Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың жеке қоры мамырдың 31-інде Қазақстанда атап өтілетін сталиндік репрессия құрбандарын еске алу күніне орай ашаршылық туралы Сара Камеронның қазақ жеріндегі ашаршылық туралы еңбегін қазақ тілінде басып шығарды. Азаттық бұл кітаптың тарихи маңызы, жаңалығы мен аудару мақсаты туралы жоба авторларымен сұхбаттасты.
“Ашаршылық жылдары мен есімді біліп қалған жас бала болатынмын. Бала болсам да, ауылдағы асыра сілтеушілікті ұмыта алмаспын, сірә. Сол кез есіме түссе, сай-cүйегім сырқырайды…”
Америкалық тарихшы Сара Камеронның “Аштық жайлаған дала. Ашаршылық, озбырлық және Кеңестік Қазақстанды орнату” (The Hungry Steppe. Famine violence, and the making of Soviet Kazakhstan) кітабы сол жылдардың сұмдығы әлі көз алдынан кетпеген Әлжаппар ақсақалдың әңгімесінен басталады.
Кітап 1931 жылы басталып, 1933 жылы бәсеңдеген, кейбір деректер бойынша, 2 миллион 200 мың адам қырылған ашаршылық себебіне, оған кім кінәлі екеніне және қазіргі ұрпақтардың тарихи жадында оның қалай сақталғанына жауап іздейді.
Кітаптың ағылшын тілінде жазылған түпнұсқасы 2018 жылдың соңында жарық көріп, АҚШ-та 2019 жылы қаңтарда таныстырылған. Бұған дейін Азаттыққа сұхбат берген автор Сара Камерон қазақ даласындағы ашаршылықты зерттеу әуестіктен басталып, 10 жыл өмірін арнаған іске айналғанын айтқан. Автор зерттеуіне Батыста Қазақстандағы “аштық жайлы еңбектің аздығы түрткі болды” дейді.
Азаттық саясаттанушы, баспагер Досым Сәтпаевпен, кітап аудармашылары — Cәуле және Зәуре Батаевалармен және кітап авторы Сара Камероннан бұл еңбектің көздегені, маңызы мен жаңалығы туралы сөйлесті.
“АШАРШЫЛЫҚ ТАҚЫРЫБЫН АЙНАЛЫП ӨТУ”
Азаттық: Досым мырза, баспагер ретінде аударуға бұл еңбекті таңдауыңызға не түрткі болды?
Досым Сәтпаев: 2018 жылы АҚШ сенаты украин жеріндегі 1932-1933 жылдардағы аштықтың 85 жылдығына орай қарар қабылдады. Бірақ онда Қазақстанда болған 30-жылдардағы аштық туралы ештеңе айтылмаған. Әлем қазақ трагедиясы жайлы не ештеңе білмейді, не оны себебі мен салдарына дұрыс баға бермейді. Сара Камерон Қазақстандағы аштық туралы Америка конгресінде алғаш сөйлеген батыс зерттеушісі сияқты. Қазақ жеріндегі аштық басқаларынан еш кем түспеді, тіпті салдары әлдеқайда қорқынышты болды.
Бұл еңбектің басқа зерттеулерден мынадай бір ерекшелігі бар. Ашаршылық себептерін автор 19-20 ғасырда Ресей мен Украина шаруаларын қазақ жеріне жаппай қоныс аударта бастаған кезден іздейді. Бұл қазақтың көшпелі өмірі салтына әсер ете бастады. Бірақ тап осы советтік индустрияландыру мен ұжымдастыру көшпелілер мен олардың өмір сипатын 30-жылдары ашаршылыққа алып келген идеология жолында құрбан етті. Сара Камерон кітабында бұл трагедия қазақтардың ұлт ретіндегі болмысына қалай әсер еткеніне назар аударады. Қазақтар күрт азайып кеткен соң мәдениет, дәстүр мен тілдің де жойылып кете жаздады. Сара кітабында “жұртты барынан айырған, бұрын қалыптасқан әлеуметтік құрылымдарды бұзған ұжымдастыру қазақтардың совет мемлекетіне деген тәуелдігін одан әрі арттырды” деп жазады. Еңбекте “халық аштықтан қалған “жарақаттан” кейінгі совет жылдарында да арыла алмады” дейді.
