Accessibility links

Ирандық фотограф суретін "рұқсатсыз" жариялаған Трампты сынады


​​Йалда Моайеридің "жыл суреті" сыйлығымен марапатталған кезі
​​Йалда Моайеридің "жыл суреті" сыйлығымен марапатталған кезі

Ирандық фотограф Америка президенті Дональд Трамптың әлеуметтік желіде өз суретін рұқсатсыз қолданғанын сынады.

Иранда тұратын фотограф Йалда Моайери Америка президенті Дональд Трампты өзінің суретін рұқсатсыз пайдаланғанына наразы екенін білдірді.

Азаттықтың Парсы қызметі - Фарда радиосының хабарлауынша, АҚШ басшысы 11 ақпан күні өзінің Twitter желісіндегі парақшасында Иран революциясының 40 жылдығына орай парсы тілінде хабарлама жариялаған болатын. Онда президент Трамп "40 жыл жемқорлық. 40 жыл қуғын-сүргін. 40 жыл террор. Иран режимі 40 жыл бойы құлдырады. Көптен бері бейнет шегіп келе жатқан Иран халқы жарқын болашаққа лайықты" деп жазған.

Осы хабарламадағы суретке орай Йалда Моайери өзінің Іnstagram парақшасында пікір білдірген. Оның жазуынша, фотограф бұл суретті 2017 жылғы желтоқсан айындағы наразылық кезінде Тегеран университетінде түсірген. "Қамаудан қорыққандықтан және өзімнің және жанұямның қауіпсіздігіне орай алты ай бойы сурет авторы екенімді жарияламадым" деп жазған Йалда Моайери. Айтылған суретке Тегеран университеті қалашығында көзден жас ағызатын газ арасынан аузын тұмшалап шығып келе жатқан әйел адам түсіп қалан еді. Иран полициясы әдетте мұндай газды шеруді тарату үшін қолданады.

2017 жылы 28 желтоқсанда Иранның Мешхед қаласында наразылық акциясы басталып, бірнеше күн бойы Иранның 100-ден астам қаласын қамтыған еді. Ирандағы наразылықтан хабар таратқан БАҚ пен әлеуметтік желіде Йалда Моайери кейіннен "өзім түсірдім" деп жариялаған осы сурет кең тарап кеткен.

Ирандық фотограф Іnstagram парақшасында жазған пікірінде өз суретінің "әлемдегі еркіндік пен бостандықтың символына" айналғанын мақтаныш ететінін айтқан.

Оның жазуынша, ол өзінің суретін Трамптың хабарламасынан ғана емес, Америка мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның да баспасөз мәслихатынан көрген. Америка саясаткерлерінің бұл суретті пайдалануын фотограф "өте ұят" деп бағалаған. "Иран халқының бұл суреті Иран халқы үшін түсірілген. Басқа адамдар оны теріс мақсатқа пайдаланбауы керек" деп жазған Йалда Моайери.

Ол Америка басшысының Иранға қарсы санкциясы мен көші-қон саясатын да сынаған. Өзін "Америка Құрама штаттарының санкцияларынан күн сайын зардап шеккен ирандық" ретінде атаған фотограф санкция салдарынан валюта бағамының ирандықтар үшін тіпті көрші елге сапарлауға да жетпейтінін жазған. Йалда Моайери Трамптың мигранттарға қарсы саясаты салдарынан жылдар бойы көрші елдегі ата-анасын да көре алмай келе жатқанын айтқан.

Йалда Моайеридің бұл суреті кейіннен Иран БАҚ фотографтары кәсіподағының "жыл суреті" сыйлығына ие болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG