Орталық Азия елдерінде Совет одағы ыдырағаннан кейін биліктің араласуымен құрылған жастар ұйымы бұрынғы комсомол – лениншіл коммунистік жастар одағы сияқты болады деп күтілген. Алайда аймақ елдерінде билікшіл болсын, тәуелсіз болсын, ерекше бағыт-бастамаларымен танылған жастар ұйымы байқалмайды. Үкіметтік емес ұйым ретінде тіркелген жастар бірлестіктері кезеңдік, әлеуметтік шаралармен айналысса, билікшіл ұйымдар, немесе билік партиясының жастар қанаты шар ұшырып, жалау желбірететін жиындарда жүреді.
Осындай жағдайда Совет идеологиясының құралына айналған ұраншыл комсомол ұйымының 100 жылдығы атап өтіп жатқандар да бар. Кезінде осы ұйымды басқарғандар мен ұйымда белсенді болғандар 100 жылдық қарсаңында үндеу таратып, жер-жерде шағын да ірі жиындар ұйымдастырды. Комсомолдың құрылған күні - 29 қазан.
Совет уақытында 14 жасқа толған мектеп оқушылары ұйым жарғысын жаттап, лек-легімен комсомол қатарына қабылданатын. Ұйымға мүшелік 28 жасқа жеткенде тоқтатылып, лайықты деген белсенді жастар Коммунистік партия қатарына өтетін. Комсомолға мүшелерінен алынатын жарнадан бөлек, ұйымға оны қолшоқпарға айналдырған саяси жүйе де ерекше қамқорлық көрсететін.
Қарай отырыңыз: Алматыдағы "комсомолдар тойы"
"РАХМОНШЫЛАР" ҰЙЫМЫН ҚҰРУ ҰСЫНЫСЫ
Тәжікстан жастар ұйымы советтік дәуірдегі комсомолдан кейін соның өзгерген "миссиясын" атқарады деген мақсатпен құрылған бірлестік болатын. Алайда Орталық Азияда тәуелсіздіктен кейін ішкі соғысты өткерген елде жастар ұйымының ерекше белсенділігі байқалған емес.
Тәжікстанда жоғары сынып оқушылары "Сомончиёни чавон" (жас саманшылар, Тәжікстан өзінің мемлекет тарихын саманидтер дәуірімен байланыстырады - Азаттық) деп аталатын ұйымға мүшелікке қабылданады. Ал өткен жылы бір топ мектеп мұғалімдері "Пайрави пешво" (Ұлт көшбасшысының ізбасары) деп аталатын ұйым құруды ұсынған. Бастамашылар бұл ұйым бұрынғы комсомол тәрізді болады, мектептегі "идеологиялық вакуумды" толтырады деп түсіндірген. Тәжікстан білім және ғылым министрлігі сол кезде бұл туралы жан-жақты талқыланатындығын хабарлаған.
"Пайрави пешво" ұйымын құру әрекетін сынайтындар да бар. Олар мұндай жастар бірлестігін құру президент Эмомали Рахмонның жеке басына табыну деп бағалайды.
Азаттық тілшісі "Пайрави пишво" ұйымыны құру ұсынысы бойынша мәлімет алу үшін Тәжікстан білім және ғылым министрлігіне хабарласқанда, мекеме өкілі бұл мәселеге нақты жауап бермеді. Дегенмен ол жастар комитетіне қарасты жастар одағының жұмыс істеп жатқанын айтты. Министрлік өкілінің айтуынша, Тәжікстан мектептеріндегі "Сомончиёни чавон" ұйымы да бұрынғыдай жұмысын жалғастырып жатыр.
Соңғы кездері президент Эмомали Рахмон ресми кездесулерге ұлы, Душанбенің қазіргі мэрі Рустамды да жиі тартатын болған. Ал Рустам Эмомали 2009 жылы 21 жасында Тәжікстан жастар одағы төрағасы орынбасары болып та қызмет атқарған еді.
Тәжікстанда өзге Орталық Азия елдерінен бір айырмашылығы – соңғы жылдары советтік топонимикалық атаулардың барлығы дерлік ауыстырылды. Солардың арасында "Комсомол" атауы да бар.
КАРИМОВТАН КЕЙІН "КАМОЛОТ" ТА ӨЗГЕРДІ
Өзбекстанда комсомолдың баламасы ретінде "Камолот" (кемелдік) қозғалысының аты аталды. Алайда 2016 жылы билікке Шавкат Мирзияев келген соң бұл қозғалыс ұйымға айналды. Өткен жылғы құрылтайда президенттің ұсынысымен қозғалыс атауы "Өзбекстан жастар одағы" болып өзгертілді. Бұған қоса, 30 маусым Өзбекстанда жастар күні ретінде бекітілді.
Өзбекстанда 1993-1996 жылдар аралығында да жастар одағы ұйымы жұмыс істеген. Ал 2001 жылы "Камолот" қозғалысы құрылып, оған 14-30 жас аралығындағы бес миллионнан астам жас мүше болған.
Ресми өмірбаянында көрсетілмегенімен, елдің қазіргі президенті Шавкат Мирзияевтің Ташкент ирригация және мелиорация институтитында комсомол бастауыш ұйымында қызмет еткені айтылады.
Ал Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов "комсомолдар мен пионерлер арасынан лидер шықпады" деген болатын. 2016 жылы жастар алдында сөйлеген сөзінде ол комсомол ұйымын сынап, оны "сатқындыққа даяр" адамдарды тәрбиелеп шығарды деп айыптаған. Өзі совет дәуірінде коммунист болған Ислам Каримов сонда өткеннің қайтып оралмайтынын айтқан.
КОМСОМОЛ-ПРЕЗИДЕНТТІ ҚОЛДАЙТЫН ЖАСТАР ҚАНАТЫ
Комсомолдың 100 жылдығын Ресейден бұрын тойлаған Қазақстанда да Коммунистік жастар одағы жұмыс жасайды. Коммунистік жастар одағы халықтық-коммунистік партияның жастар қанаты болып келеді. Алайда Қазақстандағы саяси партиялардың жастар қанатының ешқайсысы биліктегі "Нұр Отан" партиясымен деңгейлесе алмайды. "Нұр Отанның" "Жас Отан" жастар қанаты биліктің ерекше ықыласына ие.
Осы партияның төрағасы президент Нұрсұлтан Назарбаев 2008 жылы жастар қанатын құруды ұсынып, кейін "Жас Отанның" құрылтай жиынына қатысты. "Жас Отанның" мақсаты ретінде "мемлекет басшысының саясатын қолдау" бірінші аталған.
Қазақстанда Совет дәуірінде билікке келген, қазір 78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев та жас кезінде Теміртау қалалық комсомол комитетін басқарған. Теміртау қаласының да өз кезінде комсомолдық жолдамамен өндіріске келген адамдардың шоғырлануымен қалыптасқаны белгілі.
29 жыл бойы билікте отырған Қазақстан президентінің атында университет, мектеп, көше атауы бар. Іле Алатауындағы Комсомол шыңы да 1997 жылдан бері бейресми түрде "Нұрсұлтан шыңы" атала бастады.
Бұл шыңға Қазақстан президенті шықпаған. Алайда президенттің туған күнімен сәйкес келетін Астана күніне орай бұқаралық альпиниада ұйымдастырылып келеді. Соңғы жылдары 1 желтоқсан – президент күні қарсаңында да альпинистер осы шыңға шығып жүр.
ТҮРКІМЕНСТАН МЕН ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ
Совет Одағы ыдырағаннан кейін Түркіменстанда Мақтұмқұлы атындағы жастар ұйымы құрылды. Бұл ұйым "Галкыныш" (жаңғыру) жалпыұлттық қозғалысы құрамында болды. Ал 2013 жылдан бері жастар ұйымы 125 орындық парламентте сегіз орынға ие.
Жалпыұлттық қозғалысты кезінде "түркіменбашы" Сапармұрад Ниязов басқарған болатын. Кейін оны қазіргі президент Гурбангулы Бердімұхамедов басқарғанымен, ол 2011 жылы "Галкыныш" қозғалысы жұмысын тоқтатты.
Түркіменстанда биыл қаңтар айында жастар саясатымен арнайы айналысатын спорт және жастар саясаты министрлігі құрылды.
Ал совет дәуірінен бері қос бірдей революцияны өткерген Қырғызстанда жастар ұйымы бірнеше жүздеп саналады. Алайда солардың ішінде ондаған ұйымның ғана белсенділігі байқалады. Қырғызстанда комсомол - коммунистік партияның жастар қанаты ретінде белгілі.
Бұған қоса негізінен бұрынғы комсомолдарды біріктіретін "Комсомол" қоғамдық ұйымы да жұмыс жасайды. 2005 жылы құрылған осы ұйым өкілдері биыл мамыр айында үндеу жариялап, комсомолдың 100 жылдығын атап өтуді ұсынды.
Қарт комсомолдар ұсыныстарының арасында совет кезіндегі ГТО кешені аясында дене шынықтыру дайындығын жаңғырту, оқу орындарында интернациональды достық клубтарын құру, студенттік құрылыс отрядтарын жандандыру да бар.
Орталық Азияда билікке жақын жастар ұйымын комсомолдың орнын толтырады, соны баламасы болады деп әспеттегенімен, бұл бірлестіктер билік басындағы бүгінгі басшылардың ғана саясатын қолдайды. Олардың бір кездегі тұтас саяси жүйенің қолшоқпарына айналған комсомолдан жалғыз айырмашылығы да осында болса керек.
(Мақала авторының пікірі Азаттық радиосының ұстанымын білдірмейді)
ПІКІРЛЕР