Accessibility links

Әлем жетекшілері тарихи күнді қалай атап өтті?


Париждегі еске алу рәсімі. 11 қараша 2018 жыл
Париждегі еске алу рәсімі. 11 қараша 2018 жыл

Парижде Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына жүз жыл толуына орай еске алу шаралары өтті. Оған жүз жыл бұрын майданда бір-бірімен шайқасқан жауынгерлердің ұрпақтары, отыздан астам мемлекеттің басшылары қатысты.

Бұған дейін 11 қарашада Парижде өтетін еске алу рәсіміне өзге ел басшыларымен қатар АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин қатысады деп хабарланған еді. Рәсім барысында екі ел басшысының ресми емес қысқа кездесуі де болуы мүмкін деп айтылған. Бірақ сәл кейінірек Франция президенті Эммануэль Макронның бұл кездесуге қарсы екені жайлы расталмаған дерек пайда болды. Себебі Макрон қазіргі таңдағы саяси мәселелер тарих трагедиясын еске алуға кедергі келтіреді деп санаған-мыс.

ЕЛИСЕЙ САРАЙЫНДАҒЫ КЕЛІССӨЗДЕР

Салтанатты шара алдында АҚШ президенті Дональд Трамп сенбі, қарашаның 10-ы күні француз президенті Эммануэль Макронмен Елисей сарайында кездесті. Алдын-ала ақпарат бойынша, президенттердің Сирия, Иран, Йемендегі жағдай, сонымен бірге Ресеймен жасалған зымыран келісімі (АҚШ одан шығатын ойы бар екенін айтқан) туралы сөйлесетіні айтылған.

Елисей алаңындағы Трамп пен Макронның кездесуі. Париж, 10 қараша 2018 жыл
Елисей алаңындағы Трамп пен Макронның кездесуі. Париж, 10 қараша 2018 жыл

Кездесуге бір тәулік қалғанда Трамп Twitter-де "құрлықты АҚШ, Ресей және Қытай сияқты алыптардан қорғайтын ортақ еуропа армиясын құру қажет" деген Макронның сөзін қатты сынады. Мұндай пікірге шамданған Трамп АҚШ-тың НАТО-ға көп қаржы жұмсап отырғанын еске салған. "Еуропа алдымен НАТО шығынын көтеруге үлес қоссын, шығынның басым бөлігін АҚШ көтеріп отыр" деп жазды Трамп Twitter парақшасында.

Трамп пен Макронның кездесуіне орай өткен баспасөз конференциясында екі жақ дауласпады. Бұдан былай Еуропа қорғанысқа, оның ішінде НАТО-ны қаржыландыруға көбірек қаржы жұмсайды деген пікірге тоқтаған.

Макрон сонда да ЕО-ның қорғаныс әлеуетін арттыру туралы ұсынысы жалпы жағдайға қайшы келмейтінін атап өткен. Еуропалық армия туралы идеясын негіздей отырып, Франция басшысы Трампты тізесінен қағып қойды.

ОРТАҚ ЕУРОПА АРМИЯСЫ ТУРАЛЫ

Франция президенті Эммануэль Макрон апта басында Верденде сөйлеген сөзінде еуропалықтардың қорғаныс мәселесінде бұдан былай АҚШ-қа сүйене алмайтынын айтқан еді. Осындай пікірді бұған дейін Германия канцлері Ангела Меркель де айтты.

Оған АҚШ президентінің соңғы екі НАТО саммитінде ұстанған қайшылыққа толы позициясы себеп болды. Трамп кездесуде АҚШ-тың одақтастар қауіпсіздігін өз есебінен қамтамасыз етіп отырғанын қайта-қайта шегелеп айтты.

Франция президенті Эммануэль Макрон.
Франция президенті Эммануэль Макрон.

Соған орай Эммануэль Макрон Europe-1 радиостанциясының эфирінен сөйлеген сөзінде "Қытай, Ресей, тіпті Америка Құрама Штаттарынан өзімізді қорғай алуымыз керек" деген.

"Бұдан ең бірінші кім зардап шегеді? Еуропа мен оның қауіпсіздігі. Ресеймен қауіпсіздік туралы нақты диалог жүргізгіміз келеді, ол елді сыйлаймыз, еуропалық ел санаймыз. Бізге өзін-өзі қорғай алатын, АҚШ-қа иек артпайтын Еуропа керек" деді Макрон.

Франция президенті Трамптың көптен айтып жүрген талабын орындауға келісті, Франция НАТО бюджетіне көбірек қаржы құятын болды. Оған қоса, Макрон жедел әрекет ету бойынша еуропа әскерін құру процесін бақылайды. Оған Еуропаның тоғыз елінің арнайы құрылымы кірмек. Оның ішінде Ұлыбритания және неміс әскерилері де бар. Алайда саны жағынан мұндай құрылымды армия деп атау қиын.

ТАРИХИ КОМПЬЕН ОРМАНЫ

Сенбі күні кешке Эммануэль Макрон Германия канцлері Ангела Меркельмен Францияның солтүстігіндегі Компьен қаласында кездесті. Бұл жерде 1918 жылы Германия мен одақтақтастар арасында бітімге келу туралы келісімге қол қойылған еді.

Ангела Меркель – соғыстан кейін бітім жасалған Компьен орманына барған алғашқы Германия канцлері. Макрон мен Меркель екі ескерткіш тақтаны салтанатты түрде ашты. Онда "1918 жылғы қарашаның 11-і күнгі бітімнің жүз жылдығында француз республикасының президенті Эммануэль Макрон мен Германия Федеративтік Республикасының канцлері Ангела Меркель Еуропа мен әлемге қызмет ету үшін герман-француз бітімінің мәнін растады" деп немісше және французша жазылған.

Екі елдің басшысы Компьен келісімі жасалған тарихи вагонның көшірмесі – қайта қалпына келтірілген темір жол вагонында болды.

11 ҚАРАША КҮНГІ ШАРА

Бұл күні президент Дональд Трамп пен зайыбы Мелания Трамп Белло Вуд маңындағы шайқаста (Бірінші дүниежүзілік соғыста Америка армиясы қатысқан алғашқы ірі шайқас) қаза тапқан америкалық солдаттардың моласына барады деп жоспарланған еді. Мола Парижден 80 км қашықтықта орналасқан. Америка басшысы ауа-райының нашарлығын айтып, сапардан бас тартты.

Берлиндегі соғыс құрбандарына арналған инсталляция. 5 қараша 2018 жыл
Берлиндегі соғыс құрбандарына арналған инсталляция. 5 қараша 2018 жыл

АҚШ-тағы кейбір саяси қайраткерлер президенттің бұл оқыс әрекетін сынады. "Президент жеңіс үшін өмірін қиған америкалықтарды еске алу үшін Францияға барды, бірақ оларды қонақүйде теледидар көріп отырып еске алмақ" деп жазды Twitter парақшасында бұрынғы президент кіші Джордж Буштың спичрайтері болған Дэвид Фрум.

Демалыс күні Дональд Трамп, Эммануэль Макрон, Ангела Меркель, Владимир Путин және өзге де ел басшылары Париждегі Триумф аркасы алдында өткен ресми шараға қатысты. Мұнда соғыста қаза тапқан белгісіз солдат жерленген.

Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде шайқастар негізінен Франция мен Бельгия аумағында болды. Ресми дерек бойынша, соғыста 16 миллионға жуық адам қаза тапқан.

БІРІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫС ДЕРЕКТЕРІ

1914 жылы маусымның 28-і күні серб террорисі Сараевода Австрия-Венгрия тағының мұрагері Франц Фердинандты атып өлтірді. Дәл осы оқиғадан соң алып державалар арасындағы өзара келіссөз жүйесі мен міндеттемелер жүзеге аса бастады.

Ресей, Франция және Ұлыбритания Сербияны қолдады, Германия мен Осман империясы Австрия-Венгрияны қолдады. Бірінші коалицияны Антанта (француздың entente – келісім деген сөзінен алынған) деп атады, екіншісін – Орталық державалар деп атады. Кейін соғысқа Уругвай мен Жапония сияқты басқа мемлекеттер де араласты, осылайша дүниежүзілік соғысқа айналды.

Вердендегі шайқастан кейін тұтқынға алынған неміс әскерилері. Француз солдаттары оларды тексеріп жатыр
Вердендегі шайқастан кейін тұтқынға алынған неміс әскерилері. Француз солдаттары оларды тексеріп жатыр

Антанта экономикалық және әскери әлеуеті жағынан қарсыластарынан басым болды. Сондықтан немістер асықты. Соғыста жеңіске жету үшін олар Францияны тез арада талқандап, бар күшін Ресейге жұмсауы керек болды. Оған шамасы жетпеді, француздар ағылшындардың көмегі арқасында Парижде немістерге тойтарыс берді. 1916 жылы Соммадағы шайқас кезінде ағылшындар мен француздар неміс әскерін талқандауға тырысты. Екі жақтан да миллионға жуық солдат опат болды.

Антанта ақша, солдат және техника жағынан басым болды. 1917 жылы АҚШ та оны қолдады. Неміс қолбасшылары қарсыластарына төтеп бере алмайтындарын түсінді. Балқан мен Италиядағы Орталық держава қорғанысы да күйреді. Олар соғыста жеңілді. 1918 жылы қарашаның 11-і күні таңғы 11-де атыс тоқтады. Париж маңындағы Компьен орманында теміржол вагонында жасалған келісімде солай көрсетілген.

Неміс әскерінің газ шабуылы. 1916 жыл.
Неміс әскерінің газ шабуылы. 1916 жыл.

Салон-вагонның иесі француз маршалы, Батыс майдандағы Антанта жауынгерлеріне қолбасшылық жасаған Фердинанд Фош болатын. Сол кездің өзінде "Ұлы" деп аталған бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталды. Бірнеше айдан соң Парижде өткен дипломатиялық конференцияда бірнеше бейбіт келісімге қол қойылды, оның ішінде ең танымалы – Версаль келісімі болатын.

Бірінші дүниежүзілік соғыстың өткен соғыстардан айырмасы - мұнда жеңілгендердің бейбітшілік шарты туралы пікірі сұралмады. Оларға тек бұйрық беріп, айтқандарын істетті. Қарашаның 11-і күні Версаль шарттарын естіген маршал Фош "Бұл бейбіт келісім емес, небәрі 20 жылға бітімге келу!" деген екен.

Оның айтқаны рас болып шықты. 1940 жылы Франция тізе бүкті, нацистік генералдар оның капитуляциясын Париждегі орманда, дәл сол, маршал Фоштың вагонында қабылдады. Осылайша, басқа соғыстың тарихы басталды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG