Accessibility links

«Мұнай ұрлаған» күдіктінің бірі – полиция полковнигі


"Мұнай ұрлау" ісі бойынша басталған сот отырысынан көрініс. Ақтөбе, 5 желтоқсан 2017 жыл
"Мұнай ұрлау" ісі бойынша басталған сот отырысынан көрініс. Ақтөбе, 5 желтоқсан 2017 жыл

Ақтөбеде «мұнай ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ» деген күдікпен ұсталған 26 адамның ісі бойынша сот процесі желтоқсанның 5-інде басталды.

«Қылмыстық топқа жетекшілік етті» деп сипатталатын І топ мүгедегі Еркін Ізбасарға тергеушілер Қылмыс кодексінің 13 түрлі бабы бойынша айып тағып отыр. Тергеу қорытындысы бойынша Еркін Ізбасардың «сыбайластары» да «ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған» деп айыпталады.

ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕР - "АҚТӨБЕМҰНАЙГАЗ" бен "САҒЫЗ ПЕТРОЛЕУМ"

Сейсенбі күні соты басталған қылмыстық топ ел арасында «Төрт ағайынды» деген атпен танылған. Алғашқы отырыс кезінде залға күзетпен кіргізілген күдіктілер өздерін еркін ұстады. Журналистер мен таныстарына көзін қысып, күліп амандасқандары да болды.

Сотталушылардың 17-сі тергеу изоляторында отыр, ал тоғызы ешқайда шықпау туралы қолхатпен бостандықта жүр. Айыпталушылардың арасында Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Рахат Аханов та бар. 55 жастағы Аханов – Ақмола облысының тумасы, үш баланың әкесі. Кейінгі жылдары Ақтөбеден Астана қаласына ауысып, ІІМ қылмыстық полиция басшысының орынбасары болған.

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының ғимараты. Ақтөбе, 20 қараша 2017 жыл
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының ғимараты. Ақтөбе, 20 қараша 2017 жыл

Полиция полковнигіне тергеу «лауазымдық өкілетін теріс пайдаланған» деп айып тағып отыр. Айыптаушылар одан «кеніштерден ұрланған мұнайдың Ақтөбедегі мұнай өңдеуші шағын зауыттарға ешбір кедергісіз жеткізілуіне жағдай жасаған» деп күдіктенеді. Сот процесі кезінде полковникті қостанайлық адвокат Олег Бранцев қорғап жатыр. Бранцев Азаттық тілшісіне алғашқы отырыстан соң әзірше ешқандай комментарий бермейтінін айтты.

Еркін Ізбасар мен оның серіктеріне тағылып отырған үлкен айыптың бірі – мұнай ұрлығы. Тергеу материалдарына қарағанда, қылмыстық топ «Сағыз Петролеум» компаниясына қарасты «Қағанай» кенішінен 2015 жылғы маусым-қыркүйек аралығында 530 тонна мұнай ұрлаған. Ұрланған мұнай құны 11 млн 302 мың теңге екендігі айтылады.

"Мұнай ұрлығы" ісі бойынша айыпталушылардың бірі сот залында тұр. Ақтөбе, 5 желтоқсан 2017 жыл
"Мұнай ұрлығы" ісі бойынша айыпталушылардың бірі сот залында тұр. Ақтөбе, 5 желтоқсан 2017 жыл

Қағанай - Байғанин ауданының Жарлы селолық округіндегі кеніш. Айыптау қорытындысыне сәйкес «Сағыз Петролеум Компани» мұнай өндіретін кеніштегі «Kag 12» ,«Kag 21», «Kag 23» скважиналарынан ұрланған мұнайды қылмыстық топпен байланысы бар мұнайшы-операторларәрқайсының сыйымдылығы 70 текше метрлік болат резервуарларға сақтап, кейін оның Байғанин ауданынан Ақтөбеге жөнелтіп отырған.

Одан бөлек тергеу материалдарында Байғанин ауданындағы «Ащыкөл» мен «Қаратөбе», Мұғалжар ауданындағы «Синельниковское» кенішінен де әр жылдары аса көп мөлшерде мұнай ұрланғаны көрсетілген. Қаратөбе – Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Жарқамыс ауылындағы кеніш. Тергеушілердің болжамы бойынша, қылмыстық топ құрамындағы 31 жастағы Қайыргелді Ізтұрғанов «Қаратөбе кенішіндегі №Г-4 (№30) нөмірлі бекетте күзет жоғын серіктеріне хабарлап, мұнай ұрлау жоспарын құрған».

