Тауға ең жеңіл жолмен барған адам ауа райының күрт өзгеруінен бастап, кенеттен құлап кетуге дейінгі әртүрлі қауіп-қатер мен тосын жайтқа тап болуы мүмкін.
Андрей Алмазов – 20 жылдан бері туристерді Қазақстан мен басқа елдердегі тауларға апарып жүрген кәсіби гид әрі саяхатшы. Ол Азаттыққа берген сұхбатында тауға саяхаттап шыққан кез келген адам оқыс оқиғаға кезігуі мүмкін екенін және қауіпсіздік үшін қандай шара қолдану керегін айтып берді.
"КӨКЖАЙЛАУҒА САЯХАТҚА ШЫҒЫП ҚАЗА ТАБАТЫНДАР БАР"
Азаттық: Арнайы дайындығы жоқ адамның көбіне қиын бағытты таңдайтынын байқадым. Мұның сыры неде?
Андрей Алмазов: Әңгімені адамдардың әртүрлі екенінен бастайық. Бір адамға айқын нәрсе өзге біреуге олай көрінбеуі мүмкін. Қарт гидтер мен альпинистер "тауға өз бетімен барып, ақыры өліп тынады, үсті-басына не болса соны киіп алады" деп бұрқылдаған кезде, "сіздер де кезінде дәл солай арнайы дайындықсыз қиын шыңға шығатын жас болдыңыздар ғой" деген ой келеді маған. Ол кезде қасыңызда дұрыс бағыт-бағдар беріп, қайда бара жатқаныңызды түсіндіретін адам болса жақсы.
Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше
2021 жылдың басынан бері тауда 10 адам (екеуі – бала), 2020 жылы төрт адам (екеуі – бала) көз жұмған.
2021 жылы маусымдағы дерек бойынша, төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары 45 адамды (үшеуі – бала) құтқарған.
2020 жылы 115 адам (21-і – бала) құтқарылған.
Қазір сіздер – өз ісін жетік білетін адамсыздар, бірақ әрқайсыңыз кезінде сондай бір ақымақтық жасадыңыз ғой. Өзім де институтта оқып жүргенде сабақтан қашып, жалғыз өзім тауға баратынмын. Мен де қайда бара жатқанымды білмедім, қолымда не карта, не GPS, тіпті ұялы телефон да болмады. Қайда бара жатқанымды туыстарым да білген жоқ. Қазір де тауға кетіп, оқыс жағдайға ұшыраған жастар мен басқа да азаматтар осылай жасайды. Менің жолым болды, ешқандай апатқа ұшыраған жоқпын. Өкінішке қарай, бәрінің бірдей жолы бола бермейді.
Азаттық: Бірақ қазір бәрінің қолында интернетке қосылған телефон бар. Телефоннан кез келген ақпарат табылады. Тауға жиналған адам іздестіру жүйесіне кіріп, қалай киініп, қандай бағыт таңдау керегін қарап алса болады ғой…
Андрей Алмазов: Көкжайлаудың өзінде дене температурасы күрт төмендеп, көз жұмғандар болған. Ал Көкжайлау бір қарағанда біздің таудағы ең қауіпсіз жердің бірі саналады ғой. Көбі қайда бара жатқанын білмей саяхатқа шығады. Жолай "Көкжайлауға дейін әлі алыс па?" деп сұрайды. Ондайда "Ол жаққа не үшін бара жатырсыз?" деп сұрағың келеді. Бірақ әдетте мұндай сұраққа ешкім жауап бере алмайды.
Тауда қандай қауіп-қатер кезігуі мүмкін екені жайлы кішкене болсын хабары бар адам денсаулығы мен өмірін сақтап қалуға көмектесетін ақпарат тауып, пайдаланатын шығар. Ал мұндай дүниеден алыс, осындай қарапайым мәселенің өзіне бас қатырмайтын азамат ондай ақпаратты іздемейді.
"ЖАҢА ҒАНА КҮН ЖАРҚЫРАП ТҰРҒАНЫМЕН, АРТЫНША ТАС БОРАН БАСТАЛАДЫ"
Азаттық: Сізге өте қарапайым сұрақ қойғым келеді. Тауда әркезде қауіпті ме?
Андрей Алмазов: Тауда үнемі қауіп-қатер төнуі ықтимал. Тіпті ауа райы тамаша, жылы, қасыңызда тауды жақсы білетін сенімді серік болған күннің өзінде кенеттен аяғыңызды қайырып алмайтыныңызға ешкім кепілдік бермейді. Яғни бұл арнайы қауіп болмауы да мүмкін. Бар болғаны тауда объективті қауіп-қатер көп. Бірақ тауға шығуға дұрыс дайындалса, бұл ондай қауіп-қатер жойылып, тіпті ауа райы ең нашар болған күннің өзінде апатқа ұрынбауға болады.
Азаттық: Объективті қауіп қатарына не жатады?
Андрей Алмазов: Ең алдымен, ауа райы дер едім. Тауда ауа райы аса құбылмалы: қазір ғана жарқырап күн шығып тұрса, іле-шала тас боран басталып кетеді. Жеңіл киінген, мұндай жағдайға дайын болмаған адам қапелімде не істерін білмей уайымға салынып, тұманда адасып, суыққа тоңады… Мұндайдан тәжірибесі не қасында тауды жақсы білетін серігі жоқ адам бірден көп қиындыққа тап болса, оның ақыры апатқа әкеп соғуы мүмкін. Ауа райының бұзылуы бір-екі сағатқа созылса, адасқан адам өзін құтқарушылар тобы да таба алмайтындай қателік жасап үлгеруі мүмкін.
Азаттық: Үрейге бой алдырып, жолдан адасып, тайып жығылып, биіктен құлап кетуі мүмкін бе?
Андрей Алмазов: Иә, иә. Оған қоса таудағы жер бедерінің өз ерекшелігі бар: қарапайым соқпақтың өзінде тобығыңды қайырып, құздан ұшып, таудан құлаған тас пен қар көшкіні астында қалып, ойылған мұзға құлап, өзеннен өтемін деп судағы тасты көрмей аяғыңды сындырып, мойныңды үзіп алуға болады. Тау деген қауіпті, бірақ тамаша.
Азаттық: Мұндай қауіп-қатердің алдын алу жолы қандай? Мысалы, өзеннен аяғыңа тас тигізбей өтудің амалы бар ма?
Андрей Алмазов: Дұрысы, өзенді кешіп өтпеу керек. Тым болмаса, өзен кешіп өтуді қажет етпейтін жолды таңдаған дұрыс. Не нәрсеге дайынсың? Таудағы біліктілік деңгейің қандай? Өзен кешіп өтуден жақсы тәжірибең бар ма? Бұл саланы жетік білмесең, оған араласудың қажеті жоқ. Қауіп-қатерді дұрыс бағалау керек. Мұны тәжірибелі адамнан үйренген жөн. Тауға жалғыз барып, өз қателігіңнен сабақ алып үйренуге болатыны белгілі. Бірақ біріншіден, өз бетінше ақпарат іздеп, екіншіден, таудағы қауіп-қатер туралы айтып түсіндіретін адам тапсаң, ондай қателікке жол бермеуге болады.
Азаттық: Бірақ өзіңіз айтқандай, бәрі бірдей олай жасай бермейді ғой.
Андрей Алмазов: Бәрі бірдей олай жасай бермейді және бұл қалыпты нәрсе. Тағы да айтайын: біз әртүрліміз, әркімнің түйсігі әрқалай жұмыс істейді, әркімнің ортасы да әртүрлі. Біреу тауға отбасындағы келеңсіздіктен қашу үшін, басқалармен ұрсысып қалып, ашулы күйде баруы мүмкін. Оның тауға не үшін кеткенін ешкім, тіпті өзі де білмейді.
"ТАУҒА ШЫҒУ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ КЕРЕК"
Азаттық: Тауда қайғылы оқиға жиі бола ма? Өзіңізге ондай жағдай қаншалық жиі кезікті?
Андрей Алмазов: Жоқ, жиі емес. Бұл не әртүрлі жағдайдың жиынтығынан, не адами фактор себебінен болады.
Азаттық: Таудағы қайғылы жайттардың көбі адами фактордан бола ма?
2021 жылы мамырдың соңында Түркістан облысында жеті турист жоғалып кетті
Үш адам құтқарылған, іздестіру барысында тағы үш адам өлі табылды. Бір турист хабар-ошарсыз жоғалып кеткен.
Андрей Алмазов: Иә, шынымен солай болса керек. Бір қызығы, көбіне әртүрлі факторлар жиынтығынан туындайтын қиын жағдайға қауіпті бағытпен жүрген тәжірибелі альпинистер тап болады. Өйткені қауіпті бағытта бәрі тез өзгереді. Биіктігі жеті мың метр шыңнан қайтар жолда ауыр жүкпен әдемі жерден өтіп келе жатқан адам денсаулығының нашарлағанын, мысалы, қандай да бір вирус белгілерін байқады делік. Осылай шаршап төменге түсіп келе жатқанда ауа райы бұзылып, жол көрінбей, жолаушы карабинді басқа жіпке салып жіберуі мүмкін. Міне, осыны әртүрлі факторлар жиынтығы деп атауға болады.
Кейде адамдардың шаршағаны соншалық, тік жар я құз емес, еңістеу жердің өзінде тепе-теңдіктен айырылып қалады. Тайып жығылып, бірнеше метрге ұшып кетіп мерт болуға соның өзі жеткілікті. Бірақ мұндай қиын жағдайда көбіне тәжірибелі адамдар көз жұмады.
Азаттық: Тауға жаңа барып жүрген адам мұндай қиын бағытты таңдамайтын шығар.
Андрей Алмазов: Кейде таңдайды. Қазір Эверестің өзіне коммерциялық экспедиция құрамында тәжірибесіз адамдар шығатын болды. Әрине, оларды тәжірибелі жолбасшы бастап алып жүреді. Бірақ туристер таудағы қауіп-қатерден мүлде бейхабар болуы мүмкін. Олар жай ғана көп ақша төлейді. Біздегі қарапайым тауларға келсек, ондағы адам ажалына көбіне тәжірибенің аздығы себеп болды. Статистика да көп емес. Мұндай оқиғалардың көзге жиі түсуі ақпарат құралдарының бұл тақырыпқа мән беріп, тауда қиын жағдайға тап болған адамдар жайлы әлеуметтік желіде болған қызу талқылауға байланысты. Бұрын ол туралы тек туыстары, құтқарушылар мен альпинистер ғана білетін.
Пайыз көрсеткішімен алғанда, таудағы қайғылы оқиғалар көбейді деп ойламаймын: тауға баратындар көбейген сайын, тиісінше қайғылы оқиға саны да артады. Бар статистика – осы. Тауға баратындар бар кезде, қайғылы оқиға да бола береді. "Оны қалай азайтуға болады?" деген мүлде бөлек әңгіме.
Азаттық: Осы сұраққа жауап беріп көріңізші.
Андрей Алмазов: Біздегідей таулы өңірде тауға шығу мәдениетін қалыптастыру керек. Мектептен бастап таудағы объективті қауіп-қатерді түсіндіретін сабақтар өткізу қажет. Бұл тұста Австралияны мысалға келтіруге болады: құрлық мұхиттың ортасында орналасқандықтан, ол жақта азаматтардың барлығы бірдей міндетті түрде жүзу сабағына қатысады. Мемлекеттік саясат бойынша, суда болатын қайғылы оқиғаларды азайту үшін азаматтарды жүзуге үйретеді. Мемлекет бұл мәселені қолға алып, балаларды кішкентай кезінен жүзуге баулиды, ата-аналар да жүзе алады. Осының бәрі жалпы алғанда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектеседі. Әрине, ол жақта да суға батып кететіндер бар, бірақ ол әлдеқайда аз көрсеткіш. Бізде де дәл солай: гидтер, туризм факультеті оқытушылары тәжірибемізді бөлісеміз, бірақ бұл жаппай жүргізілмейді. Мен гид ретінде білгенімді тек өз клиенттеріме ғана үйретемін. Альпинизмге баулитын жаттықтырушылар өз тәжірибесін альпинизм мектебі шәкірттерімен ғана бөліседі. Оқытушылар институттардағы туризм факультетінде ғана сабақ береді. Ал (таулы аймақтарда) мектеп қабырғасынан бастап үйірмелер жұмыс істесе, тәжірибелі оқытушылар жеңіл бағыттар бойынша балаларды тауға апарып тұрса, бұл әрине, құтқарушыларға көп көмек болар еді. Яғни, олардың жұмысы азаяр еді.
Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.
ПІКІРЛЕР