Бұл кітап — өткеннің идеологиялық пердесі мен бүгінгі саяси ахуал мейлінше жасырған ақиқатты ашуға деген ұмтылыс. Тарихи жадымызды, шежіреміз бен салт-дәстүрлерімізді там-тұмдап қалыпқа келтіріп жатырмыз. Жастар қазақ халқының тарихындағы ең сұмдық оқиғаларды ұмытпауы керек. Әсіресе Сталиннің жеке басын ұлықтап, қаһарман етіп көрсету бойынша қарқынды насихат жүріп жатқан тұста бұл маңызды. Қазір Сталин Ресейде танымалдығы бойынша бестікке кіреді. Бұл — саяси репрессия салдарын жұмсартып көрсету мен Қазақстан, Украина және Совет одағының басқа аумақтарындағы аштық апатына көз жұма қарау бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесі. Биліктегі идеологтар тағы да тарихты саяси конъюктураға бейімдей өзгерте жазғысы келеді.
Азаттық: Қазақстан билігі ше?
Досым Сәтпаев: Біздің билік тарих туралы айтса да, бірнеше ғасыр бұрынғы оқиғаларды қозғауға тырысатынын байқадым. Ал 20 ғасырдың бірінші жартысындағы тарихты айналып өткісі келеді. Бұған қазіргі билікте совет идеологиясын санасына сіңіріп, тіпті мансабын да сол совет жүйесінде бастаған көп адам отырғаны себеп. Қазақстан билігі ашаршылық болғанын мойындаса да, Мәскеуді ренжітіп алмас үшін өз мүддесін ысырып қойып, бұл тақырыпты талқылаудан ұзақ уақыт тартынып жүрді. Алашорданың жүз жылдығын да осы себепті елеусіз қалдырды. Қазір жастардың көбі сталиндік репрессия туралы білмейтіні содан. ГУЛАГ, ҚарЛАГ, АЛЖИР (Cовет өкіметі саяси репрессия құрбандарын қамаған еңбекпен түзеу лагерьлері – ред.) жайлы хабарсыз. Әлемнің украин голодоморы жайлы көбірек естіп, қазақ жеріндегі аштық туралы өте аз білуі Қазақстан билігінің 30-жылдардағы аштықты геноцид деп тануды көтере алмауынан. Мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты әділдік орнатуға шақырып, алдыңғы президенттің істемегенін істеуге шақырамын. Алдымен ашаршылықты геноцид деп танысын. Мемлекет деңгейінде тарихшылармен бірлесіп, аштық құрбандарының деректер базасын жасақтау керек. Қазақстанда аштықтан зардап шеккен ата-бабасы туралы ақпарат білетін отбасы көп деп ойлаймын. Солардан көзі тірі кезінде ақпарат алып қалу керек.
Кітаптан үзінді
...Ашаршылықтан аман шыққандар кеміргіштер мен жабайы шөптерді жегенін немесе масақ деп аталатын жиналған астық қалдықтарын жинап алу үшін егістік жерлерді аралағанын есіне алады... [Балалар мен шынайы ашыққандар] көрпенің жүнін отқа қақтап шайнайды, төсектеріндегі былғары біткенді суға толы табаққа салып, содан кейін оны жейді.
Тағы бір ұсыныс — жыл сайын Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні Қазақстан бойынша бір жүйенің, бір режимнің құрбаны болған миллиондаған адамның рухын аза тұтып, бір минут үнсіздік жариялау. Бір минут үнсіздік — ашаршылық құрбандарын ұмыт қалдырып келген ондаған жылды өтеу үшін біз істей алатын нәрсенің кішкентай бір ғана бөлігі.
Кітап аудармашылары Сәуле Батаева мен Зәуре Батаева еңбекті аударуға сегіз ай кеткенін айтады.
“АЯҚТАЛМАҒАН ЖОБА”
Азаттық: Кітапты аудару кезінде қандай қиындық болды?
Зәуре Батаева: Тосқауыл көбінесе саяси-әлеуметтік терминологияның тапшылығына байланысты болды. Қоғамтану пәндерін қазақшаға аударғанда қазақ тіліндегі кейбір ұғымдардың ғылыми мағынасы ағылшын тілімен салыстырғанда ауқымдырақ не керісінше тарлау болуы мүмкін. Бұндай жағдайларда қазақ тілінде барынша көп қолданылатын нұсқаларын алдық. Одан басқа, қазақ тілінде қалыптасқан сөз тіркестерін дұрыс қолданудың мәтіннің жалпы сапасына әсері зор екені белгілі.
Мысалы, Сара Камерон алғысөзінде кітаптың ағылшын тіліндегі атауын (The Hungry Steppe) Бетпақдаланың орыс тіліндегі “Голодная Степь” деген атауынан бейімдеп алғанын түсіндірген екен. Орыс тілінен бейімделген атауын қазақ тілінде “Аш дала” деп тікелей аударудан бас тартып, қазақ тілінде қалыптасқан идиомалық сөз тіркесін қолданып, “Аштық жайлаған дала” деген атауға тоқталдық. Кітапта кездесетін жеткізуге өте ауыр оқиғалар суреттелгенде әріптестер тарапынан сәл жұмсартып аударсақ деген ұсыныстар да болды. Бірақ біз келіспедік. Оқиғаны архивтен автор қалай алды, дәл солай қалдырдық. Өйткені біздің аудармашы ретіндегі бас мақсатымыз шындықты қазақ оқырманына жеткізу еді. Кейде архивтерде орыс транскриптінде өзгеріп кеткен атауларды тексеріп, оның түпнұсқалық атауын тауып қайта жазуға тура келді. Ондай жағдайлар әсіресе ру, тайпа немесе адам есімдеріне байланысты көп кездесті.
Азаттық: Бұл кітаптың өзіңіз аударған басқа еңбектерден қандай ерекшелігі болды?
Зәуре Батаева: Қазақ ретінде біз үшін бұл кітаптың үлкен маңызы бар. Әрбір екінші қазақ отбасы сияқты біздің шаңырақ та осы нәубеттің тікелей құрбаны болды. Атамыз бен әжеміз Қытаймен шекарада ОГПУ (Совет өкіметінің құпия полициясы – ред.) оғына ұшқандардың бірі екен. Нағашы аталарымыз “бай” деген жалаға ілініп, 10 жылын сталиндік ГУЛАГ-та өткізді. Бірақ біз бұл жағдайлар жайлы мүлдем өзге, жалған ақпаратқа сеніп өстік.
Сталин режимі 4 мың жылдық тарихы бар көшпенді қоғамның әлеуметтік-экономикалық құрылымын, яғни, рулық ағайындыққа негізделген жүйесін және оның барлық механизмдерін түбегейлі құртуды көздеді, яғни бір халықтың ұлттық болмысын аштан қатыру арқылы жойып қана қойған жоқ, ол қауымдастық өкілдерін 2 тапқа бөліп, бір-біріне қарсы қою арқылы ұлттың өзін өзі жоюына саяси жағдай жасап берді. Бұл науқанның залалды салдары біздің тілімізден мықтап көрініс тапқан — қазіргі қазақ қоғамында кеңінен қолданылатын “бай” сөзінің аса жағымсыз мағынасы осы 1928-1933 жылдары ұлттың жақсы-жайсаңдарына, қазақ зиялыларына қарсы жүрген күрес салдарында пайда болған еді. “Бай” сөзінің мағынасы содан бері қайта қаралған жоқ.
Сара Камерон ашаршылықты қазақ халқы үшін “өтіп кеткен”, енді қайталанбайтын құбылыс деп санамайды. Ол бұл әлеуметтік апаттың біздің халқымызға тигізген зардаптарын зерттеу қажеттілігін күн тәртібіне қойып отыр. Ол оны ашық түрде “аяқталмаған жоба” деп бейнелейді.
Біздің замандас қазақтардың бұл апатты еске түсіруге деген енжарлығы, сондай-ақ, қазіргі қазақтардың өз тіліне қарағанда орыс тілінде сөйлеуге деген құмарлығы бұл нәубеттің қазақ сана-сезімі үшін зардапсыз өтпегенінен хабар береді. Кітаптың 195-бетіндегі “алапат ашаршылықтан әзер есін жиған қазақтардың көпшілігі өздерінің дәстүрлі өмір салттарының құрдымға кетіп жоқ болғанын сонда ғана білді” деген сөйлемді осы зерттеудің квинтэссенциясы десе де болады. Бұл жантүршігерлік әлеуметтік тәжірибенің нағыз салдары немесе көзделген мақсаты да осы “нәтиже” деген болжам жасауға болады.
Кітаптан үзінді
...Қырып-жоюдың физикалық емес жолдарын қамтитын – саяси, әлеуметтік, мәдени және әлеуметтік озбырлықты да геноцид ретінде бағалайтын түпкі нұсқасына сүйенетін болсақ, онда қазақ ашаршылығын геноцид ұғымына жатқызылуы әбден мүмкін. Ұжымдастыру саясаты арқылы Мәскеу көшпенді өмір салтын – қазақ мәдениеті мен болмысының басты ерекшелігі мен белгісін құртуды көздеді.
Кітап авторы Сара Камерон бұл кітапты америкалық аудиторияға жазғанын, еңбегіне Қазақстанда мұндай реакция болар деп күтпегенін айтады. “Бұл Қазақстанда совет кезіндегі оқиғалар жайлы көбірек білуге асық жастар толқыны бар екенін білдіреді” дейді зерттеуші.
“ЖАСАЛМАҒАН ЖҰМЫС КӨП”
Азаттық: Сіздің ойыңызша, Қазақстанның өз ішінде ашаршылық мәселесі қалай зерттеліп жатыр?
Сара Камерон: Қазақстанда ашаршылық 1990 жылдары зерттеуін бастаған ғалымдар толқыны қамтитын тақырып болып қалған. Ол тарихшы ақсақалдардың көзі кетсе, аштықты ғылыми түрде зерттеу қалай жалғасары белгісіз. Жасалмай қалған, маңызы зор жұмыс көп. Мысалы, қазақстандық зерттеушілердің аштық туралы ағылшын тіліндегі есебі жоқ. Қазақстандық зерттеушілер кітабы әлі ағылшын тіліне аударылмаған. Аштықтан қырылған адам санына қатысты терең зерттеу жоқ. Онсыз Қазақстанға ашаршылық қалай әсер еткенін түсіну мүмкін емес.
Азаттық: Қазақ даласындағы аштықтың өзге өңірдегі осындай жағдайлардан не ерекшелігі бар?
Сара Камерон: Қазақ аштығы — заманауи тарихта малшылар арасында болған ең ірі аштықтың бірі. Ғалымдар зерттеген басқа ашаршылықтың көбі отырықшылар арасында болған. Аштық алдында Сталин мен оның айналасындағы жоғары лауазымды шенеуніктерге біраз агроном көпшелі қазақтарды отырықшылыққа көшірудің қауіпті екенін ескерткен. Аштық басталғанда сол мамандардың өзі түрмеге жабылды не атылды.
Ашаршылық — Сталин режимінің ең үлкен қылмысының бірі. Сондай-ақ 20 ғасырдағы ең маңызды оқиғаның бірі. 1,5 миллионнан аса адам көз жұмды. Аштық қазақ халқының болмысын өзгертті.
Кітаптан үзінді
Ашаршылықтан кейін Қазақстан үшін азапқа толы ұзақ қалпына келтіру кезеңі басталды. Аштықтан тірі қалғандардың көбі бұл соққыдан есеңгіреп, жүректе қалған жарақаттан ұзақ жылдар бойы арыла алмады. Ашаршылық кезінде әлі бала болған Ибрагим Хисамутдинов былай деп жазды: “Әлі күнге дейін жан тәсілім етіп бара жатқан адамдардың зар еңіреп көмек сұраған дауыстары құлағымнан кетпейді”...
ПІКІРЛЕР