Accessibility links

Алексиевич: «Адамдар санасына революция керек»


Әдебиет саласы бойынша 2015 жылғы Нобель сыйлығын алған белорус жазушысы Светлана Алексиевич.
Әдебиет саласы бойынша 2015 жылғы Нобель сыйлығын алған белорус жазушысы Светлана Алексиевич.

Әдебиет саласы бойынша 2015 жылғы Нобель сыйлығын алған белорус жазушысы Светлана Алексиевич өзінің қазіргі даңқын «адамдар санасында төңкеріс жасауға» пайдалануға тырыспақ.

Азаттықтың Орыс қызметі тілшісінің «Ұзақ жылдар бойы елдерін қатаң бақылауда ұстап отырған Ресей мен Беларусьтің автократ басшылары Владимир Путин мен Александр Лукашенко билікте тұрғанда өзгеріс жасау мүмкін бе?» деген сауалына Светлана Алексиевич:

- Қарсылық қажет екені анық. Бірақ баррикадаға шығып, атысу керек деп тұрғаным жоқ. Революцияны мүлде қолдамаймын, себебі тарихта болған революциялар қантөгіске апарып отырған. Революция керек деймін, бірақ ол - санада жасалатын төңкеріс, - деп жауап берді.

1991 жылы СССР (Совет Одағы – ред.) тарағаннан ширек ғасыр өтті. Жазушының айтуынша, оның туған аймағында (коммунистік режим елдерін айтады – ред.) және басқа да әлем елдерінде өзгерістер жасауға қойылған кедергілерді жою үшін әуелі адамдардың санасы өзгеруі керек.

- Соғысты баяғыда-ақ каннибализммен теңестіру керек еді. 21-ғасырда өмір сүріп жатса да, адамзат әлі күнге дейін кикілжіңдерді баяғы хайуани әдістермен шешеді. Жалғыз ғана айырмашылық – бұрынғы заманда адамдар бірін-бірі шоқпармен ұрып өлтірсе, қазір жаппай қырып-жоятын қаруды пайдаланады, - дейді жазушы.

ӘУЕЛІ ҚҰТТЫҚТАП, СОСЫН СЫНАҒАН ПРЕЗИДЕНТ

Тоталитаризмге жаны қас Светлана Алексиевич еңбектерінде нацистердің (Гитлер фашистерін айтады – ред.) оккупациясы, Чернобыль апаты, Совет Одағының Ауғанстанға әскер кіргізуі сияқты Беларуське және бұрынғы СССР елдерінің өміріне ерекше әсер еткен 20-ғасырдың оқиғаларын суреттеген.

Жазушы әрі журналист Светлана Алексиевичке Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын тапсыру туралы шешім шығарған Швед академиясы оның еңбектерін «замандастарымыздың қасіреті мен ерлігіне тұрғызылыған ескерткіш» деп бағалаған.

Александр Лукашенко билікке келген 1994 жылдан бері оның орыс тілінде жазылған еңбектерінің бірде-бірі Беларусьте басылған емес.

Лукашенко өзін және Беларусьтегі саяси режимді сынайтын жазушының Нобель сыйлығын алғаны хабарлана салысымен оны ресми түрде құттықтаған. Алайда, кейінірек жазушы өз атына ауыр сын айтқан Алексиевичтің патриоттығына күмәнданып қалғанын білдірді.

Беларусь президенті Александр Лукашенко. Минск, 11 қазан 2015 жыл.
Беларусь президенті Александр Лукашенко. Минск, 11 қазан 2015 жыл.

- «Өнер адамдары», шығармашылық өкілдері, тіпті Нобель сыйлығының иегерлері... шетелге барып алып, еліміздің төбесіне лай батпақты шелектеп құйып жүр, - деді ол қазан айының соңында сөйлеген бір сөзінде.

Әкесі – белорус, шешесі – украин, өзі советтік Украинада дүниеге келген 67 жастағы Алексиевичтің айтуынша, бұлай ашу білдіргенмен елдегі халықтың жағдайы жақсарып кетпейді.

- Лукашенкоға қатысты айтсам, Беларусь үшін өте қиын кезең туып тұрғанда маңызды мәселелерді сөз ете алмай отырғанымыз өкінішті. Қолында символдық капиталы бар екі адам жұрт алдында ұрсысудың орнына халыққа үміт сыйлауы керек, - деді жазушы.

