Accessibility links

Шетел қазақтарының Наурызды қарсы алуы


Моңғолия қазақтарының көкпары. Баян-Өлгий аймағы. 2014 жыл. Суреттің авторы - моңғолиялық фотограф Баяр Балганцэрэн. (Көрнекі сурет)
Моңғолия қазақтарының көкпары. Баян-Өлгий аймағы. 2014 жыл. Суреттің авторы - моңғолиялық фотограф Баяр Балганцэрэн. (Көрнекі сурет)

Наурыз мейрамын шетелдерде тұратын қазақтар да атап өтіп жатыр. Азаттық тілшісі олардың осы мерекені қалай тойлайтынын білген еді.

Стамбул қаласында тұратын этникалық қазақ Баһадүр Хакімнің айтуынша, Түркия қазақтары Наурыз мерекесін Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ғана кеңірек атап өте бастаған.

ТҮРКИЯ ҚАЗАҚТАРЫ

«Оған дейін Түркияда Наурызды негізінен күрдтерден басқа жұрт, оның ішінде қазақтар да үлкен мереке ретінде тойламайтын» дейді Баһадүр Хакім.

Түркияда тұратын қазақ актері Баһадүр Хакім.
Түркияда тұратын қазақ актері Баһадүр Хакім.

Ол "Түркия қазақтарында көктеммен бірге келетін Наурызды ұлық мейрам ретінде атап өту дәстүрі 1990-жылдардың ортасынан бастап қалыптасқанын" айтады. Наурыз Түркияның ресми мейрамы болмаса да, кейінгі жылдары ондағы 20 мыңдай қазақпен бірге басқаларға да сіңісті бола бастаған.

«Наурызды тек қазақтар ғана емес осындағы өзге ұлттар да тойлай бастады. Жылда ұлыс күнін бірге атап өтеміз» дейді Стамбулда тұратын қазақ.

ИРАНДАҒЫ НАУРЫЗ

Иран халқы Наурыз мейрамын жүздеген жылдар бойы ата-баба дәстүрімен жалғасып келе жатқан төл мерекесі санайды. «Наурыз» сөзі фарсы тілінен "Жаңа күн" деп аударылады. Иран жұрты бұл мейрамды ежелгі салтымен наурыздың 21-нен бастап 13 күн тойлайды. Иранда туып-өскен этникалық қазақ Жүсіп Пилтан "Наурызға байланысты ирандықтарда жоқ дәстүр сол елде тұратын қазақтарда бар" дейді. Ол қазір Алматыда тұрады.

«Иран қазақтары наурыздың 13-14-і күндері «Көрісу» рәсімін жасайды. Бұл менің бала күнімде қала болса, әлі де солай, өзгерген жоқ» дейді Жүсіп Пилтан.

Жүсіп Пилтан. Алматы, 10 ақпан 2013 жыл.
Жүсіп Пилтан. Алматы, 10 ақпан 2013 жыл.

Көшпелі қазақтар қыс айларынан кейін көктем шығып, малдың аузы көкке тиіп, алды-арты кеңейген соң амандық сұрасып, үлкен-кіші, ағайын-туыс, таныс-жұрағат тегіс бір-бірімен көріседі. «Көрісу» дәстүрі Қазақстанның батыс аймағында да сақталған. Иран жеріне қазақтар өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының соңында Маңғыстау өлкесінен Түркіменстан арқылы барған. Кейбір бейресми есептер бойынша, Иранда алты мыңдай қазақ тұрады.

ҚЫТАЙ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ НАУРЫЗБЕН ҚАЙТА ТАБЫСУЫ

Қытайдың Алтай аймағында тұратын жазушы Қабдеш Жанәбілұлы СССР тұсында Қазақстандағы сияқты, Қытайда да 1960 жылдары «мәдени төңкеріс» кезінде коммунистік билік Наурыз мейрамына тыйым салғанын айтады.

«Тек қазақтар ғана емес, Қытайда тұратын өзге ұлттар да Наурызды тойламайтын болды. Тек 1982 жылы Пекинде тұратын қазақ жастары мен аға буын өкілдері наурыздың 20-сы күні ұлыс мейрамын арнайы атап өткен. Содан бері Шыңжаңның әр өлкесінде жыл сайын наурыздың 18-і мен 22-сі аралығында мерекелік шаралар ұйымдастырылады» дейді Қабдеш Жанәбілұлы.

Шыңжаң қазақтары. (Көрнекі сурет)
Шыңжаң қазақтары. (Көрнекі сурет)

​Оның айтуынша, Наурызбен алғаш рет қазақтар қайта қауышқаннан кейін Қытайдағы ұйғырлар мен қырғыздар сияқты өзге түркітілдес ұлттар да бұл мейрамды атап өте бастаған. "Қазіргі кезде Қытайдағы 1,2 миллион қазақ үшін Наурыз ұлттық салт-дәстүрін паш ететін ұлық мерекеге айналып отыр" дейді жазушы.

БАЯН-ӨЛГИЙДЕГІ НАУРЫЗ

Моңғолия парламентінің мүшесі, этникалық қазақ Бәкей Ағыпардың Азаттыққа айтуынша, Моңғолиядағы 100 мыңның үстіндегі қазақтың дені тұратын Баян-Өлгий аймағында биыл Наурыз мейрамын айдың 20-сынан бастап тойлап жатыр. Мереке бірнеше күнге жалғаспақ.

«Бұл күндерді жұрт қазақтың ежелгі салты бойынша, ауыл-аймақты аралап, бір-біріне қонаққа барып, амандық-саулық, жақсылық тілеп, наурыз көже ішуге арнайды» дейді ол.

Моңғолия қазақтары. Баян-Өлгий аймағы. 2014. Суреттің авторы - моңғолиялық фотограф Баяр Балганцэрэн. (Көрнекі сурет)
Моңғолия қазақтары. Баян-Өлгий аймағы. 2014. Суреттің авторы - моңғолиялық фотограф Баяр Балганцэрэн. (Көрнекі сурет)

​Ел астанасы Ұланбатыр қаласында биыл да Наурызға арналған мерекелік шара ұйымдастырылған. «2014 жылы Наурызға Моңғолия президенті Цахиагийн Элбэгдорж мырза да қатысқан» дейді Бәкей Ағыпарұлы.

Қазақстанда совет билігі тұсында 60 жылдан аса тыйым салынған Наурыз мейрамын халық тек 1988 жылдан бастап қайтадан атап өте бастаған. 2001 жылы мемлекеттік мереке болып жарияланған Наурыз 2010 жылдан бастап елде үш күн қатарынан мейрам болып белгіленген.

XS
SM
MD
LG