Accessibility links

«Ақшаға бола жүргендер де, ақымақтар да бар»


Сесиль Вессьенің «Кремльдің Франциядағы торлары» кітабының мұқабасы.
Сесиль Вессьенің «Кремльдің Франциядағы торлары» кітабының мұқабасы.

Франция қоғамында Ресей президенті Владимир Путиннің саясатын кімдер, не үшін қолдап жүргенін зерттеген сарапшы Сесиль Вессьемен сұхбат.

Франциядағы Ренн университетінің профессоры, саясаттану ғылымының докторы, Ресей мен ТМД елдері жөніндегі сарапшы Сесиль Вессьенің «Кремльдің Франциядағы торлары» деген кітабы жарыққа шықты. Автор зерттеуінде Францияда Ресей басшылығын қолдайтын бірнеше әлеуметтік топ бар деген тұжырым жасаған. Олардың кейбірі өз жеке басының қамы үшін Ресей президенті Владимир Путиннің саяси ұстанымдарын насихаттаумен айналысса, енді бірі мұндай қадамға аңғалдықпен барып жүр дейді ғалым.

Азаттыққа сұхбатында Сесиль Вессье осы топтарды жіктеп, оларды жетекке алған ықпалдан төнетін қауіп-қатер жайлы айтты:

– Бұл еңбекте мен Ресейдің сыртқы саясатқа қатысты ұстанымы, әсіресе Украина мәселесі бойынша Кремльдің көзқарасын түрлі себептермен жақтап жүрген топтарды зерттеуге тырыстым. Ресейдің «Бірінші телеарнасы» Украинадағы «лыпа киген баланың қатыгездікпен өлтірлгені» жайлы атышулы әңгімені көп сөз қылды. Бұл жерде сұрақты төтесінен қойған жөн: баланың өлтірілгені рас па, өтірік пе? Оны көрген куәгерлер бар-мыс деген сөз де тарады. Бұл әңгімені Франциядағылар да айтып жүр, оның себебі, олар оқиғаның мән-жайын білмейді немесе Кремльдің бар сөзіне имандай сенеді. Франция тұрғындары «Украинада адамдарды орысша сөйлегені үшін өлтіріп жатыр» деген пікірді неге айтып жүр? Француздар неге «Украинада билік басында «фашистер» отыр дегенге иланады? Осылардың бәрін зерттеп көру қызық болды.

Франциялық сарапшы Сесиль Вессье.
Франциялық сарапшы Сесиль Вессье.

– Кітабыңызда Франциядағы Кремль агенттері туралы да айтыпсыз, солай ма?

– Ықпал етуші агенттердің бары да, Совет одағы кезіндегі әдіс-тәсілдерді пайдаланып жатқаны да рас, бірақ қазір олар басқа топтарға қатысты, біршама өзгертілген формада қолданылады. Бұған қоса Мәскеудің айтқанына шынымен сенетіндер де бар. Әлгіндей версияларды айтып жүргендердің барлығы Кремльден ақша алады деу – жаңсақтық. Жалған әңгіме мен жаланы күн сайын қайталап отыратын арнайы тағайындаған кәсіби мамандар да бар, өз басым оларды «жарнама агенттері» дегенге ұқсатып «коммуникация агенттері» деп атаймын. Дегенмен Францияда әйтеуір «АҚШ-қа қарсы шығу үшін» айтылғанның бәріне сенетін ақымақтар да жоқ емес.

– Негізгі тұжырымдарыңызды айтып беріңізші, бұлардың шығу себебі неде?

– Біз айтып отырған адамдардың төрт түрлі тобы бар. Бірінші топ – орыс эмигранттарының ұрпақтары, олар француз болғанымен, әжелері 1917 жылғы революциядан кейін Ресейден көшіп келген болуы мүмкін. Украинадағы соғысқа байланысты Кремльді қолдап хат жазып жүрген де – солар. Дегенмен, барлық орыс эмигранттарының ұрпақтары бұлай ойламайды. Олармен Ресейдің тек Франциядағы ғана емес, Германиядағы, Балтық бойындағы және Еуропаның басқа көптеген елдеріндегі елшіліктері «орыс әлемі» деген концепцияның аясында жұмыс істеп жатыр. «Орыс әлемі» деген – егер әжеңіз орыс болса, онда үш ұрпақ ауысса да сіз орыс болып қала бересіз дегенге саяды. Өз еліне деген түсініксіз сағыныштан құса болып жүргендер де кездеседі. Кремльге жұмыс істеп, белгілі бір көзқарастарды таратқаны үшін ресми түрде ақша алып жүргендер де бар.

Францияның әсіреұлтшыл "Ұлттық майдан" партиясының жетекшілері Марин Ле Пен мен Марион Марешаль Ле Пен (ортада) сайлауалды шарада тұр. Ницца, 27 қараша 2015 жыл.
Францияның әсіреұлтшыл "Ұлттық майдан" партиясының жетекшілері Марин Ле Пен мен Марион Марешаль Ле Пен (ортада) сайлауалды шарада тұр. Ницца, 27 қараша 2015 жыл.

Енді бір бөлек топ – саяси партиялар. Францияның «Ұлттық майдан» партиясы ел ішіндегі ықпалын арттыру үшін Ресейдің бір банкінен 29 миллион еуро алған. «Ұлттық майданның» Мәскеудің көзқарастарын қызғыштай қорғап жүргені де содан. Қырымда референдум өткенде ол «заңды өтті» деп мәлімдеме жасаған кім? Әрине, «Ұлттық майдан» өкілдері. Меніңше, тек Францияда ғана емес, Еуропаның барлық елдерінде әсіреоңшыл партиялар Кремльді жақтайды. Жұрттың «неге Украина мен Еуропа мәселесіне қатысты Кремльдің ұстанымын қолдап жүр?» деп сауал тастап жүргені орынды. Неге былтыр наурызда Петербургте өткен үлкен конференцияға дәл осы партиялар (олардың арасында тым әсіреұлтшылдар, тіпті неонацистер де бар) шақырылды?

Бұған қоса Ресеймен қандай да бір бизнес бастағысы келіп жүрген бизнесмендер бар. Бұл – бәріміз үшін игілікті нәрсе, дегенмен олар Еуроодақ қарарларына, яғни Франция мен Еуропада қабылданған ережелерге қарсы әрекет ететін болса, мұнысы дұрыс емес. Сонымен бірге Ресейді СССР-дің жалғасы деп санайтын солшыл интеллектуалдар бар. Ресейде Сталинге ескерткіш қойса, Франциядағы бұрынғы сталиншілдер бұған қатты риза болады.

Францияда әйтеуір «АҚШ-қа қарсы шығу үшін» айтылғанның бәріне сенетін ақымақтар да жоқ емес.
Сесиль Вессье

Қазір Ресейде христиандықтың жаңа түрі бас көтеріп келеді деп сенетіндер де кездеседі, сондықтан олар Мәскеуді осы тұрғыдан қолдайды. Мәселен гомосексуалдық неке тақырыбы әлдекімдерді шошытқанымен, ол соншалық үлкен қоғамдық мәселе емес. Онда неге француз интернетінде гомофобтық үгіт-насихат жүргізетін шағын телеарна пайда болды? Олар Ресей елшілігі арқылы Мәскеуден ақша алды, мұны өздері ашық айтты. Бұл телеарнада жұмыс істейтіндердің барлығы «Ұлттық майданға» кіреді. Олар осындай некелер туралы хабарлар жасап, «Еуропа құрдымға кетіп барады, ал нағыз құндылықтар Ресейде дамып жатыр» деген пікірді таңғысы келеді.

– Кітабыңызда мұндай топтардың түсін түстеумен шектелесіз бе, әлде Мәскеудің ықпалымен күресудің жолдарын ұсынасыз ба?

– Мен тек бар нәрсені сол қалпында сипаттаймын. Себебі, меніңше, не болып жатқанын түсінуіміз керек. Олармен күресу – менің міндетім емес. Оның үстіне қазір Еуропада, әсіресе Германияда жұрттың көбін толассыз өтірік мезі етті. Соғысты бастап, Украина туралы түрлі әңгіме тарату кімге қажет? Менің мақсатым – не болып жатқанын, оны кім жасап жатқанын түсіндіру және мұнда жеке бастың қамын ойлап, ақшаға сатылғандар ғана емес, жағдайды түсінбей, Мәскеуге шынымен сеніп жүргендер де бар екенін жеткізу. Болып жатқан құбылыс туралы көп білсе, Совет одағы кезінде болған нәрселердің көбі қайталанып жатқанын көрсе, онда олар ойлануы мүмкін.

Сесиль Вессьенің жаңа кітабының парағы.
Сесиль Вессьенің жаңа кітабының парағы.

– Зерттеу жүргізгенде тек ашық дереккөздерге сүйендіңіз бе?

– Иә. Оның үстіне өзім де көп адамды білемін, олардың қандай идеяларға сүйенетінін де байқап жүрмін. Бірақ бәрі ашық зерттеу, ашық сұхбаттар негізінде жүрді.

– Кітабыңыз орыстілді оқырман қызығушылығын тудыра ма? Орысша нұсқасы дайындалып жатыр ма?

– Орысша нұсқасы әлі дайындалған жоқ. Оны шығарып көруге болады. Ресейліктердің көбі бұл туралы мүлде білмейтінін байқап жүрмін. «Қолда бар көп ақшамызды қарттардың зейнетақысына, аурухана, мектеп салуға жұмсаймыз ба, әлде Франциядағы Мари Ле Пен сияқты саясаткердің Ресейді көзсіз қолдағаны үшін қыруар ақша төлейміз бе?» деген сұраққа Ресей қоғамы өзі жауап беруі тиіс. Бұл – Ресей қоғамына қойылатын сұрақ, әрі үкіметтің ақшаны қайда жұмсау керектігін солар шешуі керек. Әзірге Ресейде бұған жету мүмкін емес, бірақ мақсат – осы, - дейді профессор Сесиль Вессье.

(Андрей Шароградский мен Александр Гостев алған сұхбатты орыс тілінен аударған – Мұхтар Екей).

XS
SM
MD
LG