2013 жылдан бастап биылға дейін бұл фестиваль "Шәкен шоқжұлдызы" деген атаумен және халықаралық "Еуразия" кинофестивалі бағдарламасымен бірге өткізілген.
ФЕСТИВАЛЬДІҢ ЖАҢА ФОРМАТЫ
Фестивальдің атауы ғана емес, форматы да өзгерген. "Шәкен жұлдыздарының" негізгі миссиясы Орталық Азиядағы жас кинематографтар мен дебюттік шығармаларға қолдау көрсету болатын.
Форматын өзгерткеннен кейінгі фестивальдің міндеті туралы ресми сайтында: "Алматыға түркі тілдес әлемдегі кинематографтарды біріктіру, Қазақстанның экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени дамуына ықпал ету, түркі тілдес елдер арасындағы мәдени диалогты нығайту, шетелмен рухани, мәдени және кинематографиялық байланыстарды кеңейту" деп жазылған.
Фестиваль қазақ кинематографының негізін қалаған Шәкен Аймановтың (1910-1970) құрметіне аталған. Шараның салтанатты ашылуы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында өтті.
Шәкен Айманов жиырма бес жасынан бастап қазақ драма театрында жұмысын бастаған. 1947-1951 жылдары ол театрдың бас режиссері болған. Бірақ дәл осы сахнада ойнаған жоқ, Шәкен Айманов 1970 жылы дүниеден өтті, ал театрдың қазіргі ғимараты 1981 жылы салынған.
Кинофестиваль президенті (бұрынғы "Шәкен жұлдыздары" тәрізді) СССР халық әртісі, белгілі қазақ актері әрі режиссер Асанәлі Әшімов болды.
Кинофестивальдің бас директоры – қазақ кинорежиссері әрі сценарист Ермек Тұрсынов ("Шәкен жұлдыздарында" бұл қызметті Венера Нығматуллина атқарған). Ұйымдастырушылар да өзгерген. Енді бұл шараны Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігі мен Кинематографистер одағы бірге өткізеді.
ЖАҢАРТЫЛҒАН КОНКУРС БАҒДАРЛАМАСЫ
Кинофестивальдің конкурс бағдарламасы үш жеке бөлімнен тұрады. Олардың әрбірі Шәкен Аймановтың "Тоғысу", "Ата-бабалар мекені" және "Біз осында тұрамыз" атты танымал картиналарының атымен аталады.
"Тоғысу" конкурсында көрермен толық метражды әлемдік картиналарды тамашалай алады. Олардың арасында қазақ режиссері Әмір Байғазиннің "Өзен" (Венеция халықаралық кинофестивалінде "Көкжиектер" конкурсында үздік режиссура үшін жүлде алған), "Шағын айлақ" (Словакия, Чехия, Берлин кинофестивальдерінде үздік балалар фильмі номинациясы бойынша хрусталь аю жүлдесін иеленген), "Фортуна" (Швейцария, Бельгия, Берлинде өткен байқауларда жасөспірімдерге арналған үздік көркем фильм ретінде хрусталь аю жүлдесін алған), "Күнбағыс" (Қытайда, Австралияның Оберн қаласында балалар мен жасөспірімдерге арналған Халықаралық фестиваль жеңімпазы атанған) картиналары бар.
"Ата-бабалар мекені" конкурсында түркі тілдес елдердің фильмдері көрсетіледі (олардың да саны он екі). Оның бесеуі - ресейлік шығармалар, соның ішінде түркі тілдес халықтар тұратын Татарстан, Хакасия мен Саха елінде түсірілген. Қазақстан мен Түркия кинематографтары екі фильмнен ұсынады. Әзербайжан, Қырғызстан мен Өзбекстан фестивальге бір-бір фильмнен әкеліпті.
"Біз осында тұрамыз" бағдарламасында қазақстандық кинематографистердің тоғыз деректі фильмі мен көркес шығармалары көрсетіледі. Оның бәрі Қазақстан кинематографистері одағының "Құлагер" ұлттық сыйлығынан үміткер.
Бұлардың арасында Серік Апрымовтың "Әкеге қоңырау шалу", Әділхан Ержановтың "Түнгі құдай", Жаңабек Жетіруовтың "Шыңырау", Ардақ Әмірқұловтың "Үнсіздік" атты картиналары бар. Сыйлық қарашаның 19-ы күні салтанатты түрде табыс етілмек.
АЛМАТЫДАҒЫ ФЕСТИВАЛЬГЕ БАЙ КҮЗ
Конкурстық бағдарламадан бөлек, кинофестиваль аясында "Әлемдік панорама", "Арнайы көрсетілім" сияқты конкурстан тыс көрсетілімдер бар.
Көрермендер басты рөлді қазақ актері Санжар Мәди сомдаған Вера Глаголеваның (Ресей) "Бөтен емес" атты соңғы фильмін көре алады. Ауған режиссері Сиддик Бармактың Ауғанстанда тәліптер билік құрған кезді сипаттайтын "Усама" фильмі көрсетіледі. Сиддик Бармактың өзі биылғы кинофестивальде "Тоғысу" бағдарламасында қазылар алқасын басқарады.
Тағы бір арнайы көрсетілім – Садық Шернияздың (Қырғызстан) "Құрманжан датқа. Тау ханымы" фильмі. Садық Шернияз кинофестивальде "Ата-бабалар мекені" бағдарламасында қазылар алқасына жетекшілік етеді.
Кинофестиваль кезінде көрсетілетін кинолардың бәрін тегін көруге болады. Шығармалар Kinopark 11 IMAX Esentai, Kinoplexx Sary Arka, Bekmambetov Cinema (Globus) кинотеатрларында көрсетіледі.
Кино көрсетілімнен бөлек, кинофестиваль аясында түрлі шаралар, мысалы, "Айтматов пен кино" дөңгелек үстелі (Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арналған), Шәкен Аймановтың ескерткішіне гүл қою; актер, кинорежиссерлермен (Ресейдің еңбек сіңірген актрисасы Роза Хайруллинамен, СССР халық әртістері Мая Аймедова, Болот Шамшиев және т.б.) шығармашылық кездесулер өтеді.
14-ші Алматы халықаралық кинофестивалінің жеңімпаздары қарашаның 21-і күні Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында аталады.
Биыл күзде Алматыда халықаралық кинофестивальдер көптеп өтіп жатыр. Қыркүйекте алғаш рет Almaty Film Festival халықаралық кинофестивалі өткен болатын, қарашаның басында VII студенттік фильмдер мен киномектептердің халықаралық кинофестивалі өтті.
ПІКІРЛЕР