Accessibility links

Қазақтың тойы қалай өзгеріп жатыр? Жұрт биліктің "тойға шашылмайық" дегенін тыңдай ма? Антропологпен сұхбат


Мейрамханадағы қыз ұзату тойы.
Мейрамханадағы қыз ұзату тойы.

Әдетте Қазақстанда маусым айынан қазан айына дейін той маусымы болады. Жұрт қыз ұзатудан бастап үйлену той, құдалық, мерейтойдың барлығын күн жылыда жасап қалуға тырысады. Той стилі, той үстелі қалай өзгерді? Халық президенттердің тойға шашылмау туралы сөзіне құлақ аса ма? Алып қашу әлі бар ма? Қалың мал мен той салттары өзгерді ме? Азаттық той маусымы қызған тұста осы саланы зерттеп жүрген антрополог ғалым Динара Әбілденовамен сұхбаттасты.

Азаттық: Қазір қазақтың тойы қалай өзгеріп жатыр?

Антрополог ғалым Динара Әбілденова.
Антрополог ғалым Динара Әбілденова.

Динара Әбілденова: Негізі жыл сайын тойда өзгерістер бола береді. Дәстүр қалай өзгерсе, той да солай өзгеріп келеді. Тойды сыртқы факторлар да, яғни, тарих, саяси режим, экономика өзгертіп жатыр. Саяси режимге келсек, Қазан төңкерісіне дейін біздің дәстүрлі тойларымыз болса, Қазан төңкерісінен соң кеңес үкіметі қалың мал төлеуге, көп әйел алуға тыйым салды. Бірақ бұл тойға қатты әсер ете қоймады. Халық оны жасырын жасады. Мысалы, Совет одағы қалың малға тыйым салғанымен, оның аты өзгеріп, қоржын апару деген пайда болды. Ал қазіргі тойлар 2007 жылдан кейін пайда бола бастады. Палаткадан ресторанға көшті. Осыдан соң жаппай тұтыну басталды. Үлкен мейрамханада той жасау, көп тамақ ұсыну, сыйлықтың түр-түрінің пайда болуы нарық экономикасына көшумен байланысты. Одан соң үлкен өзгерістер пандемия кезінде болды, жұрт карантинде жасырын тойласа да, мұның өзінде қыз ұзату азайды. Халық беташарды кішірейтіп жасай бастады. Қыз ұзату жасамай қойсақ деген келісім де болды.

Бұған қоса, медианың әсері, инстаграмның пайда болуы, үйлену той алдындағы қыздардың хенпатиі, қалыңдық көйлегінің сәнді болуы да тойға көп өзгеріс әкелді. Мысалы, жұрт инстаграмнан той үстелінің қалай жасалатынын көріп, соған сай үстелді жабдықтай бастады. 90-жылдары палаткада өтетін тойда көбі қолдан пісірілген тәттілер, салаттар болса, қазір той дастарханы молайған. Бұған қоса, тойбастар да өзгерді, өзгере береді. Себебі нарықта қандай тауарлар пайда болса, соған қарай тойбастар да өзгереді.

Азаттық: Орталық Азия елдерінде биліктегілер жұртты тойға шашылмауға, шығынды азайтуға шақырады. Мұндай ұсынысты Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев айтқан, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та тойға көп шығын шашуға қарсы пікір білдірген. Биліктегілердің бұл ұсынысын халық тыңдай ма?

Динара Әбілденова: Бұдан нәтиже шықпайды, өйткені мұндай тойларды саяси элитаның өзі жасайды және ең қымбат, көзге көрінетін ең үлкен тойлардың өзі – саяси элитаның балаларының тойы. Қалай дегенде де халық олар сияқты бірнеше метрлік торт әкелмейді, қарапайым халық тікұшақтан шашу шаша алмайды. Ал бизнесмендер мен саяси элитаның өзі қымбат той жасап жатқанда, халықта бәрібір іштей келіспеушілік болып, олар өз дегенін жасайды.

Азаттық: Халық арасында той отбасының, әулеттің қуанышы деген түсінік бар. Қазір той қоғам, ұлт, әулет үшін қандай маңызға ие?

Динара Әбілденова: Той дегенді бірден мейрамханадағы той деп қабылдамауымыз керек. Тек үйлену тойын алсақ, қазақтар үшін құдалық өте маңызды. Үйлену деген екі жастың үйленуі ғана емес, бұл – екі отбасының одағының құрылуы. Екі одақ жасалғанда қыз бен жігіттің әке-шешесі кездесіп қана қоймайды, оларға куәгер адамдар керек. Куәгер ретінде жақындарын шақырады. Құдалыққа тек жақын туыстарды шақырады. Құдалық – көпшіліктің осы некеге, одаққа куә болуы; некені дәстүрмен заңдастыру. АХАЖ бөліміне бару, мешітке бару – жастардың шешімімен жасалатын қадам. Ата-аналар да құдалықтан соң некенің заңдастырылғанын қалайды. Олар некені заңдастыру дүниеге келетін бала үшін де маңызды деп санайды. Бұған қоса, менің ойымша, ата-аналардың қалауынан бөлек әйел мен бала құқығы үшін заңды неке өте маңызды.

Той – құдалықтың жалғасы, одақты көпшілікке жария ету. Бұл – бір. Екіншіден, қазір тойға жаппай тұтыну араласып кетті. Жоқшылық пен ашаршылықтан кейін той халықтың тоқшылықты тойлауы ғой. Халық бұл кезеңнен де өту керек. Кейін халық тойға соншалықты шашылмай, өзіне шақ келетін тойлар жасайды.

Арал қаласындағы үйлену тойы. 17 сәуір 2005 жыл.
Арал қаласындағы үйлену тойы. 17 сәуір 2005 жыл.

Азаттық: Халық той шығынын азайтатын кезеңге қашан өтуі мүмкін?

Динара Әбілденова: Ол енді үкіметтің қолында, яғни елде экономика тұрақты дамуы керек. Әлеуметтік институттар дұрыс болуы тиіс. Әр адам статусын көтеретін жұмыс я шаралар, спорт көп болуы керек. Өйткені халықта өзін көрсететін алаң жоқ. Мұндай алаң – той, мейрамхана. Себебі тойға халық өзінің әдемі көйлегін киіп барады не тойларда адамды ұлықтайды, сөз береді. Адам марқайып өзін қоғамда маңызды сезінеді. Халық жағдайы жақсы болса; спортпен шұғылданса, карьерасы өссе, саяхатқа шықса тойға аса рухани қажеттілік болмайды.

Азаттық: Кейінгі кезде азық-түлік бағасы өскені, жалпы қымбатшылық туралы көп айтылып жатыр. Бірақ халық тойға соңғы тиынын беруге дайын екені байқалады. Экономикалық қиындықтар тойға әсер етіп жатыр ма?

Динара Әбілденова: Қымбатшылық әсер етіп жатыр. Бірақ халық той жасағанда өз есебі болады, себебі тойға келген адам ақшалай сый жасайды. Той иесі шығын содан қайтады деп есептейді. Сондықтан мейрамхана, тамақ бағасы қымбаттаумен қатар тойға әкелетін сый да өсті.

Беташар.
Беташар.

Азаттық: Пандемия кезінде той бизнес халық үшін экономикалық маңызды сала екенін түсіндік. Себебі көп адам жұмыссыз әрі табыссыз қалды. Жалпы той экономикасының дамуына әсер ете ме?

Динара Әбілденова: Той айналасындағы бизнестер көлеңкелі бизнеске жатады. Мысалы, асаба салық төлемеді, қосымша табыс деді. Кейін оларды да жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндеттеді. Бірақ әншілер, бишілер, музыканттар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Бұл – бір жағынан көлеңкелі экономика, бір жағынан күнкөріс көзі.

Азаттық: Кейінгі кезде жастар арасында той жасағанша сол ақшаға көлік алайық, саяхаттайық, үй алу үшін бастапқы жарнаны төлейік дейтіндер бар. Бірақ бұл ұсынысқа ата-анасы келіспей жатады. Бұл ұрпақтар арасындағы қақтығыс емес пе?

Динара Әбілденова: Той шығынын ата-ана толық төлемейді ғой, туыстар көмектеседі. Ал жастар машина, үй алам десе туыстар ақша бермейді. Той жасаған отбасыға туыстары көмектеседі, кейін олар екінші тарап той жасаса ақшалай көмектеседі. Яғни, тойға көмек процентсіз кредит сияқты. Ал мұны жастар түсіне бермейді, себебі олар әлі той процессіне араласпаған. Үлкендер бұл жүйені біледі, тойға көмек береді және өзі той жасағанда қайтарымы болады деп күтеді.

Бұған қоса, үйдің үлкені, кенжесі, жалғызы деген де той жасауға әсер етеді. Бұл да қоғамның қысымы. Жұрт кенжесіне, жалғызына той жасап беруге тырысады. Бұл – жазылмаған ережені орындау. Ереже "жалғыз қызыңызға я кенжеңізге той жасамайсыз ба?" деген сияқты сөздерден құрылады. Сондықтан жұрт қоғам ойынан шығуды ойлайды.

Алматы іргесіндегі ауылдардың біріндегі үйлену тойы. 2008 жылдың қарашасы.
Алматы іргесіндегі ауылдардың біріндегі үйлену тойы. 2008 жылдың қарашасы.

Азаттық: Қазақстанның әр аймағында үйлену тойының салты, құдалықтың, қалың мал, киіттің көлемі әртүрлі. Бұл түрлі аймақта тұратын әулет құдаласқанда түсініспеушілік тудырмай ма?

Динара Әбілденова: Дәстүр халыққа ортақ, ал салт әр аймақта әртүрлі. Бұл жерде екі тарап келісу үшін "тәтті шай" деген кездесуде жолығып жүр. Бұл экономикалық тілде келіссөз жүргізу. Бұған қоса, "қыз бергеннің назы бар" дегендей, қыз жақтың талабы әркез дұрыс болуы керек деген жазылмаған ереже бар. Бұл – түсініспеушіліктің алдын алу әдісі. Екіншіден, күйеу жігіт жақ қалың мал берсе, қалыңдық жақ жасау әкеледі. Оның құны да қалың малдан аспаса кем болмайды. Бәрібір екі жақ та артық шығынға жол бермей теңестіріп отырады.

Азаттық: Қазір елде алып қашу әлі бар ма? Бұл жайтты зерттеп көріңіз бе?

Динара Әбілденова: Халық арасында бар деп айтылады. Дегенмен 80-90 жылдармен салыстырғанда алып қашу азайып келеді. Бұған халықтың жағдайының 80-90 жылдармен салыстырғанда жақсаруы себеп. Қазір қыздың өз келісімімен қашып кетуі де бар. Бірақ оны жұрт "алып қашыпты" дей салады. Қашып кеткен қыз жылап, рөл ойнауы керек болады. Себебі, қыз қашып кетіпті дегеннен гөрі алып қашыпты десе, екі жаққа да аз сөз келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG