Accessibility links

2011 жылы Иран мен Батыстың арасы әбден ушықты


Уран байыту кешенінің қақпасына ілінген плакатта аятолла Хаменеидің "Қоқан-лоқыға қоқан-лоқымен жауап береміз" деген сөздері жазылған. Исфахан, 15 қараша 2011 жыл
Уран байыту кешенінің қақпасына ілінген плакатта аятолла Хаменеидің "Қоқан-лоқыға қоқан-лоқымен жауап береміз" деген сөздері жазылған. Исфахан, 15 қараша 2011 жыл

Өткен жыл Иран мен Батыстың қарым-қатынасы қатты шиленіскен жыл болды. Бұл теке-тірес, әсіресе, Иран өзінің ядролық саласын жетілдіру жұмыстарын тоқтатсын деген талапты орындаудан бас тартқанда одан сайын өрши түсті.


«Араб көктемі», ядролық саланың жандануы, үйлердегі құпия қазалар, шетелдердегі күмәнді өлімдер, үйқамақтар, әне-міне болады деп төндірген әуе шабуылдары, елшіліктерге шабуыл және басқа да осы сияқты оқиғалар 2012 жылы Иранға төнетін қауіпті күшейте түсті.

2011 жылғы қараша айында Иранның рухани жетекшісі аятолла Әли Хаменеи Иран мұндай қоқан-лоқыларды тыныш қана тыңдап, қарап отыра алмайды деп анық айтты. Ол «Біз зорлыққа зорлықпен жауап береміз. Кімде кім Иран Ислам Республикасына қарсы қандай да бір агрессиялық әрекет ойлайтын болса, Иран халқының темірдей жұдырығын иіскеуге дайындала берсін» деген болатын.

ЖАСЫРЫН СОҒЫС БАСТАЛЫП ТА КЕТКЕН

Таяу Шығыстағы саясатты зерттеумен айналысатын Вашингтон университетінің ғалымы Патрик Клоусон сияқты кейбір зерттеушілер қазірдің өзінде-ақ Иран мен Батыстың арасында жасырын соғыс жүріп жатыр дейді.

- Қазірдің өзінде-ақ шабуылдар, кісі өлтіру (Иранның ядролық физика мамандарын), кибернетикалық соғыстар, меніңше, Батыс пен Израиль тарапынан Иранның ядролық бағдарламаларын тоқтатуға қатты мүдделі екендігін білдіреді. Олар санкция салады, арандатады, Иран ғалымдарының шетелге қашуын қолдайды, керек боп жатса кибернетикалық шабуылдар жасап, қастандықпен өлтіру сияқты ұсақ соғыстармен болсын мақсатына жетпек, - дейді Клоусон.
Патрик Клоусон, Вашингтон университетінің Таяу Шығысты зерттеу институтының ғалымы
Патрик Клоусон, Вашингтон университетінің Таяу Шығысты зерттеу институтының ғалымы

«Зор майданды соғысқа ешкім де мүдделі емес. Бірақ, сонда да шындығын айтайық, әскери теке-тірес қазірдің өзінде-ақ жүріп жатыр» дейді ол.

Дау-дамай туғызған Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөз Стамбул қаласында тығырыққа тірелген кезде бітіспес теке-тірестің алғашқы қорқынышты белгісі сол кезде-ақ қылаң берген. P5+1 деп аталатын БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері Ұлыбритания, Қытай, Франция, Ресей, АҚШ және Германия осы мәселеде Иранмен мәмілеге келе алмды. Себебі Иран жағы Тегерандағы атом саласына қатысты тыйымдарды БҰҰ алып тастасын деген шарт қойды.

ТЕГЕРАНДАҒЫ «АРАБ КӨКТЕМІНІҢ» ЛЕБІ

Оның артынша «Араб көктемі» деген атпен бүкіл Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканы шарлап кеткен қарсылық шеруі Иранның табалдырығына келіп тірелді. Ақпан айының 14-де Тунис пен Египеттегі көтерілісті қолдап шыққан мыңдаған митингтерге үкімет тыйым салды.

Наразылық танытушы бір қауым жұрт: «Мүбәрәк! Бен Әли! Енді Хаменеидің кезегі!» деп ұрандап шықты.

Режим бірден шара қолдана бастады. Шеруді ұйымдастырған оппозиция жетекшілері Мир Хусейн Мусави мен Мехди Карруби оппозициялық толқуларға қосылып кетпес үшін, оларды үйқамақта ұстап отырды.
Үкіметке қарсы наразылық шеруі. Тегеран, 2011 жыл
Үкіметке қарсы наразылық шеруі. Тегеран, 2011 жыл

«Мусави мен Карруби өлім жазасына кесілуі тиіс!» деп келесі күні ақпанның 15-де-ақ радикал шариғатшылар оларды өлтіруді талап етіп жатты.

Жылдың соңына шейін Жасылдар қозғалысының екі жетекшісінен жарытымды хабар-ошар болмады. Жеме-жемге келгенде оппозиция да үнсіз отырып қалды. Маусым айында шерушілер басқаша тактика қолданды. Олар 2009 жылы даулы жағдайда қайта сайланған Махмуд Ахмадинежадтың сайлауын «екінші рет атап өтеуге» жиналады. Куәгерлердің бірі былай дейді:

- Біз Уәли-Аср көшесінде шеруді бастадық. Біз күткендей-ақ арнайы жасақ сарбаздары көшенің екі бетінде тірі дуал құсап, сіресіп қарап тұрды. Жұрт оларды елемеген қалпы ұрандатпай-ақ, әндетпей-ақ тротуарлармен шеру тартып жүре берді.

ЖАҢА АЙЫПТАУ

Бұл арада Иран мәселесі халықаралық аренада шиленісе түскен. Қыркүйек айында АҚШ-тың әділет министрлігі Америкада Сауд Арабиясының дипломатын өлтірмек болған қастандық әрекетінің әшкере болғанын жариялап жіберді. Иран үкіметінің қол астында істейді-міс деген екі адамға айып тағылды.

Иран болса бұл айыпты «күлкілі» деп ысырып тастады. Алайда БҰҰ-ның Иранның бұл ісін айыптаған резолюциясын әлемнің 100-ден аса елі қолдап шыға келді.
АҚШ президенті Барак Обама Иранды жауапқа тартуға негіз болатын себептердің ешқайсысы ұмытылған жоқ деп жариялады.
Иран президенті Махмуд Ахмединежад (сол жақта) пен АҚШ президенті Барак Обама
Иран президенті Махмуд Ахмединежад (сол жақта) пен АҚШ президенті Барак Обама

- Бұл жай ғана жағдайды ушықтыру емес, бұл деген Иран үкіметінің қауіпті, ойсыз түрде жасаған әрекеті, - деді Обама.

Қараша айында ядролық мәселе тағы бір көтерілді. Халықаралық атом қуаты агенттігінің директоры Юкия Амано Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты қатаң ескерту жасады.

- Қолға түскен ақпараттар Иранның ядролық жарылыс құралдарын дамыту үшін белсенді іс-шараларға көшкенін айғақтайды. 2003 жылдың аяғына дейін бұл іс-шаралар арнайы жоспарға сәйкес жасалып келген және қайсыбірі әлі де бұрынғыша жалғасып жатуы мүмкін, - деді Амано.

Ядролық бағдарламасын бейбіт мақсатта дамытып жатырмын деп мәлімдеп келген Иран бұл жолы да өзіне қатысты қорытынды «АҚШ-тың қысымымен жасалған біржақты, әрі әділетсіз» деп сипаттады.

ЖАҢА САНКЦИЯЛАР

Бірақ, сонда да батыс елдері Иранға қатысты қысымды одан сайын күшейткеннің үстіне күшейтіп жатыр. Олар Иранның мұнай-газ секторлары мен орталық банкіне қарсы шектеу санкцияларын жариялады.

Бұл шаралар Иранның ядролық нысандарына әуе шабуылы жасалады екен, Тегеранның ядролық бағдарламасын дамытуды тежеп тастайтын құпия операция жүріп жатыр екен деген сияқты алып-қашпа әңгімемен тұспа-тұс келді.
Жаңа санкция енгізу ісін белсене қолдаған Ұлыбритания Иранның үкіметті жақтаушы халқының ашу-ызасына бірінші ұшырады.
Ұлыбритания елшілігін талқандап жатқан ирандықтар. Тегеран, 29 қараша 2011 жыл
Ұлыбритания елшілігін талқандап жатқан ирандықтар. Тегеран, 29 қараша 2011 жыл

Иран үкіметін қолдаушылар қарашаның 29-ы Тегерандағы Ұлыбритания елшілігін шабуылдап, «Англияға - өлім! Террорист үш ел: АҚШ, Англия, және Израильге өлім жаусын!» деп ұрандады.

Ұлыбритания Ирандағы дипломаттарын дереу кері қайтарып алды. Ирандағы британ елшісі Доминик Чилкот елшілікке жасалған шабуылды Иран үкіметі қолдады деп мәлімдеді.

«БҮКІЛ ӘЛЕМДІ ҚАУІПТІ АЙМАҚҚА АЙНАЛДЫРАМЫЗ!»

Желтоқсан айына қарай Иран мен Батыс арасындағы дау тыңшы ұшақтар төңірегінде өрбіді. Иран АҚШ-тың ұшқышсыз ұшағын атып түсірді деп хабарлап жатты Иранның телеарналары.

Ұшаққа: «АҚШ-тың қолынан түк те келмейді» деген жазуы бар плакат ілінген. Бұл сөзді кезінде елдің рухани жетекшісі аятолла Хомейни айтқан болатын.Тегеран бұл ұшақтардың әрекетін «дұшпандық әрекетке бара-бар» деп айыптап, БҰҰ-нан АҚШ-тың «агрессиясына» қарсы шаралар қолдануды талап етті. 2011 жылды Иран Батыстың өзіне қаратып айтылған ескертулеріне қарсы қоқан-лоқы көрсетіп аяқтады.
Ормуз шығанағында өткен әскери дайындыққа қатысып жатқан ирандық теңізші. 28 желтоқсан 2011 жыл
Ормуз шығанағында өткен әскери дайындыққа қатысып жатқан ирандық теңізші. 28 желтоқсан 2011 жыл

Парламент депутаты Парвиз Сороури 12 желтоқсан күні әлемдегі мұнайдың 40 пайызы тасымалданытын Ормуз шығанағына жақын маңда әскери теңіз жаттығулары өтетінін айтып ескертті. ISNA студенттік жаңалық агенттігіне ол: «Егер әлем бұл аймақты қауіпті аймаққа айналдырғысы келсе, онда біз тұтас дүниені қауіпті аймаққа айналдырамыз» деді.


(Мақаланы әзірлеуге аудармашы Сағынай Кәрім үлес қосты).
XS
SM
MD
LG