Жыл сайын Қазақстаннан ондаған қызды жыныстық қызметке салу үшін шетелге алып кетеді. Қазақстан шетелге "тірі тауар" шығаратын елге айналып барады. Бақылаушылардың пікірінше, ел билігі адам саудасына қарсы күрестің қарапайым стандарттарын сақтамай отыр. Адамдарды құлдыққа тартатын азаматтар заңсыз әрі табысы мол бизнесті қалай жүргізеді? Олардың құрығына кімдер ілігеді? Адам саудасына қатысты қылмыстарды дәлелдеу неге қиын? Азаттық осы және өзге де сұрақтар төңірегінде адамдарды құлдықтан құтқарып, жаңа өмірге бейімдеумен айналысатын "Сана Сезім" қоғамдық бірлестігінің заңгері Бехзод Тулаевпен сөйлесіп көрді.
Қазір Шымкент сотында адам саудасына қатысты іс бойынша сот процесі жүріп жатыр: 16 адамға араб елдеріне жезөкшелікпен айналысатын қыздар жеткізу жолдарын ұйымдастырды деген айып тағылып отыр. Жәбірленушілер қатарында ондаған қыз, оның ішінде кәмелетке толмаған балалар да бар.
Шымкенттегі сот ісі — заңсыз адам сату-сатып алу тізбегінің барын растайтын көп мысалдың бірі ғана. Сарапшылар қазақстандықтарды Еуропа мен Азиядан бастап, Латын Америкасына дейінгі әртүрлі мемлекетке алып кететінін айтады. Дәлел жинаудың қиындығы, заңдағы кемшіліктер, жемқорлық пен басқа да факторларға байланысты мұндай қылмыстар көбіне жазасыз қалады.
Былтыр Қазақстан полициясы адам саудасына қатысты 72, 2019 жылы 45 іс тіркеген. АҚШ мемлекеттік департаментінің осы айдың басында жарияланған жаңа есебінде осындай деректер қамтылған. Құжатта "Қазақстанда құлдыққа тартатын адамдары бар ұйымдасқан қылмыстық топтар мен адам саудасымен айналысатын шағын желілер елдегі және шетелдегі притон басшыларымен бірлесіп жұмыс істейді" делінген. АҚШ Қазақстанды адам саудасына қарсы күрестің минимал стандарттарын толық сақтамайтын, бірақ ахуалды жақсарту үшін бірқатар шара қолданып отырған елдер қатарына жатқызады. Кейінгі бес жылда адам саудасына қатысты жабылған немесе тоқтатылған 250 істі тексеру кезінде жәбірленушінің құл иеленушіден қорқуына байланысты кей іс бойынша тергеу жұмыстары баяу жүргені, 35 істің негізсіз жабылғаны анықталған.
30 шілде бүкіләлемдік адам саудасына қарсы күрес күні Азаттық Шымкенттегі "Сана Сезім" үкіметтік емес ұйымының заңгері, сарапшы Бехзод Тулаевпен сұхбатын жариялап отыр. Сарапшы жұмыс тәжірибесінде кездескен хикаялар, жәбірленушілермен және олардың туыстарымен болған әңгімелер негізінде құлдыққа тартумен айналысатын азаматтардың ықтимал құрбандарды қалай үгіттеп, қандай әдістермен құрығына түсіретінін айтып берді.
Азаттық: Қазақстандықтар шетелге шығарылатын "тірі тауарға" қалай айналады? Бұған қандай факторлар әсер етеді?
Бехзод Тулаев: Мұндай фактор өте көп: Қазақстандағы экономикалық ахуал, әлеуметтік теңсіздік, отбасындағы келеңсіздіктер. Көбіне адамдар ақша табудың жолын іздейді. Біздің нарықта қызметкерге қойылатын талап өте жоғары, жалақы төмен, жақсы жұмыс орындары тапшы. Бұл жұртты өмір сүру деңгейі мен ең төменгі жалақы мөлшері бізден жоғары елдерден жұмыс іздеуге итермелейді. Бұл тұрғыдан алғанда заңсыз бизнес тартымды көрінеді: басқа елден келген мигрантқа ешқандай талап қойылмайды, Қазақстанмен салыстырғанда, көбірек жалақы төленеді. Ресми жұмысқа орналасу үшін жұмыс визасы, шетелде жұмыс істеуге рұқсат қағазы, ресми келісімшарт, тіл білу сияқты бірнеше талап бар. Ал заңсыз жұмысқа тұратын адамнан төлқұжаты мен туристік визасын ғана сұрайды. Бастысы — адамдарды діттеген еліне жеткізу.
Азаттық: Адамдар шетелге шыққаннан кейін құлдыққа қалай түседі?
Бехзод Тулаев: Бұл өте қарапайым. Қыздар жұмыс іздейді, олармен күңдікке тартатын адамдар байланысқа шығады. Басында бір қызды көндіреді, кейін ол арқылы басқа қыздарды тартып, ары қарай тізбекпен кете береді. [Күңдікке тартатын адамдар] құрбанын көбіне қоғамдық орындардан, түнгі клубтардан іздейді. Олар адамның сеніміне кіріп, мысалы, Араб әмірліктеріндегі "ертегідегідей өмір" туралы айтып, қызықтыратын нағыз кәсіби мамандар болады. Әдетте күңдікке тартатын адам әңгіме барысында қыздың қандай отбасынан шыққанын, ата-анасы не іздейтін адамдары бар-жоғын біліп алады. Көбіне әлеуметтік жағдайы төмен, толық емес отбасынан шыққан қыздарды нысанаға алады.
Азаттық: Күңдікке тартатын кәсіби маман әдетте түнгі клубтар мен барларда қыздармен танысып, сеніміне кіретін жас жігіттер бола ма?
Бехзод Тулаев: Гендерлік фактор маңызды рөл ойнайды. Жігітке сенімсіздік болуы мүмкін. Сондықтан қыздарға көбіне қыздар барып, тез тіл табысып кетеді. Күңдікке көндіру бірнеше күнге немесе айға созылуы мүмкін. [Күңдікке тартатын адам] әдемі болады, жақсы киінеді, жанындағы адамды шетелдегі тамаша өмірге ынтықтырып, оған жұмысы жақсы екенін, өзіне пәтер мен көлік сатып алғанын, ештеңеден тарлық көрмей өмір сүріп жатқанын айтады. Жас қыздар осыған қызығып, көніп қалады. Шетелге кетуге бекінген қыз ата-анасын көндіріп, кез келген құжатқа қол қойып, мойнына ілінген шылбырдың жібін одан сайын тарылта береді.
Араб еліне барғаннан кейін айналасындағы сұлулыққа тәнті болған қыз Instagram желісіне суреттер салып, "ертегідегідей өмірін", өзі тұратын қымбат қонақ үйін көрсете бастайды. Иә, алғашқы айларда онымен жылы сөйлесіп, шынымен бар-жағдайы жасалған жерде тұрғызуы мүмкін. Қыздар видео түсіріп, жаңа қыздарды тартуға жарнама жасасын деген мақсатпен бұл әдейі істеледі. Олар күңдікке тарту үшін әр жолы жаңа қыздар мен жаңа видеолар керегін жақсы біледі. Сонда әртүрлі видеоны көрген адамдар "қаншама адам барып жатса, демек жақсы компания екен ғой" деп ойлайды. Көбіне кәмелетке толмаған немесе жасы 20-ға жетпеген қыздарды іздейді.
Азаттық: Адам саудасы табысы мол кәсіптердің бірі саналады. Қыздарды әдетте қанша ақшаға сатады?
Бехзод Тулаев: Қыздың жасына байланысты баға бес мың доллардан басталады. Араб елдерінде 12-20 жас аралығындағы қыздарға сұраныс жоғары. [Қазақстаннан] 13 жастағы қызды алып кеткені туралы ақпарат бар. Қыздар жас болған сайын қымбат бағаланады.
Азаттық: Қыздар шетелге кетіп, адам саудасымен айналысатын қылмыскердің қолына түскеннен кейін не болады?
Бехзод Тулаев: Жаңа елге барғаннан кейін күң иеленуші тіркеуге қоямын деген сылтаумен қыздардың төлқұжатын жинап алып, қайтармай қояды. Қыздарды сұлулық салонына жұмысқа тұрғызып, "бет әрлеумен, маникюр жасаумен айналысасыңдар" деуі мүмкін. Ешқандай келісімшарт жасамайды. Кейде келісімшартқа қол қойғызып, бәрін "ресми тіркегендей" сыңай танытуы да мүмкін. Бірақ кейіннен бұл қағаздарға еш жерде тіркелмеген, жалған ұйымның мөрі қойылғаны белгілі болады.
Қыздар осыған сеніп, "осында тұрамын, мына жерде жұмыс істеймін, бәрі тамаша" деген видеоларын бөліседі. Бірақ бір күні оған "Мен сені осынша мың долларға сатып алдым. Енді ақшамды қайтару үшін жұмыс істе" деуі мүмкін. Әдетте күң иеленушілер жыныстық қызмет көрсетуді меңзейді. Қыздарға күніне қанша клиент қабылдауы керегін ашып айтады. Жоспарды орындамаса, жазалайды. Ұрып-соқпайды, өйткені қыздың бет-әлпеті “тауар” саналады, ал кез келген соққы ізі клиенттің көңілін қайтаруы мүмкін. Ұрса да, жұдырықпен емес, шапалақпен ұрады, бетіне тимейді. Бір қызды ваннаға электрошокер салып, бірнеше сағат бойы суық суда ұстап, ұзақ уақыт ас-су бермей жазалаған.
Қыздарды клиенттермен кездесу үшін басқа қонақ үйлерге немесе жабық VIP-лоджияларға апарады. Бірақ көбіне оларды басында апарған қонақ үйде ұстайды. Қыздарды ешқайда шығармайды. Олар қонақ үйде тұрып, сонда жұмыс істейді. Ресепшндағы администраторлар оларды бақылап, қанша клиент кіргенін, қай қыз қанша ақша тапқанын тіркеп отырады. Күзетшілер ешкімді сыртқа аттап бастырмайды. Оларды басқа қонақ үйге апарса, терезесі тұмшаланған, жабық көлікпен алып кетеді. Бақылаудың тағы бір әдісіне сәйкес, қыздарға бір ұжымда ұзақ уақыт бірге жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Оларды достасып үлгермесін, бірлесіп қашып кетуге тырыспасын деп, үнемі ауыстырып, сатып отырады.
Азаттық: Кәмелетке толмаған балаларды шетелге ата-анасының не қамқоршысының рұқсатынсыз қалай алып кетеді?
Бехзод Тулаев: Сенімхатты қолдан жасайды немесе оны алу үшін қамқоршыларын алдап-арбайды. "Қызыңызды оқуға жібереміз, курс оқып, салмақты компанияда жұмыс істейді" деп сендіреді. Өздері жалған мекеме ашады. Олар заңдарды оқып, оны айналып өтудің жолдарын іздейді. Адам табатындар, оны әкелетіндер, ұйымдастырушылар, орындаушылар, паспортты жылдам жасап беретін "сатып алынған" адамдар бар. Қыздарға паспортты қалай тез жасауға болады? Әр құрылымда олардың өз адамдары бар. Олар құжаттарды, паспортты жылдам шығаруға ақша төлейді.
Азаттық: Ал бұл бизнесті қандай органдар "қамқорлығына" алған?
Бехзод Тулаев: Нақты ақпарат жоқ. Тамыр-таныс табады. Тікелей емес, кейде біреумен бөлісуі мүмкін. Мұндай шаруаны мемлекеттік құрылымдардың көмегінсіз, олардың қатысуынсыз жүзеге асыру мүмкін емесі түсінікті. Барлығы жолға қойылған.
Азаттық: Заңнамада мұндай заңға қайшы схемаларға жол беретін қандай олқылықтар бар?
Бехзод Тулаев: Бізде ресми түрде әрекет ететін жұмысқа тұрғызу агенттіктері бар. Бірақ бір кемшілігі – бұл ұйымдарға лицензия берілмейді. 2008 жылдан Қазақстан азаматтарын шетелде жұмысқа тұрғызатын ұйымдарға лицензия беруді алып тастады. Қазір ол "ақпараттық және аналитикалық жұмыспен" айналысады делінеді, олар "жеке кәсіпкер", "ЖШС" формаларымен ашылып, жұмыс істейді. Яғни тіпті келісім-шарттарында да адамды жұмысқа тұрғызамыз деп жазбайды, "тек ақпарат береміз, әрі қарай олар не істейді, ол жағын білмейміз" дейді. Адам саудасына қатысы болған күннің өзінде бұл ұйымдарды жауапқа тарту қиын, себебі олар "келісім-шарт бойынша ақпарат қана бердік" дейді. Лицензиялау болса, онда оны алған ұйым шетелдегі лицензиясы бар ұйымдармен байланысып, келісім-шарттар жасасар еді. Сонда Қазақстаннан бөтен елге кетіп бара жатқан адам жұмысқа тұра алар еді және қазіргіге қарағанда құқықтары қорғалар еді.
Азаттық: Күңдікке түскен қыздар қайда екенін қалай айтады?
Бехзод Тулаев: Бұл өте қиын. Қыздар клиенттерінің нөмірінен телефон шалған жағдайлар да болған. Яғни клиенттер арасында да көмектесуге дайын жанашыр адамдар бар. Көбіне олардың телефонынан хабарласады, немесе клиенттер қонақ үйден шыққан соң мемлекеттік органдарға жүгінеді, артынша органдар шығарып алады. Кейде қыз қашып кетеді не клиентпен бірге кетеді, біраз уақыттан соң елшілікке хабарласады. Бірақ көбіне тіл білмеудің кесірінен қыздар клиенттерге де тартқан тауқыметін түсіндіріп бере алмайды.
Азаттық: Олар сіздерге қалай шығады?
Бехзод Тулаев: Мүмкіндік тапса, қыздар жақындарымен немесе дос-құрбыларымен байланысады. Олар Қазақстанда отырып көмек көрсету жолдарын іздей бастайды және біздің ұйымға да қайырылады. Содан кейін біз істің егжей-тегжейін біліп, қылмыстық полицияға, сыртқы істер министрлігіне жүгінеміз, елшілікке немесе консулдыққа хабарласамыз. Содан кейін олармен бірлесіп қызды құтқару процесін бастаймыз. Өзге елде паспортын тартып алған болса, елшілік арқылы "оралу сертификатын" ала алады, бұл үйге оралуға мүмкіндік беретін уақытша төлқұжат сияқты. Бұған кейде бірнеше күн, кейде бірнеше ай уақыт кетеді. Бұл Қазақстанның әлгі елмен арадағы құқықтық статусына, ұстап беру туралы конвенцияларға қол қойылғанына байланысты. Бахрейн мен Біріккен Араб Әмірліктерінде қыздар жақын рейспен жіберіледі, біз оларды осында қарсы алып, құқықтық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетеміз. Ұзақ уақыт жыныстық қызмет көрсетуге мәжбүрленіп, физикалық зорлық-зомбылық пен психологиялық қысым көрген олардың қоғамға қосылуы өте қиын. Сонымен қатар ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы жұмыс істейді. Олар бетпе-бет кездесулер өткізіп, адам саудасы құрбандарын қайда және қалай қолға түсіргенін анықтайды.
Азаттық: Бұл кезеңдегі ең қиын нәрсе не?
Бехзод Тулаев: Адам саудасы фактісіне дәлел жинау. Жеңгетай қыздардың төлқұжаттарын жойып жіберуі мүмкін. Адам саудалаушылар байланысқа сирек шығады, ешкім ештеңе жазып ала алмас үшін олар қыздармен тек жүзбе-жүз кездеседі. Жұмыстың әр кезеңіне әртүрлі адам жауап беретін етіп жасалған. Қыздардың айтуынша, оларды біреу алып барады, екіншісі басқа жерге әкетеді, үшіншісі мәжбүрлейді, бұл тізбек ұзақ-сонар болып жалғаса береді.
Азаттық: Шымкентте қыздарды Бахрейнге жыныстық күңдікке апару ісі бойынша процесс жүріп жатыр. Айыпталушылардың арасында мемлекеттік құрылымдардан адамдар бар ма?
Бехзод Тулаев: Жоқ. Онда шағын топ қана бар.
Азаттық: Бахрейнге апару – қыздарды саудаға салудың жалғыз оқиғасы емес қой?
Бехзод Тулаев: Иә, Грузияға, Украинаға, Ресейге алып кеткен кездер болды. Әрқайсындағы жағдай әртүрлі. Мәселен, араб елдерінде қыздар депортация мен қылмыстық қудалаудан қорқып, үндемей отырады, себебі ол жақта түрмеге қамауы ықтимал.
Азаттық: Адам саудасына тосқауыл қою үшін мемлекет не істеп жатыр? Не істей алмай жатыр?
Бехзод Тулаев: Қиын сұрақ. Заң бар, бірақ ең бастысы ол тек қағаз жүзінде емес, шын жұмыс істеуі керек. Халықпен жұмыс істейтін адамдар құқықтық базаны түсінуі тиіс. Бұған байланысты заңнамаға және лауазымдық нұсқаулықтарға жиі өзгеріс енгізу, өкілетті қайта бөлу көп шатастырады. [Полиция] қызметкерлерінің өздері не істей алатынын және не істеуге болмайтынын білмейді. Мысалы, бір жыл бұрын олар арыз қабылдауға құқылы болған, ал қазір бұған қақысы жоқ. Көп адамдар [полиция] арыз қабылдаудан бас тартты деп шағымданады. "Бұл біздің құзырымызға жатпайды" дейді, сөйтіп оларды анда-мұнда "лақтыра" береді, іс жүзінде ешкім көмектеспей, олардың уақыты кетеді, билікке сенімі жоғалады.
Қазақстан адам саудасымен күрес жөніндегі конвенцияның бәрін ратификациялаған жоқ. Ұлттық заңнаманы халықаралық нормаларға сәйкес келтіру проблемасы [бар]. Қазақстанда адам саудасы фактісін дәлелдеу өте қиын. Істер көбіне "қылмыс құрамы болмауына байланысты" деген себеппен жабылып қалады.
Қоғамда толыққанды ақпараттық науқан болуы керек, қиын жағдайға тап болған адамдар көрсетілген нөмірге хабарласа алуы қажет. Азаматтарды заңсыз әкетуге және басқа елде құлдықта ұстауға жол бермеу үшін әлі көп жұмыс қажет.
ПІКІРЛЕР