"Атажұрт еріктілері" ұйымы 2017 жылдан бері Шыңжаңдағы аз ұлттарға жасалған қысым мәселесін көтеріп, олардың шағымдарын құжатқа түсірумен айналысып келеді.
Ұйым кеңсесінде өткен жиындарда "Қытайдағы "қайта саяси тәрбиелеу лагерьлерінде" қамауда отырғандардың туыстарының арыз-шағымдары айтылып, Қытай билігі қойған шектеулерге байланысты отанына жете алмай отырған этникалық қазақтар мәселесі де айтылып жүр.
Осы аптада "Атажұрт еріктілері" ұйымы Алматы қаласы әділет департаментінде тіркелгенін хабарлады. Ұйым бұған дейін бірнеше рет өтініш бергенімен "құжаттарының дұрыс еместігіне" байланысты тіркеле алмаған. Сол үшін "Атажұрт еріктілері" қыркүйек айында департаментті сотқа берген, ал тіркеуден өткені белгілі болғаннан кейін арызын қайтарып алған.
Ұйымның бұрынғы жетекшісі Серікжан Біләш (құжат бойынша - Бияш) 2019 жылғы наурыз айында "әлеуметтік алауыздық тудырды" деген айыппен бірнеше ай Нұр-Сұлтанда үйқамақта отырды. Оның ісіне халықаралық ұйымдар реакция білдірді. Қазақстанның әр жерінде Біләшті босатуды талап еткен акциялар өтті. Тамыз айында Алматы қаласы Әуезов аудандық соты белсендіні қамаудан босатып, 110 мың теңге (шамамен 288 доллар) көлемінде айыппұл салды. Оны қоғамдық ұйымды басқару құқығынан жеті жылға айырды.
2017 жылдың көктемінен бастап Қытайдың Шыңжаң аймағында этникалық азшылықтарға, соның ішінде этникалық қазақтарға да қысым көрсетіліп, "саяси лагерь" аталған жаппай қамау орындары пайда болғаны туралы хабар тарай бастаған. Қытайдан оралған этникалық қазақтар Қытайға Қазақстаннан жолаушылап барғанда қайта алмай, кейбірі саяси лагерьге алып кеткені жайлы шағымданған.
Өткен жылы БҰҰ Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін Қытайдың солтүстік-батысындағы "саяси тәрбие лагерлерінде" ұстап отырғаны туралы мәлімдеген. Бастапқыда мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын" орталықтар деп атаған.
АҚШ пен Батыс елдері Пекиннің Шыңжаңдағы саясатын "аз ұлттардың мәдениеті мен дінін жою амалы" деп атады. Жақында АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерімен кездесуінде Пекиннің этникалық ұйғырларды Қытайға қайтару туралы талабын орындамауға шақырды.
AzattyqLIVE тікелей эфирінде ресми тіркелген "Атажұрт еріктілері" қоғамдық ұйымының қазіргі басшысы Ербол Дәулетбекұлы мен ұйымның бұрынғы жетекшісі Бекзат Мақсұтханұлы пікір таластырды.
ПІКІРЛЕР