Accessibility links

Назарбаев ескерткішінің авторы экс-президентті "диктатор" ретінде бейнелегісі келмегенін айтты


Бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған Түркістандағы ескерткіш. Түркістан облысы әкімдігінің ресми сайтынан алынған сурет.
Бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған Түркістандағы ескерткіш. Түркістан облысы әкімдігінің ресми сайтынан алынған сурет.

Түркістандағы Назарбаев ескерткішінің авторы Тілеуберді Бинашев Азаттық тілшісіне берген сұхбатында бұрынғы президентті тікесінен тік тұрған күйде бейнелеуінің себебін түсіндірді. Оның пікірінше, бұған дейінгі ескерткіштердің көбінде Назарбаев креслоға отырып, "диктатор" образында көрінген. Бинашев бұл жолы экс-президенттің "қарапайымдылығын" көрсеткісі келгенін айтты.

– Жусан даланың символы ғой. Қолына жусанды ұстатып, ұлы даладан шыққанын, ауылдан шыққанын, қарапайымдылығын көрсеткім келді. Кең, байтақ далада тұрған сәтін бейнеледім, – деді Тілеуберді Бинашев.

Оның сөзіне қарағанда, Түркістандағы ескерткіш Назарбаевтың 1990 жылдардың басында жаңадан президенттікке келіп, елді басқара бастаған сәтінен түсірілген суретке қарап жасалған.

3 шілдеде Түркістан облысының әкімдігі ғимаратының алдына орнатылған ескерткішті әзірлеуге екі айдан астам уақыт жұмсалған. Он шақты адам жұмыс істеген. Арасында екі мүсінші қызы да бар. Дегенмен Бинашев ескерткішке қанша қаражат жұмсалғанын айтпады. Бұған дейін жергілікті ақпарат құралдары ескерткіштің кәсіпкерлер, мәслихат депутаттары мен қоғам өкілдерінің қаржысына әзірленгенін хабарлаған еді.

"Тірі адамға ескерткіш қоюға болмайды деген пікір бар. Осыған қалай қарайсыз?" деген сұраққа мүсінші "адамды тірі кезінде қадірлеу керек, еңбегін бағалау керек, ескерткіш орнатуда тұрған ештеңе жоқ" деп жауап берді.

Ақпаратқа қарағанда, ескерткіштің биіктігі – 4 метр. Қоладан құйылған.

Өткен аптада Нұр-Сұлтан қаласында да Назарбаев ескерткіші ашылды. Оның ашылуына президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан.

Мамыр айының соңында Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай экс-президент өзіне жаңа ескерткіш қою ұсынысын "қолдамайды" деп айтқан.

  • Қазақстанды 30 жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаевқа құрмет көрсетіп, ескерткіш қою туралы бастама жиі көтеріліп тұрады. Елдің бірнеше қаласында Назарбаев ескерткіші бар. Президенттіктен кеткен күннің ертесінде атауы Нұр-Сұлтан болып өзгерілген астанада 2020 жылғы шілдеде Назарбаевтың жаңа ескерткіші ашылды. Бұған қоса астанадағы әуежай, ірі қалалардың орталық көшелері, екі университет пен мектептер желісі Назарбаевтың атымен аталады. Бұған қоса, Қазақстанның бірнеше қаласында экс-президент атындағы саябақ, спорт кешені және музейлер бар. 6 шілдеде атап өтілетін Астана күні экс-президенттің туған күнімен сәйкес келеді. Бұған қоса 1 желтоқсан Қазақстанның тұңғыш президентінің күні деп аталып, мереке ретінде тойланады. Кей саясаттанушылар елде Назарбаевтың жеке басына табыну белең алған деп санайды.
  • 6 шілдеде 81-ге толған Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Совет одағынан тәуелсіздік алмай тұрып билікке келген. 2019 жылғы наурызда президенттіктен кеткелі бері ол конституциялық орган – Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін атқарады. Президент негізгі мемлекеттік лауазымдарға адам тағайындағанда Қауіпсіздік кеңесі төрағасымен кеңесуі керек. Бұған қоса Назарбаев елдің саяси өмірінде үстемдік ететін билік басындағы "Нұр Отан" партиясын басқарады. Экс-президенттің "елбасы" және "ұлт көшбасшысы" деген титулдары бар, бұл титулдар оны және оны кез келген қудалаудан қорғайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG