МҰНАЙ ҰРЛЫҒЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ҚЫЛМЫСТАР
Ақтөбеде қарашаның 20-сы күні "ұйымдасқан қылмыстық топ" ретінде айып тағылған 26 адамның ісі бойынша алдын ала тыңдау басталған облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының территориясын полиция қоршап тұрды. Алдын ала тыңдауға сотталушылар, олардың адвокаттары мен туыстары, жәбірленушілер, журналистер – барлығы жүзге жуық адам қатысты. Сот залы тарлық еткендіктен журналистер тыңдау барысын жеке бөлмеге орнатылған монитордан бақылады.
Өткен айда аяқталып, сот қарауына түскен тергеу қорытындысына сәйкес, 26 адамға қылмыстық кодекстің "мұнай ұрлығы", "адам ұрлау", "ақша бопсалау", "қару сақтау", "бөтеннің мүлкін талан-таражға салу" және басқа баптары бойынша айыптар тағылған. Бұған дейін күдіктілердің өздеріне тағылған айыпты мойындаудан бас тартқаны туралы хабарланған.
Алдын ала сот тыңдауында мемлекеттік айыптаушы Айбек Шоқпаровтың мәлімдеуінше, сотқа тартылып жатқан адамдардан құралған қылмыстық топ Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы кеніштерден шикі мұнай ұрлап, облыс орталығындағы мұнай өнімдерін өңдейтін шағын зауыттарға өткізіп отырған. Тергеу материалдары бойынша, 51 жастағы Еркін Ізбасар "Ағайынды төртеу" ("Четыре брата") қылмыстық тобыны негізін қалаған әрі маңызды шешімдерді дара қабылдайтын жетекшісі болған, қылмыс әлеміне танымал адам ретінде сипатталады. Оның көмекшісі, кеңесшісі, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары адам ретінде 46 жастағы Аухат Қалиев аталған. Тергеу қорытындысында қылмыстық топтың 2003 жылы ақтөбелік кәсіпкерлердің ортасындағы кикілжіңге араласып, олардың бірінен 60 мың доллар бопсалағаны айтылған. Тағы бір эпизод бойынша, бұл топтағылар Ақтөбеде "Жеті ру" деп аталатын ұйымдасқан қылмыстық топ құрмақ болған азаматты торуылдап жүріп, Алматы қаласында соққыға жыққан.
Еркін Ізбасар мен оның серіктеріне тағылып отырған тағы бір үлкен айып – мұнай ұрлығы. Ақтөбе облысы Байғанин ауданындағы мұнай кеніштерінен нақты қанша мұнай ұрланғанын ешкім тап басып айта алмайды. Тергеушілер болжамы бойынша, қылмыстық топ құрамындағы 31 жастағы Қайыргелді Ізтұрғанов "Қаратөбе кенішіндегі №Г-4 (№30) нөмірлі бекетте күзет жоғын серіктеріне хабарлап, мұнай ұрлау жоспарын құрған". Ал Қаратөбеден ұрланған мұнайдың Ақтөбедегі мұнай өңдеуші шағын зауыттарға ешбір кедергісіз жеткізілуін сол кезде Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары болған Рахат Аханов қамтамасыз еткен дейді осы істі жүргізген тергеу орындары.
Тергеу материалында кейін Астанаға ішкі істер министрлігіне қызметі ауысқан 55 жастағы полиция полковнигі Аханов "ай сайын ұйымдасқан қылмыстық топтан 350 мың - 400 мың теңге алып отырғаны" айтылған. Рахат Ахановқа "лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланған" деген айып тағылған.
Сотқа тартылған полиция полковнигіне тағылған айыпқа байланысты Азаттық тілшісінің қойған сауалына оның адвокаты Олег Бранцев қорғауындағы Рахат Ахановтың әзірше ешқандай комментарий бермеуді өтінгенін айтты. Бұған дейін Аханов тағылған айыпты мойындаудан бас тартатыны туралы мәлімдеген болатын.
Алдын ала сот тыңдауына отызға жуық кәсіби адвокат қатысты. Сотталушы Еркін Ізбасардың қорғаушысы ретінде сотқа қатысқан анасы Мейірхан Ізбасар баласының денсаулығы нашарлап бара жатқанын айтып, оны үйқамаққа шығаруды сұрап өтініш білдірді. Еркін Ізбасардың адвокаты Серік Сәрсенов денсаулығына байланысты алдын ала сот тыңдауына қатыса алмағаны хабарланды. Одан бөлек Ізбасар отбасы кәсіби адвокаттар Тамара Сәрсенова, Ұлан Есбергенов пен Қуаныш Ысқақовтың көмегіне сүйенбек.
ҮШІНШІ МӘРТЕ СОТҚА ТАРТЫЛҒАН КҮДІКТІ
Бірінші топтағы мүгедек Еркін Ізбасар сот залына Ақтөбедегі теміржол ауруханасынан әкелінді. Анасы Мейірхан Ізбасардың айтуынша, былтыр желтоқсан айында күдікті ретінде ұсталған Еркін Ізбасар біраз уақыт тергеу абақтысында отырған. "Кейін денсаулығы күрт нашарлап кеткендіктен балам теміржол ауруханасына жатқызылған" дейді ол.
Сот залында Еркін Ізбасар қолтығына қыстыра келген жастықты екі жағына әлсін-әлсін ауыстырып, әйнек қоршаудың ішінде жантайып отырды. Бөтеннің көмегінсіз қозғала алмайтын Еркін Ізбасар судьяның сауалдарына да жантайған күйі самарқау жауап берді. Қолына микрофон тигенде ол "Бір жылдан бері не үшін отырғанымды өзім де білмеймін. Бұл аралықта менен ешкім бірде-бір рет жауап алған жоқ" деп мәлімдеді.
Сот сұрағына берген жауабында Еркін Ізбасар екі жоғары білімі бар екенін айтты. Ол алғаш рет 2003 жылғы наурызда "бопсалау" айыбы бойынша сотталып, жеті жылға бас бостандығынан айырылған. Бір жылдан соң бостандыққа шыққан. Ал 2008 жылғы сәуір айында Ізбасарға қылмыстық кодекстің "ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған жетекшілік ету", "заңсыз қару, оқ-дәрі сақтау, тасымалдау және өзімен алып жүру", сонымен бірге "заңсыз есірткі сақтау, сатып алу, сату және тасымалдау" бабы бойынша айыптар тағылған. Сот үкімімен үш жылға бас бостандығынан айрылған Еркін Ізбасар 2010 жылғы қаңтарда мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан.
Бұл жолы тергеу орындары оған ұйымдасқан қылмыстық топқа жетекшілік еткен деген айып тағып отыр. Еркін Ізбасардың анасы Мейірхан Ізбасар "ұлыма жала жауып отыр" деп санайды.
- Былтыр желтоқсан айында балам Алматыда өтіп жатқан Қонаев атындағы турнирге кеткен болатын. Сол жақта жүрген жерінен ұстап алып келген. Жанында әйелі бар еді. Ұшаққа тиегенде өзі де түк түсінбей, әйеліне "мынау не боп кетті өзі?" дей беріпті. Соңғы екі жылда есіл-дерті спорт боп жүрген еді. Газеттерді ашсам баламды "мұнай королі" деп жазып қойыпты. Мұнай деген мұның түсіне де кіріп көрмеген. Осы жасыма дейін мұндай жаланы көрген емеспін, - дейді Мейірхан Ізбасар.
Оның сөзінше, 1997 жылы Қызылорда облысының территориясында көлік апатына ұшыраған Еркін Ізбасарға соңғы 20 жылда тоғыз рет ота жасалған. Анасы бас дәрігерлік қызметін тастап, ұлының жеке дәрігеріне айналғанын айтады.
Ақтөбенің Заречный деп аталатын ауданындағы дуалына жағалай бейнекамералар орнатылған жеке үйде Еркін Ізбасар зейнет жасындағы ата-анасы, әйелі және төрт баласымен бірге тұрған. Азаттық тілшісі Ізбасар отбасына былтыр желтоқсанда барған болатын. Журналистпен әңгімеге Еркін Ізбасардың анасынан өзге ешкім араласқан жоқ. Әйелі мен бойжеткен қыздары діни ғұрып бойынша киінген. Анасының айтуынша, Еркіннің өзі де көлік апатынан кейін намазға жығылған.
- Социализм күйреген кезде спортшылардың бәрі жұмыссыз қалды емес пе? ОПГ (ұйымдасқан қылмыстық топ – ред.) деген бәле бұған сол кезде жабысты. Содан бері қыр соңынан қалмай келеді, - дейді анасы.
Қарашаның 20-сы күні Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты ғимаратының бірінші қабатындағы қосалқы залда журналистермен бірге сотталушылардың негізгі залға сыймай қалған туыстары да отырды. Ерлер монитордан көрсетілген алдын ала тыңдау барысын үнсіз бақылап, әйелдер жағы қыстыға жылап отырды. Сотқа мүгедек арбасымен келген Жанболат Ізбағанбетов өзін "Еркін Ізбасардың досымын" деп таныстырды. Айтуынша, Еркін Ізбасар мүгедектердің қоғамдық бірлестігін құрмақ болып, құжаттарын рәсімдей бастаған.
- Еркін қоғамдық бірлестік жанынан тігін цехын ашпақ болған. Сөйтіп, арбаға таңылған азаматтарға жұмыс тауып бермекші еді. Ол қамалғаннан кейін жоспарымыз жүзеге аспай қалды, - дейді Жанболат Ізбағанбетов.
2016 жылғы желтоқсанда ҰҚК қызметкерлері мен коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы және ішкі істер министрлігі бірлесіп Ақтөбе және тағы кей аймақта "мұнай өнімдерін жымқырумен айналысқан" деген күдікті топты қолға түсіру операциясын жүргізгені хабарланған. Кейін сот операция барысында ұсталған жиырмадан астам күдіктіні қамауға санкция берген.
Ақтөбедегі операция жайлы фотогалерея (7 желтоқсан 2016 жыл)
ҰҚК сонымен қатар "мұнай ұрлаумен айналысқандарды қорғаштаған радикалды салафизм бағытын ұстанатын қылмыстық топтың бірнеше мүшесі ұсталғаны" туралы да хабарлаған.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты 26 адам айыпталған қылмыстық істі қарауды желтоқсанның 5-іне белгіледі.