Сот залында жәбірленуші тарап өкілі ретінде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» мен «Сағыз Петролеум Компани» заңгерлері отырды.

АДВОКАТТАР НАҚТЫ ШЫҒЫН СОМАСЫН СҰРАЙДЫ

Әзірше ұрланған мұнайдың нақты көлемі мен келтірілген шығынның жалпы сомасы туралы айтылған жоқ.

Адвокат Мақсат Мейірмановтың сот отырысы кезіндегі сөзіне қарағанда, сотталушыларды екі топқа бөліп қарауға болады. Алғашқы топты яғни, Еркін Ізбасар бастаған 14 адамды ҰҚК тергеген. Ал қалған12 сотталушыны полиция тергеген. Екінші топтағы 12 адам «ұрланған мұнай» құнын тергеушілер геология және жер қойнауын пайдалану департаменті маманы жасаған есепке сүйене отырып, 39 млн теңге деп көрсеткен. Алғашқы отырыс кезінде адвокат Мақсат Мейірманов шығын көлемін есептеп шығарған маманды сотқа шақыруды сұрады. Және бір адвокат Нұрбибі Есмағанбетова:

- Менің қорғауымдағы Жанат Тектіғұловтың эпизоды бойынша жәбірленушілер сотқа келмеді. Олардың тарапынан ешқандай талап қойылып отырған жоқ. Сондықтан да қанша мұнай ұрланғаны, оның сомасы туралы әзір ештеңе айта алмаймын, - деді.

Сот отырысын монитордан көріп отырған бір топ адам. Ақтөбе, 5 желтоқсан 2017 жыл
Сот отырысын монитордан көріп отырған бір топ адам. Ақтөбе, 5 желтоқсан 2017 жыл

Ал сотта Еркін Ізбасар мен Аухат Қалиевтің құқықтарын қорғайтын адвокат Мәди Мырзағараев өз қорғауындағы азаматтардың «мұнай ұрлығына ешқандай қатысы жоқ» деп санайды.

- «Мұнай ұрлығына қатысы бар» деген сотталушылардың адвокаттары бүгін прокурорлардан соманы сұрады. «Қандай сома бізге таққыларыңыз келіп отыр?», «Қанша залал келді деп отырсыздар?» деген кезде прокурорлар әзірге қандай сома екенін айта алған жоқ. Прокурорлар білмей тұрған соманы біздер тіптен білмейміз, - деді Мәди Мырзағараев.

Сот процесінің алғашқы отырысында прокурорлар Елдар Әбиев, Айбек Шоқпаров пен Зейін Жанғалиев айыптау актісін күні бойы кезектесіп оқыды. 26 адамға қатысты қылмыстық істі Ақтөбе сотының судьясы Ахметқали Молдағалиев қарап жатыр. Бұл жолы да журналистер сот отырысын алдын ала сот тыңдауы кезіндегідей жеке бөлмеге орнатылған монитордан бақылады. «Жеке куәлігін үйінде ұмытып кеткендіктен» түске дейін сот залына кіре алмағанын айтқан Еркін Ізбасардың анасы Мейірхан Ізбасар да сот барысын монитордан бақылауға мәжбүр болды. Оның айтуынша, алдын ала сот тыңдауы кезінде адвокаттардың І топ мүгедегі Еркін Ізбасарды үй қамаққа жіберу жөніндегі өтінішін сот қанағаттандырмаған. «Баламның денсаулығы күн санап нашарлап бара жатыр» деп шағынды Мейірхан Ізбасар Азаттық тілшісіне.

Мейірхан Ізбасар (қалпақ киген әйел) ұлының сотын монитордан көріп отыр. Ақтөбе, 5 желтоқсан 2017 жыл
Мейірхан Ізбасар (қалпақ киген әйел) ұлының сотын монитордан көріп отыр. Ақтөбе, 5 желтоқсан 2017 жыл

2016 жылғы желтоқсанда ҰҚК қызметкерлері мен коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы және ішкі істер министрлігі бірлесіп Ақтөбе және тағы кей аймақта «мұнай өнімдерін жымқырумен айналысқан» деген күдікті топты қолға түсіру операциясын жүргізгені хабарланған. Кейін сот операция барысында ұсталған 20-дан астам күдіктіні қамауға санкция берген.

ҰҚК сонымен қатар «мұнай ұрлаумен айналысқандарды қорғаштаған радикалдық салафизм бағытын ұстанатын қылмыстық топтың бірнеше мүшесі ұсталғаны» туралы да хабарлаған.

XS
SM
MD
LG