Accessibility links

Белсенділерді сөз бостандығы жайы алаңдатады


Карикатурашы Игорь Кийконың Қазақстандағы тәуелсіз БАҚ-тың ахуалы туралы суреті.
Карикатурашы Игорь Кийконың Қазақстандағы тәуелсіз БАҚ-тың ахуалы туралы суреті.

Елде биыл журналистерге қатысты 87 қылмыстық іс қозғалған. БАҚ еркіндігін қорғаушы мамандар «алдағы жылда да жағдай мәз бола қоймас» деп жориды.

"Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымы Қазақстанда 2016 жылы сөз бостандығына байланысты қылмыстық қудалау күрт көбейгенін хабарлады. Алматыда 2016 жылдың 11 айындағы сөз бостандығына қатысты есебін жариялаған ұйымның мәліметінше, биыл бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты 87 айыптау және қылмыстық жолмен қудалау фактісі тіркелген.

Қазақстандағы сөз бостандығы
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:18 0:00
Жүктеп алу

«ЖУРНАЛИСТЕРІ КӨП ҚАМАЛҒАН, НЕ СОТТАЛҒАН ЕЛДІҢ БІРІ»

«Әділ сөз» қорының жетекшісі Тамара Калееваның сөзінше, 2016 жыл былтырға қарағанда "аса ауыр" болған.

– "Көпе-көрнеу жалған ақпарат тарату" туралы 274-бап бойынша 46 іс қозғалып (өткен жылы 35 іс қозғалған), 12 айып тағылған. Бұл істер тек журналистерге қатысты емес, өз ойын ашық айтқан азаматтық белсенділерге де қарсы қозғалған. Биыл Қазақстан алғаш рет журналистері ең көп қамалған я сотталған мемлекеттер тізіміне енді, – деді Тамара Калеева.

Мамандар экстремизмге, ұлттық және діни алауыздықты қоздыруға қарсы төтенше маңызға ие күрес "әдетте өзгеше ойлап, пікір айтып, көзқарас білдіргендерді қудалауға айналып кететінін" айтады. "Әділ сөз" ұйымы Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша "әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, қауымдық немесе діни алауыздықты қоздырды" деген айыппен 12 қылмыстық іс қозғалып, алтауына қатысты үкім шыққанын айтты. Бұл істердің арасында Атырауда биыл жер мәселесіне қатысты өткен митинг белсенділері Макс Боқаев және Талғат Аянға қатысты шыққан үкім де бар.

Тамара Қалеева, "Әділ сөздің" 2016 жылғы есебін таныстырып отыр. Алматы, 21 желтоқсан 2016 жыл
Тамара Қалеева, "Әділ сөздің" 2016 жылғы есебін таныстырып отыр. Алматы, 21 желтоқсан 2016 жыл

Тамара Калееваның айтуынша, 2016 жылы "ар-намыс пен іскерлік беделіне нұқсан келтіру" бабы бойынша қозғалған істер аз. Ол мұны жыл басында күшіне енген азаматтық іс жүргізу кодексінен көреді.

– Бұл жерде жоғарғы соттың қоғам пікіріне құлақ асып, өндіріп алынатын моральдық зиян көлемін реттегенін атап өткен жөн. Енді БАҚ немесе журналисті "жойғысы", я материалдық тұрғыда "жұтатқысы" келетіндер мемлекетке баж салығын төлеуі міндетті. Заңды тұлғалар үш пайыз, ал жеке тұлғалар бір пайыз төлеуі тиіс, – дейді Тамара Калеева.

Оның сөзінше, биыл тілшілер мен ақпарат құралдарынан "моральдық зиян шегушілер" 736 миллион 460 мың теңге талап еткенімен, іс жүзінде оның 11 миллион 260 мың теңгесін ғана өндіріп алған.

«ЖУРНАЛИСТЕРДІ СОТҚА ТАРТУ ЖИІЛЕЙДІ»

Жиында Қазақстандағы БАҚ-қа қатысты тағы бір мәселе – ақпарат және коммуникация мәселелері бойынша қолданыстағы кей заңдарына толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы жоба тұжырымдамасының жайы да сөз болды. Тұжырымдаманы талқылауға қатысқан "Әділ сөз" қорының заңгері Ганна Красильникова бұл өзгерістер заңға енсе, "журналистерге қарсы сот процестері көп болады" деп қауіптенеді.

– Тұжырымдамада "журналист ақпаратты жіті тексеруі керек" екені айтылады. Бұл жайттың күшеюі журналистерді сотқа тарту жиілейді дегенді білдіреді. Өйткені құрастырушылар "жіті тексеру" дегеннің ішіне мақалаңыздағы ақпаратты "депутаттық сауал я адвокаттық сауал арқылы тексеру қажет" екенін енгізген. Ал журналистердің мұндай сауалдар жіберіп, жауап алуға құқығы жоқ, – дейді заңгер.

Ганна Красильникова, заңгер
Ганна Красильникова, заңгер

Оның сөзінше, тұжырымдама негізіндегі заңға енгізілмек өзгерістер "баспасөзге көмек үшін емес, оны бақылау мен реттеу үшін" жасалған.

Қазақстанда биыл БАҚ өкілдеріне қатысты қозғалған 87 қылмыстық іс бұған дейінгі жылдармен салыстырғанда көп екенін (2015 жылы – 77 іс, 2014 жылы – 38 іс) айтқан мамандар "алдағы жылдың жағдайы мәз бола қоймас" деп болжайды.

Сөз еркіндігін қорғайтын "Шекарасыз тілшілер халықаралық ұйымының әлемдегі сөз бостандығының 2016 жылғы ахуалына арналған есебінде Қазақстан 180 елдің ішінде 160-орынды иеленген. Ұйым Қазақстанда экономикалық дағдарыстан кейін сөз бостандығына қысым күшейіп, БАҚ еркіндігі нашарлай түскенін айтқан.

"Шекарасыз тілшілер" есебінде: "Қазақстандық БАҚ-та "Нұрсұлтан Назарбаев – ұлт көшбасшысы" деген идея мен Назарбаевты насихаттауға тым басымдық берілген. 2013 жылдан бері елдегі негізгі оппозициялық басылымдарға тыйым салынды және жаңадан ашылған тәуелсіз ақпарат құралы бірнеше ай ішінде міндетті түрде жабылып тынады. Сот орындары тәуелсіз журналистерді тұрақты түрде қудалап келеді және интернетті билік қатаң бақылап отыр. Кейінгі заңдар бойынша шенеуніктер телекоммуникациялық желілерді жауып тастай алады және керек деп тапқан жағдайда алдын ала цензура орнатады" деп жазылған.

XS
SM
MD
LG