Accessibility links

"Арыстықтарға халық жұмыла көмектесті"


Әскери қоймадағы жарылыс кесірінен үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болған Арыс қаласы тұрғындары үшін Шымкенттегі №87 мектепте ашылған эвакуациялық бекет. 25 маусым 2019 жыл.
Әскери қоймадағы жарылыс кесірінен үй-жайын тастап кетуге мәжбүр болған Арыс қаласы тұрғындары үшін Шымкенттегі №87 мектепте ашылған эвакуациялық бекет. 25 маусым 2019 жыл.

Жарылыстан кейін Арыс тұрғындарының көрші елді мекендерге уақытша орналасып, жоғалған балалардың табылуына көмектескен кейбір еріктілер тұрғындарға дер кезінде халық көмектескенін, биліктен көмектің кешігіп жеткенін айтады. Бұл пікірмен келіспейтін азаматтар да бар. Қол ұшын бергісі келгендер көп болғанмен олардың жұмысын үйлестіру жетіспеді дейді еріктілер.

"БЮРОКРАТИЯ КЕСІРІНЕН" ОРТАҚ БАЗА ЖАСАЛМАДЫ

Нұр-Сұлтан тұрғыны Бэлла Орынбетова жарылыстан кейін алғашқы күндері бір топ еріктімен бірігіп, ата-анасынан ажырап қалған балалар мен жоғалған азаматтарды іздеуге мүмкіндік беретін ортақ база жасауға тырысқан. Бірақ мамандардан ақпарат ала алмағандықтан базаны толықтыра алмай, 9 мыңнан астам адамның аты-жөнімен ғана шектелген. Егер алғашқы күндері мұндай сервистік база жұмыс істегенде көп адамдар қиналмай базаға кіріп, қажетті ақпарат таба алушы еді дейді ерікті.

Арыс оқиғасы кезінде еріктілер жасаған жоғалған азаматтарды табуға арналған бірыңғай база. Суретте азаматтардың жеке деректері жасырылған.
Арыс оқиғасы кезінде еріктілер жасаған жоғалған азаматтарды табуға арналған бірыңғай база. Суретте азаматтардың жеке деректері жасырылған.

- Біз тек 15 қана пунктімен ғана жұмыс істей алдық. Ал жалпы саны 43 пункт болды ғой. Басқа пунктердегі ақпаратты базаға қосайық десек, тіпті ақпараттың өзін бермеді. Неге бермейсіздер деп те шулаттық. Біз еріктілер Шымкенттегі жастар ресурстар орталығымен бірлесіп жұмыс істедік. Өйткені алдында еріктілеріміз пунктерге барғанда "бізде бәрі бар" деп оларды қабылдамай қойған, - дейді Бэлла Орынбетова.

Дәл сол күндері Нұр-Сұлтаннан жұмыс істеген ерікті эвакуациялық пунктердегі азаматтарға азық-түлік, киім-кешек, қажетті заттар жеткізу үшін әлеуметтік желіде қаржы жинауға көмектесіп, өзге еріктілермен бірге қаржының да есебін беріп отырған.

Ресми ақпарат көзі тапшы болған кезде Facebook-та құрылған "Арыс. Ақпарат. Жедел көмек" қауымдастығында сәт сайын жоғалған балалар мен азаматтар жайлы, көмекке зәру арыстықтар туралы ақпарат шығып отырды. Еріктілердің айтуынша, осыған ұқсас әлеуметтік желілерде бірнеше топ болған.

АРЫСТА ҚАЛЫП ҚОЙҒАН ТҰРҒЫНДАРҒА КӨМЕКТЕСКЕН ЕРІКТІЛЕР

Еріктілердің сөзінше, "барлық арыстықтар эвакуацияланды" деп ресми ақпарат тарағаннан кейін де қалада қалып қойған тұрғындар болған. Еріктілердің бірі Ғалымжан Оразымбет сондай азаматтардың біріне хабарласқан кезде "тұрғындар жарық сөніп қалды, аш отырмыз, ешқандай көмек келген жоқ" деп шағымданған. Арасында екі күн су ішпеген адамдар да болған.

- Біз облыстық штабқа хабарластық. Төтенше жағдайдан қазір көмек жіберіледі деді. Шамамен бір сағаттан кейін қайта хабарласқан кезде телефон тұтқасын көтерген кісі ашуланып, "сендер телефонмен сөйлесуді ғана ғана білесіңдер, көмек жеткен жоқ" деп балағаттап тастады. Сосын қасыма адамдарды ертіп алып, ас-су апарып бердік. Дәл сол барғанның алдында төтенше жағдай мамандары келіп кеткен екен. Олар теміржолдың арғы бетінде отырды. Ол жақта үйлер аса бүлінбегенге ұқсайды. Кейбір дүкендердің терезелері қираған, - дейді Ғалымжан Оразымбет.

Сарбаздар Арыс көшелерінен жарылғыш заттар жинап жүр. Арыс, 26 маусым 2019 жыл.
Сарбаздар Арыс көшелерінен жарылғыш заттар жинап жүр. Арыс, 26 маусым 2019 жыл.

Жарылыс болған күні және одан кейін Арыс тұрғындарына қанша адамның көмектескені туралы нақты дерек жоқ. Бірақ ол күні көмек қолын созған адамдар өте көп болды дейді оқиға куәгерлері. Күні-түні эвакуация пунктерінде жұмыс істеген бірнеше жүз еріктіден бөлек, әр аумақта жүздеген қарапайым тұрғын барынша пайдалы болуға тырысқан.

Еріктілер мен қарапайым тұрғындар төмендегідей шаруалар атқарған:

  • Арыс тұрғындарын қауіпсіз жаққа жеткізу;
  • Уақытша орынға жайғасуына көмектесу, тіркету;
  • Ата-анасынан адасып қалған балалар мен ересектерді іздеу;
  • Эвакуациялық пунктерді азық-түлік, киім-кешек, қажетті заттармен қамтамасыз ету, сатып алу, тасымалдау, үлестіру т.б;
  • Қаржы жинау;
  • Қала арасында жақындарын іздеген адамдарды көлікпен тасу;
  • Интернетте арыстықтар туралы қажетті ақпарат тарату және т.б

Оқиғаға аймақта тегін тренинг ұйымдастырып жүріп кездейсоқ тап болған еріктілердің бірі, "Қасиетті Жол" қоғамдық қорының өкілі Әйгерім Жұмағалиева алғашқы күннің ауыр болғанын, еріктілердің негізінен WhatsApp-тағы ортақ чаттар арқылы жұмыстарын үйлестіргенін айтты.

- Басында жеті-сегіз адам болды. Содан көбейіп көбейіп, жиырмаға дейін барды. Ол жерде жиналғандардың ары кетсе төрт-бесеуін ғана танимын. Ондай топтар өте көп болды. Ешкім бүйтсін, сүйтсін деген жоқ. Шама-шарқынша үйлестіріп, тезірек көмек беруге тырыстық. Бастапқыда пунктер саны отыз шақты еді. Кейіннен елуге барып жығылды. Қол ұшын беріп көмектесейік деп жүгіріп жүргендер көп болды. Барынша ақпарат бердік. Кейбір пунктерде азық-түлік артылып жатса, бірден жетпей жатқан жерлерді тауып, соларға жеткізуге асықтық, - дейді Әйгерім Жұмағалиева.

Бұған дейін Шымкенттегі эвакуация пунктерінен тікелей эфирде хабар таратқан Азаттық тілшісіне сонда жүрген кейбір арыстықтар "биліктің мардымсыз көмектесіп жатқанын" айтып шағымданған. Ал билік бұл ақпаратты жоққа шығарған еді.

Ерікті Әйгерім Жұмағалиева "биліктен көмек болды, бірақ ол тұрғындарға кешігіп жетті" деп есептейді.

- Екінші күні ме екен, кешке қарай "билік қайда?" деген сұрақ мазалады. Меніңше, биліктің еріктілерден айырмашылығы олар команда күтеді. Олар белгілі бір шешім қабылдамастан бұрын он бастық сол шешімді мақұлдауы тиіс. Ал біздің еріктілердің жылдамырақ қозғалуға мүмкіндігіміз болды. Үшінші күні жергілікті атқару органдарынан сұрастыра бастадым. Осыншама камаз-камаз тауар келіп жатыр дейді, кімге бересіздер деп сұрағым келді. Осы сұрақ жетегімен әуежай жақтағы тауар-логистикалық орталығына барып көрдім. Адамдар тоқтамай жұмыс істеп жатыр. Қоймада байқағаным, өтініш түскеннен кейін қоймадан сол заттарды сұрыптау, табу процесіне көбірек уақыт кететін сияқты. Бұған қоса, қала шетінде орналасқан қоймадан қалаға жеткенше де кемінде екі сағат кетеді, - дейді Әйгерім Жұмағалиева.

Арысқа гуманитарлық көмек. Қарағанды қаласы, маусым айы 2019 жыл.
Арысқа гуманитарлық көмек. Қарағанды қаласы, маусым айы 2019 жыл.

Шымкентке ерікті болып барған алматылық азаматтардың бірі Жандос Сейіт алғашқы күндерден бастап "республиканың түкпір-түкпірінен Шымкентке гуманитарлық көмек" ағылғанын айтады. Алматыда жиналған азық-түлік, заттарды өзге еріктілермен бірге біз де қалаға жеткіздік дейді ол.

- Күлкі көрмей, ұйқы көрмей көмектесіп жүргенімізге 3-4 күн болды. Қазір Түркістан облыстық әкімдігі жанындағы корпоративтік қор жігіттеріне көмектесіп жатырмын. Пунктерді аралап, өтініштерін жинап, қажетті заттармен қамтамасыз еттік. Бәріміз жұмыла істеп, бір ұжым сияқты болып кеттік. Мұндағы жігіттерге дән ризамын. Оқиғаға шын жаны ашып, тауар кешігіп жатса, алаңдап, жұрт аш қалмасын, киімсіз қалмасын деп барынша жедел көмек беруге тырысып жатыр. Биліктің жақсы қимылдап жатқанына өз басым куә болдым, - дейді Жандос Сейіт маусымның 27-і күні.

Азаттық сұхбаттасқан кейбір еріктілер материалдық жағынан қиындық болған жоқ, тек моральдық-психологиялық жағынан қиындықтар болды, кейбір жерде жұрт "еріктілерге мемлекет ақша төлеп отыр деп ойлап", қысымға алған дейді. Шымкенттегі базарлардың бірінде азық-түлікке таласқан халықты сабырға шақырған "кейбір еріктілердің соққыға да жығылғаны" хабарланды.

Жастар ресурстар орталығының өкілі, ерікті Данияр Алан сол күні ақпарат алуда еріктілердің көп қиындықтарға кезіккенін айтып, мысал келтірді.

- Қала әкімдігі жоғалғандар бойынша бір нөмірді көрсетті. Төтенше жағдай нөмірі ғой деймін шатыспасам. Ол жерде бір ғана нөмір бар екен. Бір адамға көмектесу үшін 15 рет хабарласып, әрең түстім. Бұған қоса олардағы ақпарат біздегімен сәйкес емес. Мысалы, 87 мектепте сағат 10-да ата-анасыз үш бала отырған. 11-лерде ата-анасы табылып, алып кетті. Сағат 12-лерде бір қызды жоғалттым деген тұрғынның шағымына байланысты хабарласып едім, 87-мектепке барыңыз үш бала отыр деп ескі ақпаратты берді. Яғни оларға ақпарат жетпеген, - дейді ол.

Ерікті Ғалымжан Оразымбет алғашқы күндері фейк ақпарат, сыбыстар тым көп таралғанын, ресми ақпарат жетіспегенін алға тартады.

- Ресми ақпарат көп шықпағаннан кейін әлеуметтік желіде "дезинформациялар" көбейіп кетті. Әлі толық жарылмаған екен. Енді үлкендері жарылса, бүкіл Шымкент кетеді екен деген сыбыс тарады. Менің таныстарымның ішінде қазір Шымкент жарылады екен деп тауға қашқандар да болды. Теріске шығарған ақпараттар кешірек жетті, - дейді ерікті.

Азаттық тілшісі төтенше жағдай министрлігінен әзірге жауап ала алмады.

Ерікті Данияр Алан қалада 5-6 мың ерікті бар екенін, егер олардың жұмысы дұрыс ұйымдастырылғанда үлкен күш болар еді деп санайды. Оның айтуынша, бұл жолы ары барса 300 ерікті күндіз-түні жұмыла көмектескен.

Данияр Аланның айтуынша, аудандарға жіберілген кейбір арыстықтарға мүлде көмек жетпеген. WhatsApp-та өзара біріккен еріктілер Леңгір ауданына барып, сондағы ауылдарға жіберілген 200 шақты арыстыққа азық-түлік апарғанынан хабарым бар дейді ол.

Шымкенттегі арыстықтарға көмектесу үшін Алматыдан да бірқатар блогерлер, жастар барған. Сондай жастардың бірі, кітап басу бизнесімен айналысатын Бақытжан Бұқарбай Шымкентте бір күн ерікті болған. Сапарынан кейін ол Facebook-та еріктілер жұмысына байланысты ойларымен бөліскен.

"Еріктілер көмегін орталықтан үйлестіру жетіспейді, соның салдарынан еріктілер жұмысының тиімділігі төмендеді. Шымкентке келгеннен кейін бостан-босқа екі сағатымды жоғалттым, себебі ешкім ештеңе білмейтін болып шықты: төтенше жағдай мамандары да, әскерилер де, полицейлер де, басқалар да. Оқиға орнында біраз сұрастыруға тура келді, бірақ қала жағдайын білмейтін, бұрын соңды ерікті болып көрмеген мен сияқты адамның жоғалған апаны табуға көмектесе алуымды сәттілік деп санаймын" деп жазған.

Ол еріктілерге мемлекет тарабынан сәл де болса жағдай жасалу қажеттігін айтып, Шымкент шенеуніктерінің азаматтармен "дөрекі" қарым-қатынасын сынаған.

24 маусым күні таңертең Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасында алдымен өрт шығып, кейін жарылыстар болған. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жарылыстан үш адам мерт болып, 160-тан астам адам зардап шеккен.

Қазақстан үкіметінің хабарлауынша, жарылыс болған күні 39 мың адам өз күшімен қаланы тастап шыққан, 3500 адам Түркістан облысы әкімдігі ұсынған автобустармен Шымкентке жеткен. Түркістан облысы әкімдігінің мәлімдеуінше, Шымкентте қырыққа жуық, облыстың басқа аудандарында жиырмадай эвакуациялық пункт жұмыс істеген. Бұған дейін тұрғындар билік көмегінің мардымсыз екенін, халықтың көбірек көмектескенін айтқан. Ал Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов "биліктің көмегі мардымсыз болды" деген ақпаратты жоққа шығарған.

Маусымның 28-і күні көрші елді мекендерді уақытша паналаған арыстықтар үйлеріне оралды.

Облыстық төтенше жағдай департаменті жарылыс салдарынан қаладағы үйлердің 80-85 пайызының шатыры тесіліп, терезелері сынғанын хабарлады. 26 тұрғын үй, 20 шақты шаруашылық нысаны өртенген. Жергілікті билік үйлері жарамсыз болып қалған тұрғындар қала мектебіндегі уақытша паналау орталығына орналасатынын хабарлады. Билік жарылыс салдарынан үйлері бүлінген тұрғындарға үйлерін қалыпқа келтіруге көмектесетінін мәлімдеген.

Қарай отырыңыз: Арыс тұрғындары үйлеріне қайтты (28 маусым 2019 жыл).

Арыс тұрғындары үйіне қайтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:58 0:00

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG