Accessibility links

Бұрынғы әскери "терроризмді насихаттау" айыбымен келіспейді


"Терроризмді насихаттау" айыбы тағылған Бақтығали Қалдыбеков Алматы гарнизоны әскери сотында отыр. Алматы, 14 маусым 2019 жыл.
"Терроризмді насихаттау" айыбы тағылған Бақтығали Қалдыбеков Алматы гарнизоны әскери сотында отыр. Алматы, 14 маусым 2019 жыл.

Алматы әскери соты бұрын келісімшарт бойынша қызмет атқарған әскеридің үстінен "Терроризмді насихаттау" бабы бойынша қозғалған қылмыстық істі қарап жатыр. Сараптамада 45 жастағы Бақтығали Қалдыбековтың 2015 жылы әлеуметтік желіге жариялаған жазбасынан радикалды идеялар табылғаны айтылған. Айыпталушы арнаулы қызмет өкілдері оған қарсы арандату ұйымдастырмақ болғаны, бірақ ол жүзеге аспаған соң, қылмыстық істі қолдан құрастырғаны туралы мәлімдеді.

БІР МАЗМҰНДАҒЫ ЕКІ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

Сегіз жыл келісімшарт бойынша әскери қызмет атқарған Бақтығали Қалдыбеков денсаулығына байланысты қарулы күштер қатарынан кеткеніне бір жыл толғанда, 2018 жылдың ақпан айында ұсталған. Іс материалдарына сәйкес, Қалдыбеков арнаулы қызметтің бақылауына әскерде жүрген кезінде ілінген. Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері оны мешітте аңдып, әлеуметтік желідегі парақшасын қарап, компьютерін тексерген.

Өткен жылдың қазан айында Алматының Алмалы аудандық соты бұрынғы әскери қызметкерді "терроризмді насихаттау" бабы бойынша кінәлі деп тауып, алты жыл сегіз айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Төрт айдан кейін апелляциялық сот "Қалдыбековқа тағылған айыпқа сәйкес қылмыс қызмет үстінде жасалғандықтан, істі әскери сот қарауы керек" деп, алдыңғы сот үкімінің күшін жойған.

Осыдан кейін жаңа тергеу басталған. Бұрынғы айыптауды сөзбе-cөз қайталайтын жаңа айыптау актісі жазылып, іс Алматы әскери гарнизоны сотына берілген.

Қалдыбековты бұрынғыша "терроризмді насихаттағаны" үшін айыптағанжаңа сот процесі 2019 жылы сәуірдің 22-сі күні басталған. Қазір іс материалдарымен танысу жүріп жатыр. Алда сот кезіндегі пікірталас, айыпталушының соңғы сөзі және сот шешімі күтіп тұр.

"ҚЫЗЫЛ ДИПЛОМ", ҒЫЛЫМҒА ҰМТЫЛЫС, ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ

Бақтығали Қалдыбековтың анасы, 69 жастағы Данышпан Нұрақова ұлының қызыл дипломын мақтанышпен көрсетеді. 2003 жылы Бақтығали Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін "Қазақстан тарихы" мамандығы бойынша үздік бітірген. Бұдан соң ол археологиялық экспедицияларға қатысып, профессор Нұрболат Масановтың жетекшілігімен жұмыс істеген. Данышпан Нұрақованың айтуынша, Масанов дүние салғаннан кейін де Бақтығали біраз уақыт ғылыммен шұғылдануға талпынып көрген. Бірақ бұл ісінен нәтиже шықпаған соң, ол 2009 жылы сержант дәрежесінде келісімшартпен әскери қызметке кіріскен.

Бақтығали Қалдыбековтың анасы әрі қоғамдық қорғаушысы Данышпан Нұрақова ұлының ісі бойынша сот процесінде отыр. Алматы, 10 маусым 2019 жыл.
Бақтығали Қалдыбековтың анасы әрі қоғамдық қорғаушысы Данышпан Нұрақова ұлының ісі бойынша сот процесінде отыр. Алматы, 10 маусым 2019 жыл.

Әскери қызметте жүргенде Қалдыбеков отбасымен бірге Алматыдағы қызметтік жатақханада тұрған. Анасы Данышпан Нұрақова мен әкесі Нұрғали Қалдыбеков Алматы облысындағы Көктал ауылында қалған. Нұрғали Қалдыбеков 2017 жылы қайтыс болған. Дәл сол жылы Бақтығали әскери қызметтен кетіп, тергеу изоляторына түскен.

Бақтығалидың сол аяғы әскер кезінде сыр бере бастаған. Парашютпен секіргеннен кейін ауруы асқынып, кейін созылмалы дертке айналған. Аурудың емін таба алмаған дәрігерлер аяғын тізеге дейін кесуді ұсынған. Бірақ Бақтығали мен туыстары оған келіспеген. Данышпан Нұрмақованың айтуынша, қазір Бақтығалидың өкшесінен шабына дейін қара дақтар пайда болған. Анасы ұлының жағдайын кешенді медициналық комиссияның қарауына ұсыну мүмкін болмай отырғанын айтады.

- Бақтығалиды түрмеге отырғызса, ол жарты жылдан артық уақытқа шыдамайды. Абақтыдан құтылса, бірнеше жыл өмір сүріп, балаларыма аз да болса көмегім тиер деп үміттенеді. Ол – өте сауатты адам, - дейді айыпталушының анасы.

Бақтығали Қалдыбековтың төрт жасөспірім баласы бар. Үлкен қызы 9-сыныпқа көшкен, кіші ұлы – үш жарым жаста. Әйелі үйде бала тәрбиесімен отырғандықтан, жұмыс істемейді. Анасының сөзінше, Бақтығали Калдыбековтың отбасы асыраушысыз қалып, келіні жалдамалы пәтер ақысын төлеуге, азық-түлік алуға ақша таппай отыр.

Келініме балаларды алып, Қостанайдағы ата-анаңның қолына барып, уақытша тұрсаң деп қолқа салдым. Сөзімді екі етпеді. Енді немелерім күнде "сағындық" деп хабарласады.

- Мен аз зейнетақыма Бақтығалидың отбасын асырай алмаймын. Өзіме қарайтын бір адам керек. Сондықтан өткен жылы кіші ұлым Айтқали мені Алматыға өзінің жанына көшіріп алды. Келініме балаларды алып, Қостанайда тұратын ата-анаңың қолына барып, уақытша тұра тұрсаң деп қолқа салдым. Сөзімді екі етпеді. Енді немелерім күнде "сағындық" деп хабарласады. Үлкен немерем "Колледжге түскім келеді. Әкемді көріп, кеңес алсам деймін" деп жылайды. Бәріміз бір-бірімізді сағындық. Құдай қаласа, жазда олар біздің қолымызға келеді. Айтқалидың шағын пәтеріне сонша адам сыймайды, сондықтан оларға пәтер жалдауға тура келеді, - дейді Данышпан Нұрмақова.

Бақтығали Қалдыбековтың қоғамдық қорғаушысы болып жүрген анасы Алматының сыртындағы тергеу абақтысында отырған ұлын көруге бара алады. Ұлымен кезекті кездесуден келген қарт әйел денсаулығы нашарлап, түрмеге зорға жеткенін, бірақ қан қысымы көтеріліп кеткендіктен, ұлын көре алмағанын айтты.

АЙЫПТАУ МЕН НЕГІЗДЕУ

Айыптаушы тараптың дерегінше, Бақтығали Қалдыбеков "ислам дініндегі радикалды ағым ықпалына түсіп, демократиялық қоғамның, оның ішінде Қазақстан мұсылмандарының өмір салты мен дүниетанымы ислам үстемдік құрған қоғамның сипатына сәйкес келмейді деп ойлап, <…> радикалды ислам идеологиясын насихаттауды қолға алған". 2015 жылы ол "ВКонтакте" әлеуметтік желісінде "Бақтығали Қалдыбеков" парақшасын ашқан. 2015 жылы шілденің 12-сі күні өзі интернеттен алған, "ULM-4iSTq9A" деп аталатын мәтін жариялаған. Айыптаушы тарап сарапшылар қорытындысына сүйеніп, мәтіннің мазмұны терроризмді насихаттауға негізделген деп есептейді.

Іс материалдарына сәйкес, әлеуметтік желідегі мәтінді бірнеше куәгер ғана тапқан. Өз кезегінде қорғаушы тарап пен айыпталушы Қалдыбеков бұл жазбаны табу үшін мұқият іздеу керегін алға тартып, ұсынылған дәлелдерге күмәнмен қарайды. Олар сондай-ақ мәтінді терроризмді насихаттау деп тапқан сарапшылар пікірімен келіспейді.

Прокурор Дәулет Қожахмет Бақтығали Қалдыбековтың ісі бойынша сотта сөйлеп тұр. Алматы, 21 маусым 2019 жыл.
Прокурор Дәулет Қожахмет Бақтығали Қалдыбековтың ісі бойынша сотта сөйлеп тұр. Алматы, 21 маусым 2019 жыл.

Айыптаушы тарап Бақтығали Қалдыбеков әскери қызметте жүргенде жанынан тастамаған қатқыл дискіден және оның ноутбугінен "терроризм мен экстремизмді насихаттау материалдары" табылғанын айтады. Іс материалдарында Бақтығали Қалдыбеков әскери барлау басқармасының назарына іліккеннен кейін, құжаттарды арнаулы қызмет өкілдері қолға түсіргені жазылған.

Іс материалдарында "Қалдыбековпен бірге әскери қызметте болған азаматтармен профилактикалық әңгіме жүргізу кезінде айыпталушы жұмыс орнында басқалардан жасырын түрде діни рәсімдерді орындайтыны (қызмет кабинетінде намаз оқыған) және мешітке жиі баратыны анықталған" делінген. Сотта куәгер болған, Алматыдағы үш әскери бөлімшеде барлау қызметімен айналысқан офицер Тоқсанғазин "Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті қызметкерлері оперативті-іздестіру шаралары кезінде Қалдыбековтың мешітте намаз оқыған сәтін сырттай бақылап, оның құлшылық жасау әдісі деструктивті бағытқа жатады деп тапты" деді.

Тоқсанғазин сотта 2016 жылы әріптестерінің бірінен Қалдыбековтың жұмыс орнында намаз оқитынын және үнемі өзімен бірге қатқыл диск алып жүретінін естігенін айтты. Тоқсанғазин ары қарай өз басшылығымен Қалдыбековтың сөмкесіндегі қатқыл дискті жасырын қолға түсіру және ұялы телефонын тексеру операциясы жүргенін мәлімдеді.

Айыптаушы тарап қатқыл диск пен ноутбуктегі құжаттарды Қалдыбеков тарату мақсатында сақтаған деп санайды.

АЙЫПТАЛУШЫ МЕН АДВОКАТТЫҢ УӘЖІ

Айыпталушы Бақтығали Қалдыбеков пен оның адвокаты Мұрат Қалымбетов, ұлына қоғамдық қорғаушы боп жүрген анасы айыптауларды "негізсіз және ойдан шығарылған" деп есептейді.

Бақтығали Қалдыбековтың (оң жақта) адвокаты Мұрат Қалымбетов сот отырысы кезінде. Алматы, 17 маусым 2019 жыл.
Бақтығали Қалдыбековтың (оң жақта) адвокаты Мұрат Қалымбетов сот отырысы кезінде. Алматы, 17 маусым 2019 жыл.

Қорғаушы тарап заттай деректерді қолға түсіру мен тіркеу заңсыз жүрген деп санайды. Олардың пікірінше, куәгерлер берген түсініктемелердегі қайшылық пен сотта негізгі куәгерлерден жауап алуға рұқсат бермеу істің қолдан ұйымдастырылғанын дәлелдейді.

Қорғаушы тарап арнаулы қызметтің қатысуымен Қалдыбековтың үстінен қылмыстық іс 2018 жылы қозғалғанына, ал әлеуметтік желідегі мәтін одан үш жыл бұрын жарияланғанына назар аударады. Қалдыбеков 2016 жылы өз соңына бақылау қойылып, оперативті-іздестіру шаралары жүргенін айтады. Бірақ не 2015, не 2016 жылы оған қарсы қылмыстық іс қозғалмаған.

Қорғаушы тараптың топшылауынша, 2017 жылы арнаулы қызмет өкілдері Қалдыбековты қатыстыру мақсатында соңы кісі өліміне әкеп соқтыруы мүмкін теракт ұйымдастырмақ болған. Бірақ Қалдыбеков арнаулы қызметтің ойын әшкерелеген соң, тергеуге іліккен.

Бақтығали Қалдыбеков тұтқында болғанда арнаулы қызметтің жүзеге аспай қалған арандату туралы мәлімдегенін, осыдан кейін ҰҚК қызметкері оған қоқан-лоқы көрсеткенін айтады. Қалдыбеков бұл туралы әртүрлі мекемелерге, оның ішінде бас прокуратураға шағым жазған. Оған "арнаулы қызметтің С. есімді қызметкері түрмеге келушілер қатарынан табылмады" деген ресми жауап келген. Бірақ әскери сот іс материалдарын қарау кезінде, С. есімді азамат тергеу мекемесінде Қалдыбековпен кездескенін жоққа шығарған жоқ. Бірақ оның Қалдыбековке қысым көрсеткені туралы түсініктеме зерттелмей қалды.

Бақтығали Қалдыбековтың ісін қарап жатқан Алматы гарнизоны әскери сотының судьясы Ралат Болатхан. Алматы, 10 маусым 2019 жыл.
Бақтығали Қалдыбековтың ісін қарап жатқан Алматы гарнизоны әскери сотының судьясы Ралат Болатхан. Алматы, 10 маусым 2019 жыл.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫ ПІКІРІ

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның басшысы Евгений Жовтис бұрынғы әскери қызметкер Бақтығали Қалдыбековке қарсы айғақ жинау әдісі "кішкентай торы бар ауды пайдаланып, заңсыз балық аулауды еске салады" дейді.

- Нәтижесінде, бәрі бұрынғы әскери қызметкердің ісіндегідей ізге түседі. Ұлттық қауіпсіздік комитеті құлшылық жасау әдісі деструктивті десе, оған қатысты қандай пікір айтуға болады? "Құлшылық жасау әдісі" дегені несі? "Деструктивті құлшылық әдісі" деген не? Қазір қолданыстағы заң ірі балықты ғана емес, артық айласы жоқ шабақ балықтарға дейін ұстап, ресми мешіт ұстанатын бағыттан бөлек, басқа ағымдар арасынан да діни белгілер табуға тырысатынын көріп отырмыз. Оның салдары осылай болады. Бізде басқа ағымдардың тіркелуі қиын, олар терроризм не басқа да зорлық-зомбылықтан аулақ жүрсе де, үнемі қысымға ұшырайды, - дейді Жовтис.

Құқық қорғаушы Жовтис бұрынғы әскери қызметкер, сарапшылар "терроризм мен экстремизмді насихаттау құралы" деп таныған материалдарды сақтағаны үшін айыпталып отырғанына назар аударады. "Экстремизм" ұғымының шекарасы нақты белгіленбегендіктен, басқаша ойлап, оқшау көзқарас пен тұжырым таратқан кез келген адамды экстремизммен айналысты деп айыптауға болады" дейді құқық қорғаушы. Ол Қазақстандағы күш құрылымдары 2016 жылғы қарулы шабуылдан кейін діни азшылық өкілдеріне бұрынғыдан да қатаң қарай бастағанын айтады. Ол кезде Алматы мен Ақтөбеде болған қанды оқиғаларға билік "діни радикалдарды" кінәлаған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG