Accessibility links

Трамптың бұрынғы адвокаты "БТА банктен ақша алған"


Майкл Коэн конгресте тұрған сәт. Вашингтон, 28 ақпан 2019 жыл.
Майкл Коэн конгресте тұрған сәт. Вашингтон, 28 ақпан 2019 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамптың бұрынғы адвокаты Майкл Коэн 27 ақпанда конгреске келіп, куәлік етті. Ол өз сөзінде қазақстандық БТА банктен ақша алғанын айтты. Банк Коэннің сөзін растап, оған қанша ақша төлегенін хабарлады.

Коэннің сөзінше, 2017 жылы қазақстандық БТА банк оны жалдап, бұрын банктен ұрланып, АҚШ-қа жылыстатылған қаржыны кері қайтаруға көмек сұраған.

Конгрессмен Марк Медоуз Коэннен "БТА банктен ақша алдыңыз ба?" деп сұрақты төтесінен қойды. Трамптың бұрынғы адвокаты қазақстандық банктен ақша алғанын мойындады.

"Бұл банктің бұрынғы басшысы 4-6 миллиард доллар ұрлап, қашып кеткен. Ұрланған қаржының жартысы АҚШ-та жатқан. Олар (банк – ред.) менен ұрланған ақшаны тауып, кері қайтаруға көмек сұрады" деді Коэн.

БТА Қазақстандағы активі жағынан ең ірі банктердің бірі болған. Банк 2009 жылы 12 миллиард доллар қарызға батып, дефолт жариялаған. Кейін БТА басқа банкпен бірікті. Ал Қазақстан билігі БТА банктің жетекшісі Мұхтар Әблязовті "миллиардтаған ақшаны ұрлады" деп айыптады. 2009 жылдан бері шетелде тұратын Мұхтар Әблязов тағылған айыпты мойындамайды.

Америкалық Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, БТА банктің АҚШ-та жалдаған адвокаты Мэтью Шварц Коэннің сөзін растаған.

Шварц "Коэн ештеңе істей алмады. БТА банк онымен келісім-шартты бірден үзді" деген. БТА банк Коэнмен 1,8 миллион доллар болатын бір жылдық келісім-шартқа қол қойғанын хабарлаған. Бірақ банк Коэнге екі айлық қызметі үшін 300 мың доллар төлеп, кейін келісім-шартты үзген. Шварцтың сөзінше, Коэн кейін БТА банктен тағы қаржы талап еткен.

"Банк Коэннің ісін тексеру кезінде тергеумен бірге жұмыс істеді" деді Шварц Bloomberg агенттігіне.

БТА банк ісі мен Трамп арасында байланыс бары бұған дейін де айтылған. Қаңтардың басында Дональд Трамптың бұрынғы көмекшісі, Манхэттендегі Trump SoHo жобасымен айналысқан Феликс Сатер Әблязовтің жақындарына Trump SoHo апартаментінен жылжымайтын мүлік сатқаны хабарланған.

Bloomberg агенттігі "Мұхтар Әблязовтің күйеу баласы және Алматы қаласының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың ұлы Ілияс Храпунов электронды хаттарын жойды" деп жазған.

Агенттіктің мәлімдеуінше, Ілияс Храпунов АҚШ-тағы жылжымайтын мүлікке қатысты жасалған, құны бірнеше миллиондаған доллар болатын келісім құжаттарын сотқа бермеу үшін электронды хаттарды жойған.

КОЭН КОНГРЕСТЕ ТАҒЫ НЕ АЙТТЫ?

Майкл Коэн конгрестегі түсініктемесінде Дональд Трампты "нәсілшіл және суайт" деп айыптады.

  • Трамп мырзаның заңсыз істерін жасырғаным үшін ұяламын. Трамп – нәсілшіл әрі өтірікші адам. Трамп "қара нәсілді адамдар маған дауыс бермейді, себебі олар ақымақ" деген еді.
  • Конгреске отбасымнан, АҚШ үкіметінен және барлық америкалықтардан кешірім сұрау үшін келдім.
  • Трамп елдің пайдасына жұмыс істейтін ниеті жоқ. Ол өзін жарнамалап жүр. Президенттік сайлау оған жай ғана PR кампания болды. Ол сайлауда жеңіске жетемін деп ойлаған жоқ. Сайлау кампаниясын бизнесіне жарнама деп ойлады.

Коэн "Трамп сайлау кампаниясы жүріп жатқанда Мәскеуде зәулім ғимарат салу туралы келісімді тоқтатпай, жалғастыра берді" деп айыптады. Коэннің сөзінше, "Трамп Ресейде құрылыс салу келісімін жоққа шығарып, алдаған".

27 ақпанда Трамп Twitter парақшасында Коэннің айтқандарын жоққа шығарды.

"Майкл Коэн менің көп заңгерлерімнің бірі болды (өкінішке орай). Оның менен өзге де клиенттері бар еді. Ол өтірік айтқаны мен алаяқтығы үшін қазір ғана Жоғарғы соттың шешімімен адвокаттық қызметінен айырылды. Трампқа еш қатысы жоқ ойсыз әрекеттерге барды. Ол түрмеде азырақ отыру үшін өтірік айтып отыр. Қиянатшыл заңгер!" деп жазды АҚШ президенті Twitter-де.

КОЭННІҢ ЖАЗАСЫ

2018 жылы желтоқсанның ортасында Нью-Йорктегі Манхэттен федералдық соты Коэнді үш жылға бас бостандығынан айырған. Ол жазасын мамырдан бастап өтейді. Сот Майкл Коэнді Конгреске жалған ақпарат берді, сайлау кампаниясын қаржыландыру жөніндегі заңды бұзды және салықтан жалтарды деп айыптаған.

Тергеу мәліметі бойынша, Коэн екі әйелге "Трамппен ашыналық қарым-қатынасын жасыру үшін" 130 мың доллар пара беру кезінде делдал болған. Ол сонымен қатар конгреске АҚШ президентінің Мәскеудегі құрылыс жобасы жөнінде жалған ақпарат берген.

АҚШ президенті Дональд Трамп.
АҚШ президенті Дональд Трамп.

Прокурорлар "Трамп әйелдерге ақша беру жөнінде Коэнге тікелей өзі тапсырма берген" деп есептейді. Мемлекеттік айыптаушылар президент пен оның адвокаты сайлау кампаниясын қаржыландыру жөніндегі заңды бұзды деп санайды. Заңға сәйкес, төлем жүргізу ашық болуы керек әрі адам басына 2700 доллардан аспауы тиіс.

52 жастағы Майкл Коэн екі айып бойынша да кінәсін мойындады. Ал Дональд Трамп болса бұл іске қатысты айыптарды да жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG