде бұл мәселені шеше алмаса, онда олар қалың ұйқыға кетудің қарсаңында қалбақтап жүрген болып шығады.

Азаттық: - Ресей осы дағдарыстың арқасында қалыптасқан бос кеңістікті басып қалады деп ойламайсыз ба?

Демпси: - Бұл – өте маңызды жайт. Егер Грекия еуроаймақтан шығып кетсе, онда біздің Украина дағдарысына мойын бұруға мұршамыз болмай қалады, себебі бұл екі мәселе де – мығым күш болып қалудың мәселесі. Бұлар бір-біріне мүлде қатысы жоқ нәрселер болып көрінуі мүмкін, дегенмен бұл екеуі де Еуропаның ұзақмерзімді басымдықтарына тікелей қатысты нәрселер. Олар - түбегейлі реформалар, олигархтардан арылу, жемқорлықты жою, транспаренттілік қалыптастыру мәселелері. Ал Ресей біздің Украинада жеңіліс тапқанымызды қалайды. Қазір Кремль біздің Грекияда жеңілуімізді күтіп, қарап отыр. Еуропа Одағының осындай әлсіреген кезінде Ресейдің өз ұпайын түгендеп қалуға тырысатыны айдан анық.

Рикард Йозвяктың мақаласын ағылшын тілінен аударған - Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG