Орталық Азиядағы интернет қолданушылар Ресейдің Украинадағы басқыншылығын талқылаудан Таяу Шығыстағы соғыс тақырыбына көшті. Бұл өңір басшыларын алаңдатып отыр.
ТАЯУ ШЫҒЫСҚА КӨМЕК ЖӘНЕ МИРЗИЯЕВТІҢ ЕСКЕРТУІ
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев осы апта басында үкімет отырысында жедел мәселе көтерді. Мемлекет басшысы палестиналықтар мен олардың тәуелсіз болу құқығын қорғады. Бұл қисынға сәйкес еместей көрінді. Өйткені екі күн бұрын Ташкентте палестиналықтарды қолдап, демонстрацияға шыққан ондаған өзбек ұсталған еді.
31 қазанда өткен үкімет отырысында Мирзияев Израиль мен ХАМАС арасында соғыс басталғалы бейбіт халықтың қырылғанын еске салды. Ізінше Өзбекстанның БҰҰ-ның гуманитарлық миссиясы аясында 1,5 миллиард доллар көмек жібергені белгілі болды.
Мирзияев палестиналықтарды қолдағанымен, халық наразылық акциясын өткізуге шақырған үндеулерге құлақ асып, провокацияға ермеуі керек деп ескертті.
Орталық Азия басшылары өткен аптада болған оқиғалардан сескеніп қалған сияқты.
29 қазанға қараған түні Дағыстандағы Махачкала әуежайына бір топ адам басып кірді. Олар Израильден ұшып келген азаматтарды елге кіргізбейміз деген ниетпен жиналған.
Солтүстік Кавказ республикалары сияқты Орталық Азия халқының да басым бөлігін мұсылмандар құрайды.
7 қазанда палестиналық ХАМАС тобы Израильге шабуыл жасады. Израиль бұған жауап ретінде Газа секторын бомбалап жатыр. Таяу Шығыстағы дүрбелең Украинадағы соғысты екінші кезекке ығыстырып, басты тақырыпқа айналды.
— Бұл кикілжің бүкіл әлемде талқыланып жатыр. Билік өкілдері радикал топтар мен оппозиционерлер осы мүмкіндікті пайдаланып, халықты жинап алғанын қаламайды, — дейді өңірдегі ислам діні және азаматтық қоғам бойынша сарапшы Ильхам Умарахунов.
ТҮРКІМЕНСТАНДАҒЫ "НАРАЗЫЛЫҚ"
Түркіменстан — Таяу Шығыстағы қақтығыс тақырыбында бейтарап қалған Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет. Шетел ақпарат құралдары Ашғабатта палестиналықтарды қолдау мақсатында наразылық акциясы өткенін, билік наразыларды күшпен таратып жібергенін жазды. Азаттықтың Түркімен қызметі бұл ақпаратты тексеріп, репортажда наразылық өтті деп көрсетілген саябаққа наразы түркімендер жиналғанын растай алмады.
Түркіменстан билігі елдегі ақпарат кеңістігін қатаң бақылауда ұстайды. Жақында билік елдегі хат-хабар алмасатын соңғы мессенджер — IMO-ны бұғаттап тастады.
Азаттықтың Өзбек қызметі жергілікті телеграм арналарда Израиль өнімдеріне бойкот жариялау туралы үндеулер көп екенін анықтады. Эстрада жұлдызы Юлдуз Усманова да Instagram парақшасында осыған ұқсас ақпаратпен бөліскен.
Еш себепсіз бойкотқа ілініп кеткен тауарлар қатарында америкалық Proctor&Gamble трансұлттық компаниясы өндіретін Ariel кір жуғыш ұнтағы да бар. Бұған тауарға Израильдің бұрынғы көшбасшысы Ариэль Шаронның аты берілген деген жалған қауесет себеп болса керек.
Әлеуметтік желіде қызу реакция туғызған оқиғалардың бірі — 17 қазан күнгі Газа секторында Әл-Ахли ауруханасындағы жарылыс. Ақпаратқа қарағанда, жарылыстан жүздеген адам қаза тапқан.
Орталық Азиядағы үш сыртқы істер министрлігі Израильді тікелей кінәламаса да, жарылысты қатаң сынады. Тәжікстан Газа секторына "әуеден бомба тасталғанын", ал Өзбекстан "адам сенгісіз зорлық актісі" болғанын мәлімдеді.
Израиль әскері бұған дейін ауруханаға шабуыл жасағанын жоққа шығарып, ондағы жарылысты Израильге қарай ұшырылып, орта жолда құлаған радикалды топтардың ракеталарының құлауымен байланыстырған. АҚШ барлау қызметінің дерегінше, жарылыстан 100-300 адам қаза болуы мүмкін. Көптеген видеоларды сараптаған Associated Press агенттігі ауруханадағы жарылысқа "Исламдық жиһад" тобы жіберген ракетаның құлауы түрткі болды деген қорытындыға келген. ХАМАС, Палестина автономиясының билігі және бірқатар Таяу Шығыс елдері шабуылға Израильді айыптаған.
Тек Қазақстанның сыртқы істер министрлігі 17 қазан күнгі мәлімдемесінде Әл-Әлхиді айтпаған, алайда Израильді Газа секторының бейбіт халқына зардабы тиетін күш қолданбауға шақырған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 7 қазанда ХАМАС тобының Израильге шабуыл жасап, азаматтарын кепілге алуын да сынаған еді.
Израиль — Қазақстанның сауда серіктесі. Астана дауға айналған Pegasus тыңшылық бағдарламасын да Израильден сатып алған.
Қазақстан Иранның “Израильге мұнай сатылмасын!” деген ұсынысына қосылмаған. Бірақ 27 қазанда БҰҰ-да Израиль мен ХАМАС-ты гуманитарлық бейбіт келісімге шақырған резолюцияны қолдап дауыс берді. Түркіменстан қалыс қалды.
3 қарашада түркі мемлекеттерінің жиынында Тоқаев палестиналықтарға 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек жіберетінін мәлімдеді.
— Кез келген кикілжің бейбіт келіссөз бен дипломатиялық диалог арқылы шешілуі керек. Біз үшін барлық мемлекеттің территориялық тұтастығы мен ішкі ісіне араласпау маңызды, — деді Тоқаев.
“Таяу Шығыстағы шындыққа үлес” (Endowment for Middle East Truth) ұйымының өкілі Джозеф Эпштейн Мирзияевтің ХАМАС-ты сынамауын Өзбекстанның жақын серіктестері Ресей мен Түркияның позициясымен байланыстырады. Қос мемлекет те радикалды топты қолдаған.
Сарапшы мұны Өзбекстанға қауіп көреді.
— Дағыстан сияқты Өзбекстанда да бұғып жатқан экстремизм қаупі бар, — дейді ол.
29 қазанда Ташкентте ұсталған наразылардың көбі айыппұл төлеп, босап шықты. Үш адам әкімшілік қамауға алынған.
Қырғызстан 28 қазанда Бішкекте 100 адамның қатысуымен палестиналықтарды қолдайтын митинг өткізуге рұқсат берді. Әл-Әхли ауруханасындағы жарылыстан кейін бірнеше күннен соң Қырғызстан парламенті бір күндік жалақысын палестиналықтарға көмек ретінде жіберуге келісті.
3 қарашада Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті Таяу Шығыстағы соғыстарға қатысуға тыйым салып, бұл үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
Комитет дерегінше, кейінгі күндері әлеуметтік желілерде Газа секторында жихад жасауға шақырған провокациялық жазбалар көбейген.
ПІКІРЛЕР