Қыркүйектің басында әлеуметтік желіде Ақмола облысы Атбасар қаласындағы түзеу колониясында түрме қызметкерлері жазасын өтеп жатқан бірнеше адамды резеңке таяқпен ұрып-соққаны көрсетілген видео тарады.
Азапталғандардың бірі – 38 жастағы Тимур Дәнебаев 2022 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Қаңтар оқиғасы кезінде "Алматының өзіне 20 мың бандит шабуыл жасады" деген сөзі үшін жауапқа тартуға талпынған (Тоқаевтың шетелде дайындықтан өткен "бандиттер" мен "террористер" туралы мәлімдемесі Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан әскери көмек сұрауына негіз болған) белсенді ретінде көпшілікке танылған. Дәнебаевтің пайымдауынша, Тоқаев "көрінеу жалған ақпарат" таратып, оның аяғы "ауыр салдарға" әкелген. Ресми мәлімет бойынша, былтырғы Қаңтар оқиғасында 238 адам қаза болған.
Сот Дәнебаевтың президент Тоқаевтың үстінен жазған арызын қарамады, бірақ бірнеше айдан кейін белсендінің өзі тергеу абақтысынан бір-ақ шықты. Оған Ресейдің Украинаға әскери басқыншылығын айыптап әлеуметтік желіге жариялаған постыларында "ұлтаралық араздық қоздырған" деген айып тағылды. Биыл жазда қазақстандық құқық қорғаушылар азаматтық белсенді Тимур Дәнебаевты саяси тұтқындар тізіміне қосты (Ресми Астана елде саяси тұтқындар бары, азаматтар саяси астармен қудаланатыны туралы айтылғанның бәрін терістейді).
Атбасар түрмесіндегі азаптау туралы видеолар жарияланғаннан кейін, "Мы против пыток" ("Біз азаптауға қарсымыз") қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, құқық қорғаушы Елена Семенова 5 қыркүйекте Атбасардағы ЕЦ 166/4 түзеу мекемесіне кіріп, қамауда отырған Тимур Дәнебаевпен кездескен. Азаттыққа берген сұхбатында Семенова Дәнебаевтың қазіргі жағдайы, түзеу мекемесіндегі ахуал туралы айтты.
– Атбасар түрмесінде қамаудағы адамдарды әжетхана жумағаны үшін ұрып-соққан видеолар көпшіліктің жанын түршіктірді. Қылмыстық атқару жүйесі комитеті "қызметтік тексеру бастағанын" хабарлағанымен, таяқ жеген адамдардың жағдайы туралы ауыз ашпады. Сіз колонияға барып шығыпсыз, қамаудағылардың жағдайы қалай екен?
– Тимур Дәнебаевпен кездестік, денсаулық жағдайы әрі-сәрі күйде. Психологиялық тұрғыда басылып қалған. Бұрын-соңды бұл жүйеде ешқашан болып көрмеген, оны басқадай деп елестеткен адам бірден осындай "илеуге" түскен. Ол бұлай болады деп мүлде ойламаған. Бұл оқиға оны шошытып тастаған. Денесіне түскен жарақаттар тіркелді.
Видеодан көргеніңіздей, оны резеңке таяқпен құйымшақтың төмен тұсынан ұрған. Сол жері ашық жараға айналып, бетіне жасыл дәрі жағып жүр екен. Шешін, көрсет деп қолқа салмадық. Өзі солай деді. Айтуынша, басынан кітапқа ұқсас қатты затпен ұрған. Қазір басы да ауырып жүр екен. Томография жасату керек. Миы шайқалған болса, ол өздігінен жазылып кетпейді.
Егер ол бізге сенімхат берсе, біз оны толық медициналық тексеруден өткізуді, дәрігерлік көмек көрсетуді сұрап соның атынан өтініш жазуға мүмкіндік алар едік.
– Сонымен ол жерде не болған? Дәнебаевтың өзі не дейді?
– 20 тамызда Атбасарға кезекті этап келген. Әртүрлі аймақтан шамамен 30 шақты адам. Қазір заң бойынша бұрынғы айрықша режимді алып тастап, колонияны қатаң режимдегі етіп қалдырғандықтан сотталғандардың бәрін режиміне сай мекемелерге ары-бері ауыстырып жатыр. Дәнебаевты Астананың тергеу изоляторынан жеткізген. Келген күні бәрі дұрыс болған. Әдетте этаппен жаңадан келгендерді түрмеге қабылдаған кезде қаталдық танытады. Қаталдық – оларды бойына қорқыныш ұялатып, үрейде ұстаудың әдісі. Ал бұларды қабылдаған кезде олай істемеген, оны өзім сұрастырып, анықтап көрдім. Маған айтуларынша, ешкімді ұрып-соқпаған. Бәрін орналастырып, жайғастырған, ал олар өздерін толғандырған сұрақтарды қойған: темекіні қай жерде тартуға болады, т.б. мәселелер жайлы. Үш күннен кейін оларды камерадан алып шығып, дәлізде соққыға жыққан. Түрме қызметкерлерінің неліктен олай істегені түсініксіз.
– Атбасар түрмесіндегі азаптау туралы видео тарағаннан кейін, Дәнебаевтың былтыр президент Тоқаевты жауапқа тартуға талпынғанын еске алып, тұтқынды былайша азаптап-қорлаудың саяси астары болуы мүмкін деген болжам айтқандар көп болды. Дәнебаевтың өзі бұл оқиғаға қатысты не деп отыр?
– "Сізді айыптаған бапты айтқандар болды ма? Сол бапқа бола ұрып-соққан шығар, бәлкім?" деп Дәнебаевтың өзінен сұрадым, Ол "жоқ" деді. Не үшін сотталғаны жайлы сөз айтылмаған, арнайы құрал (резеңке таяқ) қолданғанда оны бөліп-жармай, өзгелермен бірге ұрып-соғыпты.
– Сонда не үшін ұрған?
– Өзі "сағымды сындыру үшін" деп есептейді. Бірақ үш күннен кейін олай істеудің қандай қисыны бар? Не үшін? Егер алғашқы күні, келе салған бетте жасалса, онда бір айтқанды екі еткізбейтіндей етіп қорқытып алғысы келген ғой дейсің. Ал бірақ үш күннен кейін… ойға сыймайды.
– Түрме қызметкерлерінің арнайы құралдарды қолдануы жөнінде арнайы ереже бар. Нақ осы жағдайда түрме қызметкерлерінің әрекеті заңды ма, қалай ойлайсыз?
– Әрине, заңсыз! Егер сотталған адам жұмыс істеуден бас тартса, бұл оны сабауға болады деген сөз емес. Заңда басқа жолдары бар: оны тәртіп изоляторына қамап қоюға, қамауда ұстау жағдайын қатаңдатуға, "тәртіпке бағынбады" деп үстінен іс қозғауға болады. Арнайы құралдар жаппай тәртіпсіздікке барып, бағынудан бас тартқан жағдайда я адам өміріне қандай да бір қауіп-қатер төнген кезде ғана қолданылады. Ал сотталған адамның жұмыс істеуден бас тартқанынан колонияның тыныс-тіршілігіне я қызметкерлеріне ешқандай қауіп-қатер төнбейді.
– Осы фактіден кейін Ақмола облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы, оның орынбасары, оқиға болған Атбасардағы ЕЦ 166/4 колониясының бастығы қызметінен шеттетілді. Бұл іске қатысы бар 11 қызметкерді жұмыстан босату туралы ұсыныс жасалғаны хабарлады. Прокуратура "азаптау" бабымен іс қозғалғанын мәлімдеді. Түрме қызметкерлерін жауапқа тарту мүмкін бе, қалай ойлайсыз?
– Оларды соттау керек, өйткені қамаудағылардың денесіне түскен жарақаттар түгелдей тіркелді. Екіншіден, олардың кінәлі екеніне видеоайғақтар бар. Азаптауды дәлелдеп әуре болудың да қажеті жоқ. Бәрі бар.
– Қазір Дәнебаев қайда, сол түрмеде ме?
– Түрме әкімшілігі оны "тәртіпке бағынбады" деп жазалап, тәртіп изоляторына жапқан. Бірақ қазір прокуратура ол айыптарды алып тастады. Бірақ Дәнебаев пен тағы екі адам қазір тәртіп изоляторында отыр. Әлгі түрмедегі адамдарды ұрып-соққан видеоға үшеуі де түсіп қалған. Ал өзге сотталушылар камераларда отыр.
ПІКІРЛЕР