6 шілде күні Алматының орталығында "Қытай экспансиясы" мен қымбатшылыққа қарсы митинг өткізбек болған тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық партиясы" жақтастары полиция құрсауында (кеттлинг) қалды. Олар елде азық-түліктің қымбаттап, халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлағанын айтып, билікті айыптап, "Назарбаев кетсін!", "Үкімет отставкаға кетсін!" деп айғайлайды. Билік өкілдері жергілікті әкімдік келісімінсіз өтіп жатқан шараның заңсыз екенін айтып, оларды тарауға үндеді, бірақ наразылар оған бағынбады.
Дүйсенбі күні Алматының орталығында наразылардың полициямен алыс-жұлысы кезінде бірнеше адам жарақат алған.
Бұған дейін "Демпартия" белсенділері жұртты 6 шілде күні сағат 12:00-де Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының алында жиналуға шақырған. Шамамен күндізгі сағат 11:00-ден кете спорт сарайының маңын полиция жасағы қоршауға алып, сол аумақта интернет өшті. Алаңда әуелі Билайн, кейін Алтел және Теле2 байланыс операторларының қызметін қолданушылар өз гаджетінде интернеттің істемей қалғанын байқады.
Сағат 12-ге қарай алаңға "Демократиялық партия" құру жөніндегі ынталы топ жетекшісі Жанболат Мамай бастаған белсенділер, БАҚ өкілдері жиналды. Мамай спорт сарайының қасындағы автобус аялдамасында тұрып, елдегі қымбатшылық пен халықтың тұрмыс жағдайының нашарлауына, Қазақстандағы "Қытай экспансиясына" билікті кінәлады.
Наразылар "Баға аспандады, табыс неге өспейді? Назарбаев!", "Қымбатшылық қырып барады, үкімет отставкаға кетсін!", "Қытайдың 56 зауыты - елімізді отарлау", "Астана Алашорда болсын!" деген және басқа жазуы бар плакаттар ұстап тұрды.
– Ұрлық-қарлық, жемқорлық салдарынан қаншама азаматымыз кедейдің күнін кешіп жатыр, 2,5 млн. адамның баспанасы жоқ. Ескерткіш емес, Назарбаевтың билігін тарихтың қоқысына тастайтын кез келді. Қазір ескерткіш орнатып, той тойлап, біреуді туған күнімен құттықтап жататын заман емес, – деді Жанболат Мамай Қазақстанда Астана күні мерекесі ретінде атап өтілетін, экс-президент Назарбаевтың туған күнімен дөп келетін 6 шілде күні сөйлеген сөзінде.
Жақтастары оның сөзін қолдап, "Дұрыс, дұрыс" деп айғайлады. Мерекенің қарсаңында елде Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңадан екі ескерткіш орнатылды. Оның бірін қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев ашты.
– Бүкіл Қазақстанды аралап шықтық, барлығы қымбат, халық өте қиын, өте ауыр жағдайда өмір сүріп жатыр. Неге елдің, халықтың жағдайын ойламайды бұл билік? Неге тек қана Қазақстанды тонауды мақсат тұтып отыр? - деді белсенді.
Бұдан кейін Жанболат Мамай Қытайдың Қазақстанға ықпалы, Пекиннің Шыңжаңдағы саясатынан зардап шегіп жатқан қазақтардың жағдайын да қозғады.
– Қытайдың Қазақстан аумағына салғалы жатқан 56 зауыты - троян аты іспеттес, ол Қазақстанды экономикалық, демографиялық түрде жаулау, түптің түбінде саяси тәуелсіздіктен айыру деген сөз. Біз Қытай экспансиясына түбегейлі қарсымыз. Билік Қытайдан оңды-солды қарыз алуды тоқтатсын. Шыңжаңда зардап шегіп, геноцидке ұшырап жатқан бауырларымыз бар. Қазақстан билігі соған араласып, геноцидті тоқтатуы керек, – деді Мамай.
Осы кезде дыбыс күшейткіш ұстаған Алматы қаласы әкімдігінің өкілі Серікболсын Сарыбаев жиналған жұртқа "жергілікті биліктің келісімінсіз өткен шара заңсыз" екенін ескертіп, наразыларды өз еркімен тарауға көндірмек болды.
Бірақ оған құлақ аспаған белсенділер ашуға мініп, "Кетіңдер ары!" деп шенеунік пен оның жанында тұрған полиция қызметкерлерін ысырып тастады.
Бұған дейін Алматы әкімдігі коронавирус инфекциясының тарау қарқынына байланысты "қызыл аймаққа" енген қалада көпшілік қатысатын іс-шара, соның ішінде митинг, шеру, жиын өткізуге тыйым салынатынын хабарлаған.
Азаттық тілшісі спорт сарайының артында полицияның ұсталған адамдарды таситын бірнеше арнайы автокөлігі тұрғанын көрді. Біреуінің ішінде бетіне қара маска таққан арнайы жасақ қызметкерлері отырды.
Сәлден соң наразылар спорт сарайы маңынан шеру жасап жүрмек болды. Бірақ жолдың екінші бетіне өткенде оларды полиция құрсауға алды.
Шерушілер жолдан өткен кезде сарай маңындағы әлгі көліктерде отырған арнайы жасақ өкілдері де жүгіре басып жетіп, көшенің қарсы бетіне шыққан наразыларды күштеп қоршауға алып, сап түзеп тұра бастады.
Жолдың арғы бетіне өткен наразыларды арнайы жасақ өкілдері жан-жақтан қоршап алды. Екі жақ бірнеше рет жұлқыласып қалды. Полиция қызметкерлері наразылардың қолында плакатын жұлып, итеріп, күшпен ұстап тұрды.
Ондаған кісі полиция құрсауының ішінде қалды, олардың арасында мүгедек арбасында отырған адам да болды.
Сағат 13 шамасында полиция құрсауында шамамен 40-50 адам болды. Олар наразылық акциясын кеттлинг ішінде жалғастырып, кезек-кезек сөйледі. Ара-тұра "Назарбаев, кет!" деп те айқайлады.
Белсенді Абзал Достияров премьер-министр Асқар Маминнің үкіметін сынап, "саяси жауапкершілік Назарбаев пен Тоқаевтың мойнында" деді. Белсенді Әйгерім Тілеужан "Назарбаев жүйесінің жемқорлығы салдарынан Қазақстан Қытайдың отарына айналып бара жатыр. Осылай жалғаса берсе, олардың бір провинциясына айналамыз. Елде Қытайсыз да зауыт, кәсіпорын аша аламыз" деді.
Алматы полициясы кеттлинг деп аталатын бұл әдісті осыған дейін де Демпартия жақтастары мен өзге де белсенділерге қарсы бірнеше мәрте қолданған.
2020 жылғы 16 желтоқсанда, биыл 10 қаңтарда және 28 ақпанда наразылық акциясы кезінде Мамай мен жақтастарын полиция көшеде бірнеше сағат бойы тапжылтпай қоршауда ұстаған. Халықаралық ұйымдар полицияның бұл әрекетін "адам құқығын бұзу" деп атаған.
Дүйсенбі, 6 шілде күні Алматыдағы Абай және Байтұрсынұлы көшелерінің қиылысында полиция қоршауында қалған бірнеше адам зардап шекті. Полиция Демпартия жақтастарына шеру жасап жүруіне мүмкіндік бермеген соң наразылар әр тұстан кеттлингті бұзуға тырысқан еді. Бірақ оларды арнайы жасақ өкілдері ішке қарай кері итеріп, жібермей қойды.
Бір сәтте полиция наразыларды кезекті мәрте күшпен итерген кезде бірнеше адам жерге құлады. Осының салдарынан белсенді Даная Қалиеваның қолы көгеріп қалды.
Белсенді Ырысбек Тоқтасынның киімі жыртылып, аяғы жарақаттанды. Оқиғаны суретке түсіріп тұрған журналист Күлтегін Аспанұлы да құлап түсті. Жедел жәрдем көлігінің қызметкерлері жарақат алған адамдарға медициналық көмек көрсетті.
Оқиға болып жатқан жерде Алматының Бостандық ауданы әкімі Алтай Рақымбеков пен қалалық қоғамдық даму басқармасының бастығы Диас Есдәулетов те жүрді. Олар наразылықты сырттай бақылап тұрды.
Полиция жасағының наразыларды Абай және Байтұрсынұлы көшелерінің қиылысында қоршауда ұстап тұрғанына бірнеше сағат болды.
Қазақстанда кейінгі айларда күнделікті қажет тауарлар йтарлықтай қымбаттады. Билік алғашқы жартыжылдықта инфляция деңгейі 4,6 пайыздан асқан жоқ дейді. Қытаймен ауылшаруашылығы, қазба байлықты игеру, инфрақұрылымды дамыту саласындағы бірлескен жобаларды тиімді инвестиция деп атап, оппозицияның "Пекин экспансиясы" жайлы сөзін жоққа шығарады.
Қытайдың Шыңжаң өлкесінде қамауда отырған (Батыс елдері Пекиннің Шыңжаңдағы байырғы ұлттарға жүргізіп отырған саясатын геноцид деп атайды) туыстарын босатуды талап еткен қазақтардың талабына Нұр-Сұлтан "ондағы болып жатқан жайт – Қытайдың ішкі шаруасы" деп атап, ал шекараның екі жағында қалып қойған бір шаңырақтағы адамдардың арыз-өтініші дипломатиялық жолмен қарастырылатын болады деп жауап берген.
Жанболат Мамай мен жақтастары 2020 жылы оппозициялық партия құруға талпынып көрген, бірақ құрылтай жиынын өткізуіне биліктің кедергі келтіргенін айтқан. Олардың мәлімдеуінше, билік аймақтардан Алматыға құрылтайға келмек болған белсенділерге түрлі тосқауыл қойып, бөгет жасаған. Қазақстан заңына сай, саяси партияны тіркеу үшін кемінде 20 мың мүшесі болуы шарт (бұрын одан екі есе көп болатын). Құрылтай жиынына елдің әр аймағынан жиналған кемі бір мың адам қатысуы керек. Оппозиция билік тек өз айтқанына көнетін партияларды ғана тіркеуге алады деп санайды.
Бұған дейін Қазақстанда азаматтарды 6 шілде күні билікке наразылық акциясына шығуға тағы бір ұйым – шетелде қуғында жүрген оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов та шақырған.
Бір-бірін сынайтын Әблязов пен Мамай қарсылық акциясын екі бөлек уақытқа белгілеген.
Мұхтар Әблязов жұртты 6 шілде күні кешке "алжумен өткен 30 жыл" деген ұранмен монстрацияға шығып, "елдегі ақылға сыймайтын саяси және экономикалық ахуалды күлкіге айналдыруға" үндеген. Нұр-Сұлтан соты Әблязов құрған, ресми тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын "экстремистік ұйым" деп таныған. Онымен Әблязов пен жақтастары келіспейді. ҚДТ-ны жақтайтын немесе оны жақтайды деген күдікке ілінген жүздеген адамды билік қудалап, ондаған адамды сотқа тартқан – қазір кейбірі түрмеде отыр, кейбірінің бостандығын шектеді.
Еуропарламент өз қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атады.
Белсенділер биыл 6 шілденің қарсаңында Қазақстанның түрлі аймағында белсенділер қамалып, саяси қуғын күшейгенін айтқан. Құқық қорғаушылардың дерегінше, маусымның аяғынан бері Нұр-Сұлтан, Алматы, Орал, Шымкент қаласында ондаған белсенді әкімшілік қамауға алынып, кемінде біреуіне айыппұл салынған.
ПІКІРЛЕР