«ӘДЕБИЕТ САЯСАТҚА ӘСЕР ЕТЕ АЛМАЙДЫ»

«Еуропаның соңғы диктаторы» атанып кеткен Беларусь президенті Александр Лукашенко сияқты басшыларға әдебиетшілер қауымы ықпал ете ала ма?» деген сұраққа Светлана Алексиевич сенімсіз жауап берді.

- Осы күні әдебиеттің саясатқа әсер ете алатынына күмәнданамын. Өкінішке қарай, ол заман өткен. Дегенмен барлық саясаткерлер бізге тәуелді. Егер нағыз саясаткер болса, ондай адам қайда, кіммен жүрсе де құлағы түрік болады, - деді Нобель сыйлығының иегері.

Беларусь жазушысы «шығыс Украинадан репортаж жасап жүрген Ресейдің екі журналисін өлтіруге қатысы бар» деген айып тағылып, түрмеде отырған украиналық ұшқыш Надежда Савченкоға ерекше ілтипат білдірді.

Надежда Савченко Ресейдің Донецк қаласындағы сотта отыр. 2 қазан 2015 жыл.
Надежда Савченко Ресейдің Донецк қаласындағы сотта отыр. 2 қазан 2015 жыл.

Надежда Савченко ресейшіл сепаратистерге қарсы соғысып жатқан батальонда ерікті (волонтер) болған. Ресей құқық қорғау органдары оны 2014 жылы екі журналисті минометтен атқылау операциясын үйлестірді деп айыптап отыр.

Савченконың және оның жақтастарының айтуынша, Ресей жағы оны ұстап алып, сотқа тарту үшін әдейі өз аумағына алып кеткен. Адам құқықтарын қорғау ұйымдары мен шет мемлекеттер басшылары ұшқыш қызды босатуды сұрап отыр.

- Әрине, Надя (Надежда Савченконы айтады – ред.) соғыс жайлы менен көп біледі. Дегенмен мен де соғыс туралы жүздеген адамның әңгімесін тыңдадым, Ауғанстандағы соғыстың куәсі де болдым. Мен көрген ол соғыс дәл Надя бастан кешкен соғыс сияқты қасіретті де сұрапыл болған жоқ, - деді Алексиевич.

Жазушының Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистік Германияға қарсы ұрысқа қатысқан әйелдердің бұрын жарияланбаған әңгімелерінен құралған алғашқы романы «Соғыстың әйелге тән емес бейнесі» деп аталады.

«САВЧЕНКОНЫ МЫҚТЫ ӘЙЕЛ БОЛҒАНЫ ҮШІН СОТТАП ЖАТЫР»

Оның айтуынша, Ресейдің Ростов қалалық соты Савченконы өз отанын қорғағаны үшін ғана емес, өжет әйел болғаны үшін де айыптап отыр.

- Надя - қайсар да адуынды адам, бүгінгі заманның қалыбына сыймайтын ерекше әйел. Олар оны сол үшін қудалап жатыр, соттап жатқандар - әйелдердің өздерімен тең, тіпті жоғары тұрғанын қаламайтын еркектер. Оның кінәсі не екені әлі дәлелденген жоқ. Ол тек өз отанын қорғағаны үшін жазықты болды, - деді Алексиевич.

Жазушы Савченконың жайын «әр көшенің бұрышында» дауыстап айтып, оны босату жөніндегі кез келген петицияға қол қою керек дейді. Алайда өзі «дәрменсіздік пен үмітсіздіктен шаршаған».

Сол арқылы біз өзімізді сақтап қаламыз әрі қолдау білдірген адамымыздың қадір-қасиетін қорғаймыз. Олар өздерінің жалғыз емес екенін сезінеді.

- Нобель сыйлығын үш мәрте алсаң да, халықтың қарапайым мінез-құлқын, ең қарабайыр саяси сенімдерін өзгерту қиын, - дейді жазушы.

Дегенмен адамдардың санасын өзгерту үшін Савченко сияқты батырларға араша түсу өте маңызды дейді ол.

- Сол арқылы біз өзімізді сақтап қаламыз әрі қолдау білдірген адамымыздың қадір-қасиетін қорғаймыз. Олар өздерінің жалғыз емес екенін сезінеді. Қатарымыз өсіп, санымыз көбейгенде біз аз емес екенімізді дәлелдей аламыз, - дейді Светлана Алексиевич.

Андрей Шарыйдың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG