Accessibility links

Ирак бокс құрамасының бапкері - қазақ


Ирактың бокс ұлттық құрамасын жаттықтыратын қазақ бапкері Болат Ниязымбетов. Сурет бапкердің жеке мұрағатынан алынды.
Ирактың бокс ұлттық құрамасын жаттықтыратын қазақ бапкері Болат Ниязымбетов. Сурет бапкердің жеке мұрағатынан алынды.

Бокстан Атланта олимпиадасының қола жүлдегері Болат Ниязымбетов бір айдан бері Ирак бокс құрамасын жаттықтырып жүр. Ол Азаттыққа Ирактағы қызметі және алғашқы әсерлері туралы айтты.

Болат Ниязымбетов 1994 жылы Тегеранда, 1995 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатында 63 килограмм салмақта алтын алған. Ол - 1994 жылғы Хиросимадағы Азия ойындарының қола жүлдегері. Боксшы 1996 жылы Атланта олимпиадасында қола медаль иеленген еді.

Спорттан кеткен соң біраз жыл құқық қорғау органдарында жұмыс істеген Болат Ниязымбетов кейін жаттықтырушылықпен айналыса бастады. Қазақстан жасөспірім қыздар құрамасының, «Астана арландары» бокс клубының бапкері болған. Соңғы үш жылдан бері ол шетелде қызмет атқарып жүр.

Азаттық: - Ирак құрамасына қалай шақырту алдыңыз?

Болат Ниязымбетов: - Ирак құрамасын бұрын жаттықтырған қазақстандық маман Дамир Буданбеков келісім-шартын аяқтап, Үрімжіге кеткеннен кейін Ирак бокс федерациясы мені шақырды. Келісім-шартқа отырғаныма бір ай болды. Қазір Түркияның Анталья қаласында жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз.

Азаттық: - Келісім-шарт бойынша сізге қандай мақсат қойып отыр?

Болат Ниязымбетов: - Келісім-шартым бір жылға есептелген. Басты мақсат - Ирак боксының деңгейін көтеру. Алда Катардың Доха қаласында өтетін Араб ойындарына дайындалып жатырмыз. Одан кейін 2-12 маусым аралығында Таиланда өтетін Азия чемпионатына, күзде Катарда болатын әлем чемпионатына барамыз.

Азаттық: - Ирактағы саяси жағдай қалай? Жаттығуға кедергі келтіріп жатқан жоқ па?

Болат Ниязымбетов Ирак ұлттық құрамасының боксшыларымен бірге тұр. Сурет бапкердің жеке мұрағатынан алынды.
Болат Ниязымбетов Ирак ұлттық құрамасының боксшыларымен бірге тұр. Сурет бапкердің жеке мұрағатынан алынды.

Болат Ниязымбетов: - Ирак елінде бокспен айналысатын жастар өте көп. Бұл елдің мақсаты – боксты елдегі басты спортқа айналдыру. Маған жұмыс жасауға, боксшыларға жаттығуға барлық жағдай жасалған. Әзірге жарылыс немесе қала орталығындағы оқыс оқиғаларды көрген жоқпын. Бірақ бұл елдегі саяси жағдайға байланысты отбасымды мұнда әкелмедім, олар Алматыда қалды. Бокс базасы Бағдаттағы тыныш әрі қауіпсіз аймақта орналасқан. Күзеті де мықты. Қазір жастар мен ересектерді де жаттықтырамын. Аудармашы бар, араб тілін де үйреніп жүрмін. Дамир Буданбеков құраманы жаттықтырған кезде біраз боксшы орыс тілін түсінетіндей деңгейге жетіпті. Қазір Ирак ұлттық құрамасында ірі жарыстарға баратын жеті боксшы бар. Ел жанкүйерлері солардан көп үміт күтеді.

Азаттық: - Ирак елі туралы алғашқы әсеріңіз қандай?

Болат Ниязымбетов: - Қазір жұмыс қарбалас. Араб ойындарында жүлде алсақ деген мақсатпен күніміз жаттығумен өтіп жатыр. Антальядағы жаттығу аяқтала сала Катарға барамыз. Елге Араб ойындары аяқталған соң барамын. Сол кезде аралап, танысармын. Ал жалпы бұл елдің кей аймақтарындағы саяси жағдайға байланысты абайлап жүруге тура келеді.

Азаттық: - Ирак құрамасына дейін Түркияда жұмыс жасадыңыз, онда бапкер ретінде жетістікке жете алдыңыз ба?

Болат Ниязымбетов: - Түркия жастар құрамасын екі жылдай жаттықтырдым. Ресейдің Анапа қаласында өткен жастар арасындағы Европа чемпионатында бір күміс, бір қола медаль алдық. Бұл – Түркия боксы үшін өте ірі жетістік.

Азаттық: - Рио-де-Жанейро олимпиадасының басталуына бір жыл уақыт қалды. Ирак құрамасының олимпиада жолдамасын алудан үміті бар ма?

Болат Ниязымбетов: - Ирак 2008 және 2012 жылғы олимпиадаға бір боксшыдан апарған. Риоға екі боксшы апарғымыз келеді немесе кемінде бір жолдама алу үшін күш саламыз.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет!

XS
SM
MD
LG